Пікірлер

Арандап қалмайық

 Қазіргі интернеттің заманында, әлеуметтік желілердің дамыған уақытында халықты митингіге шақырған, көшеге шығуға үгіттеген хабарлар көптеп таралып жүр. Сондай хабардың бірі – ағымдағы жылғы 22 ақпанда жұртшылықты заңсыз митингіге шақыру.

Мен ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет еткен адам ретінде өз тарапымнан айтарым, біз әрқашан Елбасының, Президенттің айтқандарына қолдау білдіруіміз керек. Себебі біздің таңдаған даму бағытымыз дұрыс, алға жүріп келе жатқан жолымыз айқын. Біздің еліміздегі дұрыс саясатты, оң өзгерістерді көре алмаған кейбір сыртқы күштер митингілер ұйымдастыру арқылы ел арасына іріткі салуға, қоғамдағы бейбіт те тыныш өмірді бұзуға әрекет етуде. Олардың айтқандарына сеніп, арандап қалуға әсте болмайды. Әсіресе жастарымыз кез келген заңсыз әрекеттің артында құқықтық жауапкершілік тұрғанын ұмытпайық.

Өздеріңіз де көріп отырсыздар, халыққа мемлекет тарапынан қолдау болмай жатқан жоқ. Жергілікті әкімдік тарапынан үлкен шаруалар істелуде, әлеуметтік мәселелер шешілуде. Мәселен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үй алуда, көпбалалы аналарға, жетімдерге, толық емес отбасыларға баспана берілуде. Әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша, спорттық нысандар салынып жатыр. Мұны елдің бәрі көріп отыр.

Бұл ретте тағы бір нақтылап айтарым, бүгінгі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен болсын, сырттағы қандай да бір  саяси күштермен болсын ашық диалогқа баруға дайын екендігін мәлімдеді, жергілікті атқамінерлерге халыққа барынша жақын болу, елмен етене бірлесіп жұмыс істеу керектігін атап көрсетті. Қоғамда проблема жоқ емес, бар. Бірақ соны көшеге шығып, елді шулатпай-ақ, бір үстелдің басына жиналып, ортақ талқылап шешуге де болады. Оған ешқандай кедергі жоқ. Кез келген мәселені бейбіт түрде ұжым болып, қоғам болып, халық болып бірлесіп шешуге болады. Сондықтан тағы да қайталап айтарым, қандай да бір заңсыз митингілерге қатысып, арандап, жауапкершілікке тартылып қалмайық. Біздің таңдаған жолымыз бейбітшілік пен ұлтаралық келісім.

Біздің ең басты құндылығымыз – ол Тәуелсіздік. Сол баға жетпес құндылығымызды  сақтай білейік, халық болып қорғай білейік.

Серік Оразбайұлы,

жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы,

Өскемен қаласының Құрметті азаматы  

Осы айдарда

Back to top button