Саясат

Арабтар Алтайға қызығушылық танытты

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Біріккен Араб Әмірліктерінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ибраһим Хасан Сейф мырзаны қабылдады.

Арабтар Алтайға қызығушылық таныттыОблыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Ораза айтының үшінші күні аймағымызға ат басын байлаған елші мырзаға «Шығыс Қазақстан облысына хош келдіңіз» дей келе, қадірменді қонақты ең алдымен Айт мейрамымен құттықтап, осы Ораза айттың құрметіне орай облыс орталығында ашылғалы отырған зәулім мешіттің ашылу салтанатына арнайы келіп отырғаны үшін ризалығын жеткізді.

Иә, тәуелсіздік алғалы Біріккен Араб Әмірліктерінің тікелей қолдау-көмегінің арқасында елімізде көптеген мешіттер бой көтеріп жатыр. Біріккен Араб Әмірліктері Шығыс өңірінің орталығы Өскеменде ашылғалы отырған мешіттің құрылысына да қол ұшын созып, шамамен екі миллион доллардай қаржы бөлген көрінеді.

– Ислам діні – дүниежүзінде ең кең тараған діндердің бірі. Осы орайда Біріккен Араб Әмірліктерінің мешіттер салу жөніндегі жүргізіп отырған саясатын біз дұрыс деп есептейміз. Мешіт – бұл достық пен ынтымақтың, бірліктің мекені, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ибраһим Хасан Сейф мырза да ислам дінінің бейбітшілік, өзара келісім діні екенін ерекше атап өтті. Қазіргі күні әртүрлі діндер осы ислам дінінің аясында бас қосып, айрандай ұйып отыр. Өскеменде ашылғалы отырған жаңа мешіт бұл өңірде ислам дінінің қанат жайып, өсіп, өркендеуіне мүмкіндік бермек екенін айтқан елші мырза жылы қабылдауы үшін облыс Әкіміне үлкен алғысын білдірді.

Екіжақты кездесуде аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ БАӘ-нің облысымызға жасап отырған тағы бір үлкен жақсылығын тілге тиек етті. Қоршаған ортаны сақтап, табиғатты аялауда бұл мемлекет бізге үлкен үлгі-өнеге көрсетіп отырған көрінеді. Қазіргі күні БАӘ-нің табиғат қорғаушыларының көмегімен облысымыздың өңірлеріне табиғатта сирек кездесетін жүзден астам түрлі құстар жіберіліпті. Қазіргі күні қанаттылардың 80 пайызы біздің табиғатқа бейімделіп, тіршілік етуде.

– Мұның арттағы жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні бар. Табиғатты қалай сақтау қажеттігін жас ұрпақ зердесіне тоқып, көңіліне түйеді, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Кездесуде облыс пен БАӘ арасындағы қарым-қатынасты бұдан әрі тереңдету мәселелері жайы да қозғалды. Әсіресе, кәсіпкерлер арасындағы байланысты дамыту екі тарап үшін де өте тиімді болмақ. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм, денсаулық саласында бірлескен жобаларды қолға алу маңызды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл туралы ұсыныстарды алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Мусинге жіберетінін жеткізді.

Кездесу соңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Біріккен Араб Әмірліктерінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ибраһим Хасан Сейф мырзаға «Аттан түспеңіз. Еліңізге, халқыңызға қызмет ете беріңіз» деген ізгі тілекпен қазақтың ер-тоқымы мүсінделген кәдесыйды тарту етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button