Шаһар шаруашылығы

Қарағайлы сәулетті ауданға айналады

Облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдегі Қарағайлы ықшам ауданында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына оң баға беріп отыр. Бұл аудан аймақ басшысының тапсырмасымен қолға алынған. 2017 жылдан бері Қарағайлыда 22 тұрғын үй салынып, 1549 пәтер қолданысқа берілген.

Құрылыс жұмыстарына Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен «Бәйтерек Девелопмент» холдингінен қаржы тартылды. Бұған жергілікті әкімдік те көмек жасап жатыр.

Биыл жеті тұрғын үйдің құрылысын бастау туралы шартқа қол қойылған. Бұл баспаналарды сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер ретінде пайдалануға және жекеменшікке айналдыруға болады.

Құрылыс қарқынды жалғасып жатыр. 2025 жылға дейін 133 көпқабатты үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы ауданда үш мектеп, алты балабақша салынады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауданда су, жылу, телекоммуникация, электр желілері тартылған. 2016 жылы 120 орындық жатақханасы бар Назарбаев интеллектуалдық мектебі, 320 орындық балабақша қолданысқа берілді. 2019 жылы мәдени-спорттық кешен ашылды. Онда әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге болады.

Семейді дамытудың кешенді жоспарының басты міндеті – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту. Пандемия кезінде де шектеу шараларына қарамастан, құрылыс белсенді жалғасуда.

Қарағайлы шағын ауданындағы 20 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бесеуі халықтың әлеуметтік аз қорғалған топтарына арналмақ. Құрылыс бөлімінің басшысы Болат Жақаевтың айтуынша, қазір шағын ауданның 20 үйі халыққа қажет түрлі кәсіпкерлік нысандармен қамтылған. Сондай-ақ  кварталішілік жолдары, автотұрақтары бар.

– Бүгінде жалпы ауданы 95 мың шаршы метр болатын 18 үйдің құрылысы жүруде, – деді Болат Жақаев. – Сондай-ақ  жалпы ауданы 171 мың шаршы метрді құрайтын 43 үйге жобалық құжат әзірленіп жатыр. 320 орындық балабақша пайдалануға берілді. 1200 орындық мектеп салуға жер бөлінді. Қазір бір мектепке жобалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар ауданда тағы бес мектеп салу жоспарлануда. Сондай-ақ  Қарағайлы ауданына қатысты Омбы–Майқапшағай жолының ұзындығы 2,5 шақырым десек, жобаланған алты көшені қайта құру жоспарланып отыр. Оның бірі спорттық-мәдени кешенді, саябақ зонасын, Назарбаев зияткерлік мектебін, Білім мен технологиялар трансферті орталығын біріктіреді. Ол жаяу жүргіншілер көшесі ретінде белгіленген. Сондай-ақ  мұз модулі, жасанды мұз айдыны жобаланған. Трибунаға бір мың көрермен сыяды.

Құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, жыл басынан тұрғын ауданының аумағы солтүстікке 90 гектарға ұлғайтылып, жобасына түзету енгізіліпті. Онда 80-нен астам көпқабатты үйлер, мектептер, балабақшалар, өрт сөндіру депосы және әлеуметтік нысандар салу көзделген.

Қарағайлының жобасы аяқталғаннан кейін жалпы ауданы 293 гектарды құрамақ. Халқының саны 32 мың адам, үйлердің саны 227 болады. Сондай-ақ құрылыс мерзімінде орындалады деп отыр құрылыс бөліміндегілер.

Семей қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 11 318 отбасы тұр, оның 593-і – көпбалалы аналар.

Осы жылы 22 көпбалалы отбасы Қарағайлы ауданынан пәтер алды. Оның ішінде төрт отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан, қалған 18 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алды.

– Бүгінгі таңда ТҮКШ бөлімі азаматтарды тұрғын үйге кезекке алып жатыр, – деді ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Диана Шаяхметова. – Қазір кезекте 11 127 адам тұр. Олар негізінен жетім балалар, соғыс ардагерлері, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік қорғалмаған топтар, жалғызбасты қариялар. Жыл соңына дейін 125 көпбалалы отбасы Қарағайлыдағы жалға берілетін төрт үйден пәтер алады деп жоспарладық. Ол үйлердегі  пәтерлердің жалпы саны – 252. Пәтерлер әлеуметтік аз қорғалған топтарға, көпбалалы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігін растау үшін 95 өтінім мақұлданды, оның ішінде 18-і – көпбалалы отбасылардан. Қаражаттың жалпы сомасы 884 миллион теңгені құрайды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары көпбалалы немесе толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар тұрғын үй сертификатын ала алатынын айтты.

– Егер мемлекеттік бағдарламалар туралы айтсақ, бүгінде «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» жұмыс істеп тұр. Бірінші бағдарлама бойынша 2019, 2020 жылы жұмыспен қамту бөлімі арқылы тұрғын үй сертификаттары берілген. Сертификат ұсынылған кезде тұрғын үй үшін бастапқы жарнаны мемлекет төлейді. Сертификат мөлшері – миллион теңге. Биыл 25 отбасы осы сертификаттарға ие болды. Алушылар арасында 10 көпбалалы, 8 мүгедек бала тәрбиелеп отырған, 7 толық емес отбасы бар. Сондай-ақ, Комсомол кентінде көпбалалы отбасылар үшін 10 жеке тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінді. Жалпы, әлеуметтік қорғалмаған азаматтар мен жетім балаларға жыл соңына дейін 109 пәтер бөлу жоспарлануда, оның ішінде 62 пәтер әлеуметтік осал азаматтарға, 47 пәтер жетім балаларға беріледі, – Диана Шаяхметова.

Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сай зейнеткерлер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар үй кезегіне тұруға құқылы. Кезекте тұрған адам үшін бүгінде үй алудың екі жолы бар. Біріншісі – кезек күту, содан кейін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алу. Екіншісі – егер адам төлем қабілеттігін дәлелдесе, «Шаңырақ» не «Бақытты отбасы» бағдарламаларына қатысуға құқығы бар.

«Шаңырақ» бағдарламасы қарапайым әрі қолайлы. Мәселен,  жылдығы 5%, 10% бастапқы жарнаны төлеген соң, 20 жыл мерзімге үй беріледі. Бұл ретте үйді бастапқы нарықта ғана сатып алуға болады. Сондай-ақ  бағдарламаның негізгі шарты – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне құжат тапсыратын адам міндетті түрде заңды кезекке тұруы тиіс. Онсыз бағдарламаға қатысу мүмкін емес.

Қарағайлыға жиі ат басын бұратын облыс әкімі тұрғындарды баспанамен қамтуды бірінші кезекте тапсырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағайлыдағы құрылыс жұмыстарымен танысу барысында азаматтардың әл-ауқаты үй мәселесімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Қарағайлы Семейдің Павлодарға шығатын трассасы жағында орналасқан. Семейде 2022 жылға қарай Алматы, Знаменка және басқа да жолдарды  байланыстыратын айналма жолдың құрылысы басталады, осыған байланысты Павлодар тас жолына көпір салу көзделуде. Бұл туралы Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев мәлімдеген. Сонымен қатар  ол қаланың әлеуметтік-экономикалық  дамуының 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары туралы айтты. Оның аясында Семейде жеті бағыт бойынша 56 іс-шара жоспарланған, олар қала тіршілігінің барлық саласын қамтиды.

– Жоспар бойынша қаржыландыру көлемі 260,2 млрд теңгені құрайды, – деді Қанат Әділбаев. – Қарағайлыда салынатын инновациялық мектептің құны ескерілмегендіктен, бұл сома ұлғаяды. Бұдан басқа, Алматы тас жолы жағынан созылатын және Знаменская, Курчатов, басқа да жолдарды кесіп өтетін айналма жолдың құны есептелмеген. Жобалық-сметалық құжаттама келесі жылы дайын болады, ал жол құрылысы 2022 жылы басталады.

Бұдан басқа, осы жылы бірден бірнеше мектеп күрделі жөндеуге қаражат алды, сондай-ақ Восточный және Восход кенттерінде мектеп құрылысы басталды.

– Биыл жеті мәдениет, екі әлеуметтік қорғау, тоғыз білім нысаны жөнделді. Соңғы жылдары мектептерді жөндеуге қаражат артып келеді. Биыл бұл жұмыстарға миллиардтан астам теңге бағытталды, – деді Қанат Әділбаев.

Осы жылы Ә.Жангелдин көшесінен Омбы – Майқапшағай трассасына дейінгі жол төсемі ауыстырылды. Бұдан басқа, республикалық бюджет есебінен Семей – Қайнар жолының  46 шақырымы орташа жөнделді. Қала әкімінің орынбасары Радиологиялық орталықтың құрылысына да тоқталды.

– Бірнеше жылдан бері өзекті мәселелердің бірі – Радиологиялық орталықтың құрылысы. Өткен жылы бұл нысан Семейдің 2020-2025 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген. Жоба құны – 6,2 млрд теңге. Біз осы жылы пайдалануға беруді жоспарладық. Орталық облысымыздың, көршілес өңірлердің науқастарына сапалы ем алуға мүмкіндік береді, – деді Қанат Әділбаев. – Жыл соңына дейін құны жарты миллиард теңгені құрайтын «InVitro» консультациялық-диагностикалық клиникасын салу жоспарлануда.

Сондай-ақ қаланың жалпы ұзындығы 51,4 шақырым 33 көшесі жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге жөнделді. Жыл сайын бұл мақсатқа шамамен бір жарым миллиард теңгеден бөлініп келген, яғни екі есе аз.

Жалпы, кешенді даму жоспарына сай биыл қалада 41,4 млрд теңгенің 19 жобасы аяқталады. Оларға Қарағайлы ауданының құрылысы да жатады. Онда жылу энергиясына деген сұраныстың артуымен желтоқсанға қарай РК-3 қазандығын жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қазандықтың қуатын сағатына 41 Гкал-дан 70 Гкал-ға дейін арттырады.

– Қарағайлы ауданында жалпы ауданы 206 мың шаршы метр болатын 38 көпқабатты үй салынуда. Бұл 2685 отбасын үймен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалада 484 энергия үнемдейтін шам орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 253-ін орнату жоспарлануда. Аспалы көпір де толық жарықтандырылады. Жалпы, ЕҚДБ-мен бірлесіп, бұл жұмысты келесі жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Биыл дюкерді жаңартуды аяқтаймыз. Ең үлкен «Semey Mall» сауда орталығының құрылысы жалғасуда. Ол 2021 жылдың соңында пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны – 6 миллиард теңге, – дейді Қанат Әділбаев.

Қала әкімінің орынбасары барлық жоспарланған іс-шаралар мерзімінде орындалатынын тілге тиек етті.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button