Қар барысы Тарбағатай тауларында жүр
Өңірімізден қар барысы табылды. Алтаймен ұштасқан Тарбағатай тауларынан осы керемет аңды көргендер бар.
Халықаралық және республикалық Қызыл кітапқа енгізілген ең сирек кездесетін түз тағысы соңғы 20 жылда бұл өңірде жоғалып кеткен. Қар барысының мекен ететін орны жайындағы ақпарат өте аз. Экологтардың пайымдауынша, елімізде қар барысының небәрі жүзден астамы қалған.
Дене тұрқы 120-130 сантиметр, салмағы 30-40 келi тартатын Қазақстанның тірі символы аңшылардың көзіне түскен. Тіпті, түз тағысын фотосуретке түсіріп алудың мүмкіндігі туды. Өңірде қар барысын қорғау қорының зоологтары зерттеу жұмыстарын бастап кетті.
Қазір қар барысының бұл өңірге қайдан келгені анықталуда. Аудан басшылары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған аңды мықтап қорғауға аламыз деп отыр. Сондай-ақ, қар барысының табиғи мекенін туристік нысанға айналдыруды көздейді.
«Эко-Алтай» коммерциялық емес ұйымы WWF Бүкіл әлемдік табиғат қорымен бірлесе отырып, Қазақстанда барыстарды сақтау мен зерттеу жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. 2002 жылы «Эко-Алтай» коммерциялық емес ұйымы алғашқылардың бірі болып, Қазақстандағы барыстар мекен ететін жерлерде зерттеу жұмыстарын бастаған.
Аталмыш ұйымының ақпаратына сәйкес, барыстар тек 12 мемлекеттің аумағында ғана сақталған. Олардың жалпы саны – бар болғаны 3-6 мың. Қазақстанда барыстар Шығыс Қазақстанның аумағында, яғни, Сауыр-Тарбағатай және Оңтүстік Алтай таулы аймақтарында кездеседі. Нақты емес мәліметке сәйкес, 10-12 барыс қана қалған.
Дарын Нұрсапаров