Пікірлер

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ, АЛДЫН АЛСАҚ ҚҰБА-ҚҰП

 «Барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтуымыз керек. Өскемен қаласы соңғы жылдары оң өзгерістерімен өз тұрғындарын қуантуда. Ертістің сол қапталындағы көз ілеспес шапшаңдықпен бой көтеріп келе жатқан шағын аудандар, ондағы бірінен-бірі асып түсіп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен басқа да зәулім ғимараттарды айтпағанда, ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген бірқатар көшеге асфальт төселіп, көлік кептелісін тудыратын көше қиылыстарына айырма жолдар салынып, қайсыбір көшелер мейлінше кеңейтіліп жатыр.

Бұл әрине, облыс әкімі Даниал Ахметов пен қала әкімі Жақсылық Омардың іскерлігі десек, ешкім дауласа қоймас. Кезінде Л.Брежнев жарықтықтың бір баяндамасындағы: «Нан болса, ән де болады» деген жалғыз ауыз сөзі қаншама миллиондаған халықтың жігерін жанып, тірлікке деген құлшынысын арттырғаны есімізде. Сол айтпақшы, қаражат болса, құрылысты да салуға, жолдарды да кеңейтіп, жөндеуге болады. Тек ниет болсын.

Дегенмен, кемшіліксіз дүние болмайды ғой.

2020 жылы Өскемендегі көпқабатты 35 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қала әкімі бастаған  шенеуніктер мен жөндеу жүргізген мекеме жұмысшылары сол үйлердің тұрғындарының шексіз алғысына бөленуде. Ойын алаңдарындағы түрлі-түсті әткеншектер мен сырғанақтарда, ертегідегідей ағаштан салынған әдемі үйлер мен спорттық жабдықтарда асыр сап ойнаған бүлдіршіндердің қуанышында да шек жоқ. Ауланы айналдыра орнатылған түнгі шамдар да көздің жауын алғандай.

Осындай игіліктің қызығын көріп жатқан үйлердің бірі Үлбі жағалауына орналасқан Красин, 11 мекенжайындағы 11 подъезді, 9 қабатты үй. Жоғарыда айтып өткеніміздей үйдің ауласына, яғни, ішкі жағына, оған жүргізілген жөндеу, абаттандыру жұмыстарына қатысты әңгіме жоқ.

Мәселе, осы үйдің сыртындағы қолайсыздықта, тіпті, қолайсыздықтан гөрі қауіпте болып тұр.

«Ол қандай қауіп?» дейсіздер ғой, айтайық.

Аталмыш үйдің орта тұсындағы аркадан шыға бергенде ені кең болмаса да көлік жүретін жол бар. Бұрындары бұл жолмен сол үйдің тұрғындары болмаса, көп көлік жүре қоймайтын. Спорт сарайы мен автобекет қиылысынан солға және түзу кететін бағыттағы жол жабылғалы көлік біткен осы жолмен жүруге мәжбүр болған. Жүргенде, жай жүрсе не керегі бар. Әлгі жерден құдды бір автораллиде өнер көрсеткендей ағызып өтеді. Өйткені жолдың сол тұсына жылдамдықты шектейтін жол белгісі қойылып, жаяу жүргіншілер кесіп өтетін тұсына жолақ сызық та сызылмаған. Қашан көрсең де аркадан шыққан немесе сырттан келе жатқан жаяу жүргіншілердің өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, көлік саябырсыған уақытта жолды кесіп өтіп, жапа-тармағай жүгіріп бара жатқандары.

Қазақ «Мың күнде сынбаған шөлмек, бір күні сынады» деген. Әсіресе көктем мен күздің лайсаң күндері, қыстың сақылдаған сары аязы мен көктайғағында ол жерден жүгіріп өту тіптен қауіпті. Жастар жағы жүгіріп-ақ өтті делік. Сонда таяққа сүйеніп әзер жүрген қарттар мен бала жетектеген аналар қайтпек? Жүгіріп өтем деп аяғы тайып жығылып, мәшиненің астына түсіп мерт болса кім жауап бермек?

Сол жолдан әупіріммен өтіп, автобөлшектер сататын базардың қуысымен жүретін жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселмегендігін айтпағанда, жарық та тартылмаған, тастай қараңғы. Ол жермен тәуліктің қай мезгілінде болмасын үлкендер де, бала-шаға да жүреді. Ал ол жерге әсіресе көз байланған мезгілде базар жағалаған қаңғыбас иттердің тобы мен ішімдік ішіп алғандардың қарасы тым үйір. Түн қараңғылығын жамылған қарақшылардың қылмыс жасауына таптырмайтын-ақ жер…

Бұл мәселе осы үй тұрғындарының бас ауруына айналғалы қашан? Қала әкімдігі мен жол полициясына телефон шалғандар да, сол үйдің КСК-сына шағымданғандар да еш нәтиже шығара алмай, салы суға кетіп налып отыр. Өйткені қарапайым халықтың жанайқайына селт ететін адам жоқ.

Бұл – шынымен де ойланатын, ойланып қана қоймай, дереу шара қолданатын мәселе. Олай дейтінім, біраз жылдан бергі осы үйдің тұрғыны ретінде көріп-байқап жүргеніміз, соңғы уақытта көліктің көптігінен жаяу жүргіншілердің өтуі   мұң боп қалды. Не жылдамдықты шектейтін, не жаяу жүргіншілер жүретін жол деген жол белгілері немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолақ сызық дегеніңіз мүлдем жоқ. Таң атқаннан қайшыласқан көлік. Баяу жүрсе не керегі бар, жын қаққандай ағызып кеп, жолдың шетінде тұрған жаяу жүргіншілердің үсті-басына шалшық суды шашып өте шығады. Әсіресе жасы үлкен адамдар мен жас балаларға аса қауіпті. Жол полициясына да телефон шалып айтқанбыз, әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Біз бұл жерге «Бағдаршам орнатсын!» деп тұрған жоқпыз ғой. Қарапайым ғана жылдамдықты шектейтін, сосын жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерін қойса жетіп жатыр. Әлде сол белгілерді орнату үшін осы жерде міндетті түрде апат орын алып, кісі өлімі болуы керек пе? – дейді аталмыш үйдің тұрғындарының бірі Олжас Төлеуұлы.

Сөзімізді әкімдіктегілерге қаратып айтқаннан соң, осы үйге қатысты тағы бір мәселе бар. Ол – үйдің Үлбі өзеніне қараған қапталындағы көлшік. Көлік жолындағы ала жаздай жауған жауын-шашыннан жинала-жинала кішігірім көл пайда болған. Бұл көл не ағып, жерге сіңіп кетпейді, не буланып көкке ұшып та кетпейді. Көптеген көлік судың қақ ортасына кеп өшіп қалып  жатады. Ертең күн суып, аяз түсетін болса қалай болса, солай жарылған мұздан көлік қозғалысы тоқтап та қалатын болар. Ол аз болса, дәл сол көлшіктің қақ ортасына кім төккені белгісіз, әлдебіреулер жарты мәшинедей асфальтты төгіп тастапты. Кәдімгі жерге төсейтін қара асфальт. Төгілген күйі шошайып, қазіргі күні әбден қатып-семіп ол тұр.

Бұл неғылған бассыздық?

Ал үйдің айналасындағы жолдар болса, қырық шоқпыт тесік. Тым болмаса судың ортасында тұрған асфальтпен жолдың ойық жерлерін жамап тастаса, әлдеқайда пайдалы әрі сауапты іс болар еді ғой.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мырза осы бір түйткілді мәселені көзімен көріп, көп көңілінен шығатындай бір шара қолданса, үлкен-кішіміз алғыс айтар едік, – дейді үй тұрғындары.

P.S. Біздің міндет – етектегі елдің жанайқайын жоғарыдағы шенділерге жеткізу. Қала басшысы Ж.Омар  «басқа-басқа, облыстық «Дидар» газетін оқитын шығар» деген үмітпен ел аманатын жариялап отырмыз.

«Газетте көтерілген мәселені көзімен көріп, тиісті адамдарға тапсырма берер» деген ойдамыз.

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button