Ант бергенше, халыққа неге қант бермейді екен?!
Дидахмет Әшімхановтың «Қазақстан пионері» газетінде істеп жүрген кезі екен. Бірде газеттің макетін сызып отырса, курстасы әрі қызметтес жолдасы Әшірбек Аманкелдиев «мынаны былай сыз, мына жағын олай жаса» деп оған ақыл үйретіп, қайта-қайта мазалай беріпті.
Ақыры шыдамаған Дидахмет:
— Әй, Әшеке, мына тісті көрдің бе? — депті аузын керіп, азу тісін көрсетіп.
— Көрдім… азу тісіңнің тұқылы ғана қалыпты ғой, — дейді аңқау Әшірбек.
Сонда Дидахмет:
— Көрсең сол, Әшеке, осы тіс макет сызудан мүжілген, — деген екен.
***
Фантаст-жазушы Жүніс Сахиев оқу бітірген соң өзіне ыңғайлы жұмыстың ретін таба алмай, ақырында республикалық «Спорт» газеті редакциясына қызметке орналасады. Аспан әлемін, миллиардтаған галактикаларды зерттеп, ой-қиялы көкте жүрген Жүкеңнің спорт дегеннен ха-бары шамалы екен. Бірақ қызмет бабы оған қарай ма, редактор жаңа қызметкеріне «Қайраттың» ойынын жазып келуді тапсырады. Сөйтіп Жүкең өз ғұмырында тұңғыш рет стадионға келеді ғой. Бұрын білмей жүрген екен, футбол ойыны дегеннің де қызық шаруа екеніне сол жолы Жүкеңнің көзі әбден жетеді. Жанкүйерлерге қосылып еліре айқайлап, реті келген жерде ысқырып, доп соғылғанда орнынан атып тұрып, алақаны ауырғанша қол соғып, мәз-мәйрам болып стадионнан шығады. Шыққан бойда газетке материал жазу керектігі есіне түсіп, қасында келе жатқан жігіттен:
— «Қайрат» қай жақта ойнап еді? — деп сұрайды.
Жігіт бажырайып Жүкеңнің бетіне бір қарайды да:
— Бірінші таймда солтүстік жағында, екіншісінде оңтүстік жақта ойнады, — дейді.
— Жо-жоқ, киімінің түсін сұрап тұрмын.
— Көк мәйкелі.
Сонда Жүкең өзіне-өзі риза пейілмен:
— Бәсе, өзім де соларға іш тартып ем, бірдеңені сезген екем ғой, — деген екен.
***
Дидахмет Әшімханов пен фототілші Берсінбек Сәрсеновтің «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде екеуі ығы-жығы қайнаған қалың халықтың арасында, теміржол вокзалында оқыс бетпе-бет ұшырасып қалыпты. Қапелімде не айтарын білмей сасып қалған Берсінбек:
— Әшеке, сәлеметсіз бе, халыңыз қалай? — деп қолын ұсына береді.
Сонда Дидахмет беті бүлк етпестен:
— Сәрсеке, сәлеміңізге рақмет… Менің ұлым Дидахмет, сенің ұлың Берсінбек екеуі бірге бір газетте істейтін көрінеді ғой. Соған қарағанда сіз бен біздің халіміз жаман болмас! — деген екен.
Ант бергенше, халыққа неге қант бермейді екен?!
Талантты ақын Әбубәкір Қайранов бірде «Балдырған» журналының редакциясына барады. Бұрынырақта өзінің қазмет істеген жері екен, жігіттермен қауышып, әңгіме-дүкен құрысады.
— Не жаңалық, Әбіш? — дейді жігіттер.
— Жаңалық сол… кеше Советтер Одағының президенті Горбачев ант берді, оны өздерің де естіп жатқан боларсыңдар, — дейді Әбубәкір әңгімені саясат жағына бұрғысы кеп.
Сонда сатирик-ақын Бейсебай Кірісбаев:
— Әбіш-ау, ант бергенше халыққа қант неге бермейді екен. Әңгімені содан бастасаң етті, – депті мырс етіп.
***
Өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаев тумысынан қалжыңбас, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасып ойнай беретін азамат. Сол Мұхаметжан алғаш үйленген жылы бір топ қаламгер, суретші достарын қонаққа шақырып:
— Бір атаның кіндігінен кіш еткен жалғыз ұрпағы едім. Детдомда жетім өстім. Әйелім ұл тусын деп ырымдап сендерді әдейі шақырып отырмын, — дейді.
Бірақ Мұхаметжанның үміті ақталмай, әйелі қыз туады. Атын «Ақмарал» қояды. Арада көп уақыт өтпей, әйелі тағы босанып, бұл жолы да қыз табады. Атын «Сұлу» қояды. Алғашқы нәрестеде үндемей қалған достары енді Мұхаметжанды сөзбен түйреп:
— Сен бракодел болдың. Бізден неге көмек сұрамайсың? Көптеп-көмектеп бір ұл таптырар едік қой? — дейді әзілдеп.
Сонда Мұхаметжан:
— Достарым, менің суретші екенімді білесіңдер. Мен қазір триптих жасау үстіндемін. Менің жоспарым бойынша Ақмарал, Сұлу, Еркемай деген «триптих» үш қыз дүниеге келу керек. Содан кейінгі «триптих» ұлдар болады. Ұлы аталарының құрметіне ұлдарымды ылғи «иттен» келетін — Ғабит, Сәбит, Леонит қоямын, — депті.
— Ғабит пен Сәбит түсінікті ғой… Ал Леонитің не? — дейді достары.
— Брежневтің құрметіне, — депті Мұхаметжан.
Жетім өскен Мұхаметжанның осы сөзі құдайдың құлағына шалынды ма, әлгі қалжыңы шындыққа айналып, келесі жылы Еркемай дүниеге келеді. Арада бір жыл өткенде Ғабит, енді бір жылдан соң Сәбит өмірге келеді. Әйелі соңғы ұлға босанған кезде Брежнев қайтыс болып, Ле¬онит тумай, ұлдардың «триптиғы» аяқталмай қалыпты.
Шүкіршілік, қазір өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаевтың Ақмарал, Сұлу, Еркемай және Ғабит, Сәбит деген бес баласы азамат болып өсіп жатыр.
Автобусқа адам бәтеңкемен кіре ме екен?!
Дидахмет Әшімханов киіміне қыл жұқтырмайтын, бәтеңкесі де айнадай жалтырап жүретін, бойын үнемі таза ұстайтын жазушылардың бірі. Сонысын байқап жүрген қызметтес бір інісі:
— Осы сіздің бәтеңкеңізге қылау жұқпайтынына қайранмын… Мен де сіз құсап жалтыратып-ақ шығамын үйден, бірақ автобуста қысылып-қымтырылып, жұрт аяғымды басып… — деп, «мұңын» шаға берген кезде, Дидахмет оның сөзін бөліп жібереді.
— Түһ… сен де қызық екенсің, — дейді қолын сілтеп. – Автобусқа адам бәтеңкемен кіре ме екен. Жұрт аяғымды басып, тап-таза бәтеңкемді былғайтынын білем де, мен автобусқа кіре бере бәтеңкемді шешіп қолыма алам…
Түнде тастап аралға, масаға бізді талатты…
Жетпісінші жылдары ақын-жазушылар Әди Шәріпов, Сергей Киселев және Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен Шығыс Қазақстан жаққа барады. Бетіне күміс шытыра шашқандай жарқыраған Бұқтырма теңізін көргенде Киселев:
— Осы теңіздің жағасында дем алып жатса шіркін! — деп таңдайын қағып, тамсанып қояды. Құрмет көрсетіп жүгіріп жүрген жігіттер бұл сөзді ести салысымен теңіздің шағындау аралына алты қанат киіз үй тіккізіп тастайды. Үлкен Нарын ауданының басшысы келіп, кешке дейін қаламгерлердің қасында болып, қой сойып, сый-сияпат жасайды. Кеш түскен кезде:
– Сіздер тынығып, дем алыңыздар, біз таңертең келейік!— деп, бұларға қоржын-қоржын тамағын, арақ-шарабын қалдырып, өздері моторлы қайыққа отырып кетіп қалады.
Олар кетісімен қас қарая маса буады ғой. Теңіздің ортасында жападан-жалғыз қалған үшеуі киіз үйге кірсе де, далаға шықса да, масаға таланып, шыдамай бара жатқан соң суға қарғып, таң атқанша кірпік ілмей, ит қорлықты көреді. Сол түнгі қияметке қатты ашынған Сырағаң ертеңінде мынандай өлең шығарыпты:
«Үй тікті алты қанатты,
Тартты қос-қос табақты,
Құйды мөлдір шарапты.
Түнде тастап аралға,
Масаға бізді талатты…
Бетімізден сорғалап,
Шараптай қызыл қан ақты.
Шықпа, жаным, шықпа деп,
Әупіріммен таң атты!»
***
Осы сапарда Сырағаңдармен еріп жүрген обкомның бір қызметкері соңынан Өскемен қаласындағы бір жиында:
— Біз ақын-жазушыларды, әсіресе, Сырбай Мәуленовті құрметтеп, ел мен жерді көрсетіп шапқылап жүрсек, ол кісі еңбек ерлерін жазудың орнына Үлкен Нарын ауылындағы бір кездесуде «Маса» деген өлең оқыды емес пе, — депті мінбеден ренішін айтып.
Бұл сөзді естіген кезде сол кездегі облыстық газеттің редакторы, қазақ журналистикасының майталман қайраткерінің бірі Мұқан Әбуғалиев орнынан ұшып тұрып:
— Сендердің алғаш көрсеткен кейіпкерлерің маса болса, Сырбай басқа несін жазсын! — деп залдан айқай салыпты.
***
Сейфолла Теміров деген драма театрының артисі өз ғұмырында біраз әйелге үйленсе керек. Сейфолла Шәкен Аймановпен түйдей құрдас екен. Ал әзіл-қалжың жағына келгенде Шәкен алдына жан салмаған сабаз ғой. Сейфолла құрдасының «әйел алғыштығын» мегзеп, ол бірде «Жоғалған әйелдердің жоқтауы» деген ән шығарады да, оны өлеңімен бірге достарының арасына таратып жібереді. Шәкеннің сол шығарған өлеңі мынау екен:
Алғаным не барлығы он бір қатын,
Бәріне ауды ыстық махаббатым.
Сағынам он бірін де жатқанымда,
Шатастырам кей-кейде атап атын.
Қайырмасы:
Он бірім-ай,
Өндірім-ай,
Махаббат мөлдірім-ай,
Есімнен қалдырмайме-е-ен,
Мен бірін-а-ай!
***
Қабыкен Мұқышев Ақмоланың бір мейманханасына орналасып, үш күн бойы бөлмесінен шықпай «тойлап» жатып алыпты. Төртінші күн далаға шықса — айнала аппақ қар, күн жарқырап шығып тұр екен.
– Апырмау, таң да атып қалған екен-ау, — дейді Қабыкен таңданып.
— Қабеке, жалаңаяқ қар кешіп тұрғаныңыз не? — дейді қарсы жолыққан бір танысы.
Сонда Қабыкен аяғына бір қарапты да:
— Шабытым шамырқанған кезде табаным шыдатпай қызып кетуші еді, соны салқындатып тұрғаным той, — деп, табан астында сөз тауып, құтылып кетіпті.
***
Қазақ халқының ақсақал жазушыларының бірі Сейтжан Омаров ғұмыры арақ-шарапқа ернін тигізбеген жан екен. Осыны білетін қаламгер інілері әлдебір жиында «мынау жәй сусын шарап, асқазанға шипасы бар» деп алдап, Секеңе «Шартрез» деген шарапты күштеп жұтқызып жібереді. Содан Секең мас болғанын «уландымға» жорып, «баяғыда «Шартрез» ішіп өліп қала жаздадым емес пе» деп, кейіндері әлгі оқиғаны әр жерде сөз етіп айтып отыратын көрінеді. Ақсақалдың осы мінезін қызықтап, Сырбай Мәуленов Секеңе арнай мынандай өлең шығарыпты:
«Шартрезді» ұрттады,
Ойлап шипа шарап деп
Сосын оны жұтпады,
Отырды ол қарап тек
Улады деп денемді,
Соқпады оған бір қайтіп,
Сол «Шартрез» дегенді,
Қырық жыл бойы жүрді айтып».
***
Жаздың ми қайнатқан аптап бір күнінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Жайсаңбек Молдағалиев (1935-1986), Әубәкір Нілібаев бұрынғы Жезқазған облысының Ақадыр ауданына сапарлап барып қалыпты. Аудан басшылары қаламгерлерді сол жақтағы бір совхозда директор болып істейтін Көкжалов деген кісінің үйіне қонаққа ертіп апарады. Көкжалов атына сай мінезді жігіт болса керек:
— Мынау күйіп тұрған шілдеде, торғайдың қанаты күйер мынау шөлде бұлар не іздеп жүрген кісілер? — дейді басшыларға әзілдей бұрылып.
Басшылар не айтарын білмей аңтарылып қалысады. Осы кезде Сырағаң гүж етіп, Көкжаловқа төніңкіреп барып былай депті:
— Шөлден көл іздеп жүрміз,
Елден ер іздеп жүрміз,
Көкжал болып атағы шыққан,
Соның ішінде сені іздеп жүрміз…
Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров
(Жалғасы. Басы газетіміздің былтырғы №133-154 және биылғы
№5 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)