Денсаулық сақтау

ҚАНДАУЫРЫ КЕППЕГЕН КӨКЖЫРАНЫҢ КӨКЖАЛЫ

 «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жатамыз. Әрине, ауруды ешкім құдайдан сұрап алмайтыны белгілі. Алайда адам боп өмірге келгесін басың ауырып, балтырың сыздамай тұра ма? «Жай күнде алай дейміз, бұлай дейміз, ауырып жан қиналса, құдай дейміз» дегенді айтқан да қазақ. Ол заман, қай заман еді?

Қысы-жазы сайын далада көшіп-қонған қазақ ауылдары. Айтып-айтпай келген аурулардан жаппай шетінеген сәбилер… Ала арқанға асылып босанған қыз-келіншектер… Басқа да толып жатқан індеттер… Шақырсаң, зыр етіп келе қалатын жедел жәрдем атымен жоқ. Мұндайда ауырып жаны қиналған қазақ аузына, ең бірінші, құдайды алмағанда, кімді алады? Сондай қараңғы тірлікке де мәжбүр болған жарықтық ата-бабаларымыз аштан өлсе де, көштен қалған жоқ.

Біліксіз маман – халықтың соры

«Атыңнан айналайын, сәбет үкіметі!» демекші, қазақ даласына медицина дейтін ғылымның келуі де, қазақ дейтін қаймана халықтың сол медицинаның игілігін көре бастағаны да кешегі кеңес заманының тұсы болатын. Әлдекімдер сол заманды жерден алып, жерге салып жатса да, біз қай кезеңде болмасын «Барды бар, жоқты жоқ» деп айта білуіміз керек.

Әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары қазақ медицинасы да өзінің бар екендігін, шырылдаған халқының жанына араша бола алатындығын дәлелдей бастады. Сол замандардағы қарапайым халықтың алғысына бөленген ғалым-дәрігерлер жайында сөз қозғар болсақ, әңгіме созылып кеткелі тұр. Сондықтан нақты айтарымызға ғана тоқталсақ.

Жалпы, бүгінгі ХХІ ғасырда кез келген елде дәрігерлердің бар екендігін бес жасар бала да біледі. Алайда, «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» дегендей, естіп-білуімізше, сол дәрігерлердің арасында біліктісі де, біліксізі де болатын көрінеді. Алда-жалда жаның қиналған шақта өз ісін бес саусақтай білетін, білікті дәрігердің көмегіне жүгінген болсаң, онда «Айым оңынан туып, жолым болды» дей бер. Ал ауру адамнан сау адамды айыра алмайтын «шебердің» алдына барып қалсаңыз қайтпексіз? Ондай күн туа қалса, «Тіліңді кәлимаға келтіріп, иманыңды үйіре бер» дейміз бе, не дейміз? Құдай ондай сәтсіздіктің бетін аулақ қылсын…

Егер, шындықтың бетіне тура қарап айтар болсақ, қаншама дәрігердің салғырттығы мен біліксіздігінің кесірінен жер бетіндегі мыңдаған тіпті миллиондаған адам мезгілінен бұрын о дүниелік болып кетті? Қаншама аттай шауып жүрген жан сол қарғыс атқар біліксіздіктен мүгедек болып, өмір бақи төсекке таңылды? Сол дәрігерлердің бірі болмаса бірі, «Біліксіздігі мен салғырттығы үшін жазаланды» дегенді өз басым осы жасқа келгенше естіп көрмеппін. Естімейтін де шығармыз. Өйткені «Дәрігердің шындығы мәйітпен бірге көміледі» деген жазылмаған қағида бар көрінеді. Осының барлығын көріп-біліп жүрген соң, амалы құрыған жұрттың дәрігерден гөрі емші-домшылар мен бақсы-балгерлерге жүгінетіндерін де түсінуге болады. Ал бүгінгі таңда медицинасы дамыған Германия, Корея, Қытай, Түркия, Израиль сынды мемлекеттердің дәрігерлері бір ота жасау үшін біздің халықтың өңі түгілі, түсіне де кірмейтін құн сұрайтынын да білеміз.

Енді қайтпек керек? Бұл – бүгінгі таңда кез келген адамды мазалайтын, мазалап қана қоймай, сары уайымға салатын сұрақтардың бірі.

Жақында ғана Зайсан өңірінде болған сапарымызда сол елдің білікті дәрігер-хирургі, Семей медициналық институтының 1971 жылғы түлектерінің бірі Қошпанов Бітімхан ағамызбен жолығып, отандық медицинаның өңірдегі хал-ахуалы жайындағы жеке пікірін  білгенбіз.

– Бұл жалғанда не нәрсенің болмасын біліксіздік пен салғырттықтан асқан жауы жоқ. Ал медицинаның орны тіптен бөлек, – дейді осы уақытқа дейін 36 мың адамға ота жасаған қолы алтын хирург. – Неге дейсіз ғой? Мысал үшін айтайын, егер ток дәнекерлеуші электрик өз ісін дұрыс білмеудің салдарынан абайсызда өзі токқа түсіп мерт болуы мүмкін. Ал дәрігер – адам жанының арашашысы. Оның қолында қаншама адамның тағдыры тұр. Егер дұрыс емдемесе немесе емдей білмесе, не болмақ? Кеңес үкіметінің кезінде адамды қойып, малды дұрыс емдемеген ветеринарларды да жауапқа тартатын. Қазір мүлдем бір түсініксіз заман болып тұр. Сол кездің мықты-мықты дәрігерлерінің алды дүниеден озып кетті. Енді бір бөлігі жастары келген, қазір зейнет демалысында. Мен өзім де зейнеттегі адаммын.

Елу жылға жуық Зайсан халқының еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қолының шипасын көрген дәрігер ағамызбен бұрын-соңды жүзбе-жүз тілдесіп көрмеген екенмін. Байқағаным, Бітімхан ағамыздың болмыс-бітімі де бөлек секілді. Жүріс-тұрысы ширақ, сөздері нық. Өз-өзіне сенімділігінен өз ісінің кәсіби маманы екендігі көрініп тұр. Сосын айтар ойын қайсыбір тұстастары құсап мәймөңкелемей, ащы болса да, ақиқатты бетке айта білетін қасиетіне тәнті болдым. Өз жұмысына берілгендігі соншалық, жүргізіп отырған әңгімемізді үзе сап, медбикелердің шақыруымен бірнеше рет емдеу палатасындағы адамдарға барып келді.

Он жылдан соң отаны кім жасайды?

«Өзім де зейнеттегі адаммын» деген сөзіне орай:

Осы уақытқа дейінгі бейнеттің зейнетін көріп демалмадыңыз ба? – дедім ағаны сөзге тартып.

– Дұрыс айтасың, бауырым, адам жаны темір емес. Темір екеш темір де тозады. Кей кездері зейнет демалысындағы замандастарыма қарап, қызығатыным да бар. Бірақ біз – ант қабылдаған адамдармыз. Дәрігер мамандығының өзге мамандықтардан артықшылығы да, жауапкершілігі де –осында деп білемін. Сондықтан осы «Сапа» медициналық орталығында зейнетке шыққан біраз дәрігерлермен бірлесіп қызмет етіп жатқан жайымыз бар.

Медорталық менің атыммен аталғанымен, менің меншігім емес. Бұл клиника осыдан үш жыл бұрын өзіміздің Зайсан өңіріне танымал меценат, елдің жанашыр азаматы Болат Нұрасыловтың бастамасымен, сол інімнің күшімен халықтың игілігі үшін ашылған. Маған деген құрметі болар, орталықты «Қошпанов атындағы» деп атапты. Көңіліне риза болдым. Мен ғана емес, бүкіл аудан халқы осы орталықтың ашылғанына дән риза…

Ағамыз 1947 жылы Көкжыра ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Дайыр мектебін «Алтын медальмен» бітірген жас түлек сол жылы еш қиындықсыз Семей медициналық институтына оқуға түседі. Қиналмаған себебі, біріншіден, ол кезде медалистер бір ғана пәннен (химия) емтихан тапсыратын көрінеді. Екіншіден, «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, кезінде «Химия қақпасы» атты сабақ оқыту методикасымен бүкіл республика жұртшылығына танылған химия пәнінің мұғалімі Жұбайбек Жұмахановтан тәлім алған алғыр шәкірт аталмыш сынақты бес деген бағаға тапсырып, студент атанады.

– Қазіргі медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдап келіп жатқан жас мамандарға көңіліңіз тола ма? Бірде өзіңіз секілді тәжірибелі бір дәрігердің «Қазіргі медакадемияның практикаға келген төртінші курс студенттері, басқасын айтпағанда, ең қарапайым уколды дұрыс қоя алмайды» деп налығанына куә болдым. Бұл қаншалықты шындыққа жақын сөз? – деген сауалыма:

– Мен бұған таңданбаймын. Себебі оны естіп қана қоймай, көріп те жүрміз, – деп іле жауап қатқан дәрігер сонау бір студент күндердің күнделігін біраз ақтарып тастады.

– Біз төртінші курсты бітіріп, практикаға келгенде, жеңіл-желпі соқыр ішек, грыжаларға өзіміз операция жасайтынбыз. Қазір ондай жоқ. Өйткені оқудың бәрі ақылы. Мұғалімдердің қоятын бағасы студенттің біліміне емес, төлеген ақысына, яғни ректорлардың нұсқауымен қойылады. Ол студент оқыса да, оқымаса да, бағасы автоматты түрде қойыла береді, өйткені ақысы төленіп қойған. Біздің кезімізде жүйе мүлдем басқа еді. Талап өте қатал болатын. Оқуға түскен әр студент өзі үшін білім алатын. Не оқуды таңдайсың немесе ойын-сауық қуасың. Ол кезде қазіргідей қылтың-сылтың деген болмайтын. Оқи алмайсың ба, «Әйдә, марш!» дейді, бітті. Бізбен бірге оқуға түскен 300 баланың 50-60-қа жуығы бірінші курстың соңында оқудан шығып қалған.

Қазір жеті жыл оқып келген жас мамандар түк білмейді. Қыл аяғы жіп те (хирургиялық) байлай алмайды, өйткені алған білім жоқ. Саналарын жайлап алған басқа дүние. «Мен оқып білім алдым ғой, енді халыққа қызмет етейін» деген ой жоқ. Өйткені басында білім болмаса, ол қайтіп қызмет етпек? Дипломды «Медакадемияда немесе тағы бір жерде оқыған» деген атақ үшін алу модаға айналып кетті. Ел арасындағы «Медицина сапасыз, өлім-жітім көп және т.б.» деген наразылықтар қайдан шығады? Осындай сапасыз білім мен медицина саласына кіріп кеткен көлденең көк аттылардың көптігінен шығады. Сондықтан мен кез келген ақылы оқу жүйесіне қарсымын. Осы бетімен кете беретін болса, енді бір он шақты жылдан кейін өз ісін жетік білетін, ота жасайтын дәрігер қалмайтын болады. «Сол кезде халық қайтер екен?» деп мен осыған алаңдаймын…

– Бұл тығырықтан шығудың жолдары бар ма?

– Бізде қазір дәрігер боп енді ғана қызметін бастағандар бар болғаны 60 мың теңге жалақы алады. Бұл қазіргі қымбатшылық заманында ақша ма? Жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету нақты жолға қойылмаған. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеуге деген ешқандай қызығушылық жоқ. Осының салдарынан өткен жылы елімізден 30 бен 45 жастың арасындағы 35 мыңнан астам адам өзге мемлекеттерге көшіп кеткен. Олардың барлығы жоғары оқу орындарында оқуды жақсы оқыған, өз ісінің мамандары. Нағыз халыққа қызмет ететін шақтары. Мамандықтары бар, бастары істеп тұр. Бірақ дұрыс жалақы беретін жұмыс жоқ. Ал уақыт күтіп тұра ма, қашан жұмыс береді деп. Егер оларды үкімет баспанамен қамтып, жалақысын айтарлықтай көтеріп, балаларын балабақшаға орналастырып, жан-жақты жағдай жасаса, сол мамандар елден кетер ме еді? Біздің үкімет бұл мәселені осы бастан күн тәртібіне қойып, қадағаламаса, ертең кеш болады. Ендігі кеш болып қалмаса…

Елу жыл елін емдеп, осы аралықта сырқаттарға 36 мың түрлі-түрлі операция жасап, үзілгелі тұрған қаншама тағдырды қыл үстінен аман алып қалған Бітімхан Қошпанов –зайсандықтардың мақтанышына айналған тұлға. Қазір зейнет жасынан асып кетсе де, басы ауырып, балтыры сыздаған жерлестерінен шипалы алақанының шапағатын аямай жүрген Көкжыраның көкжал ұлы әлі де болса ширақ, әлі де болса тың.

Аман болыңыз, алғыс арқалаған абзал аға!

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button