Денсаулық сақтау

Қамданған қапы қалмайды

Пандемияның екінші толқынының алдын алу үшін біздің еліміздің де барынша даярланып, алуан түрлі қам жасай бастағанынан хабардармыз. Ал осы дайындықтың деңгейі біздің ауданда қандай дәрежеде екен? Біз бұл сауалды Күршім аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері М.Білейменовке қойған болатынбыз.

– Құдайға шүкір, қамсыз емеспіз, – дейді Марат Бақтиярұлы. – Шама келгенше әзірленіп, жан-жақты даярлықта отырмыз. Осыған дейін ауданда COVID-19 сырқатымен 142 адам тіркелген болатын. Олардың 139-ы емделіп шықты, қалған үшеуі ем қабылдап жатыр.  Осы жұқпалы дерттің алдын алу мақсатында емхана мен дәрігерлік амбулаторияларда дәрігерлік қабылдаудан басқа, үйде қарайтын мобильді бригадалар ұйымдастырылған. Күршім мен  Марқакөл ауылдарында бір-бірден және 7 дәрігерлік амбулаторияда жеке-жеке мобильді бригадалар жұмыс істеуде. Ауруханаға келген науқастарды қабылдайтын бөлімшеде адамдарды фильтр кабинеттерінен өткізу арқылы олардың дене температурасы мен жалпы жағдайы қадағаланып отыр.

Бас дәрігердің айтуынша, медициналық мекемелерде қазіргі уақытта көп мәрте қолданылатын 200 қорғаныш костюмі, бір рет пайдаланылатын 1690 костюм, 7200 бетперде мен 700 респиратор, бір рет пайдаланылатын 1500 пар қолғап, 200 көзілдірік, 280 қорғаныс экраны бар екен. Сонымен бірге 180 литр антисептик, 130 литр сұйық және 31 650 таблетка түріндегі залалсыздандыру заттары әзірленген.

– Жұқпалы аурулар бөлімшесі қажетті қорғаныш бұйымдарымен, медициналық препараттармен және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілді, – деп сөзін жалғады М.Білейменов. – Әрбір бөлімшеде қорғаныш киімін киетін және шешетін аймақ жабдықталып отыр. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің қабылдауы, науқастардың жүріп-тұратын бағыттары, буферлік аймақ белгіленіп қойылды. Қазіргі уақытта осында 50 орынға арналған орталықтандырылған оттегі станциясы орнатылып жатыр.

Сонымен қатар полимеразды тізбекті реакция зертханасын ашу жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Аудандық орталық ауруханадағы 45 төсектік стационарлық бөлімше құрамында екі реанимациялық төсек бар. Резервтік 50 төсегіміз де даяр тұр. Осылармен қатар, үш жасанды дем алдыру аппараты, екі электр сорғысы, үш монитор, екі инфузомат, екі дефибриллятор, бір ларингоскоп, 28 пульсоксиметр, 18 оттегі концентраторы, бір оттегі даярланды. Бұлардың барлығы – сырқаттар келіп түсе қалған жағдайда кідіріссіз ем жасау үшін қажетті  бұйымдар. Сондай-ақ емханада бір жылжымалы палаталық рентген аппараты орналасқан.

Марқакөл ауылдық ауруханасында 30 төсектік стационар, бір реанимациялық төсек бар. Онда бір жасанды дем алдыру аппараты, бір монитор, бір электр сорғысы, бір инфузомат, бір дефибриллятор, бір ларингоскоп, екі пульсоксиметр, бір оттегі көзі даярланып отыр.

Осы айтылғандарға қоса, бас дәрігер Марқа өңіріндегі ауруханада вирусқа қарсы 240 калетра таблеткасы, 796 иммард таблеткасы, 110 флакон ремдисивир мен 918 фавипиравир таблеткасы әзірленгенін мәлім етті. Бұдан басқа ол 500 миллиграмдық 3491 зитмак таблеткасы, 625 миллиграмдық 320 клавам таблеткасы сияқты антибиотиктердің әзірленгенін ортаға салды. Тағы да бірқатар препараттарды тізбелеп өткен Марат Бақтиярұлы аудан көлемінде аталған науқаспен сырқаттанған адамдардан 41 қан плазмасы дозасын даярлау жоспарланған болса, бұл жоспардың артығымен орындалып, 42 доза әзірленгенін де құлаққағыс етті. Тұмау вирусына қарсы 2193 доза алынып, 2193 вакцина жасалған екен. Ал COVID-19 диагнозымен тіркелген науқастармен қатынаста болған адамдар 14 күн үй  карантинінде дәрігерлердің бақылауында болады.

«Қамданған қапы қалмайды» дейді халық нақылы. Сол айтқандай, жан-жақты әзірлік жасап, барлық талаптарды мұқият орындайтын болсақ, осынау аса қауіпті дерттің екінші толқынынан да аман өтерімізге нақты кепілдік бар.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button