АМАНДЫҚ ТІЛЕП, ҚАУЫШАТЫН КҮН
14 наурызда елімізде Наурыз мейрамының басы – көрісу, қауышу күні немесе амал мерекесі тойланды. Амал мерекесінде халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туған-туыс, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысты. Бір-біріне амандық тіледі.
Көрісудің екі түрі бар, біреу туысы қаза тапқанда «ой, бауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі уақыт пен жыл жаңарғанда қуанысып көріседі. Амал күні қашан және қалай пайда болды, қалай тойланады, Қазақстанның басқа аймақтарына енді ғана жетіп жатқан бұл дәстүр, мереке «неліктен оңтүстік, батыс өңірлерде ғана сақталған?» деген сұрақтарға ғаламтордағы ақпараттың көмегімен жауап іздеп көрдік.
Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туғандығы туралы ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауап жоқ. Бірақ әртүрлі болжамдар мен жорамалдар бар.
Ғасырлардан жалғасқан «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі көктемнің алғашқы айы наурыздың 14-інен бастап тойланады. Бұл – қазақтың дәстүрге толы ұлттық мерекесі. Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, Наурыз – бірнеше күнге жалғасатын салт пен дәстүрге толы мереке. Ал көрісу соның бастауы.
– Жалпы, Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төркініне үңілгеніміз жөн. «Әз» сөзі қазақта адамға қарата айтылғанда сыйлы, мәртебелі деген мағына береді. Сондай-ақ «Әз амалы» деген сөз де бар. Күн мен түн теңелгенде Әз күні болды дейміз. Батыс өңірлерде 14 наурыз – Әз амалы болып есептеледі. Нұқ пайғамбар заманындағы рубаяттарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашылып, көктем келетіні жазылған. Осы күндер аралығында қазақ халқы әр үйді Қыдыр ата (бақ) аралап жүреді деп иланған. Наурыз көжемізді ол заманда «Тілеу көже» деп атаған. Сондықтан 14 наурызда Амал мерекесін тойлатудың артығы жоқ. Көктем мезгілі қонақтай бастайтын сәт дәл осы күн болып тұр, – дейді этнограф Болат Бопайұлы.
Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кей ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Бірақ алдыңғысымен айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса, 1 наурыз 14 наурызға тап келеді екен. Ол – жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған. Көрісу күні, яғни Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде ерекше атап өтіледі. Дегенмен тек батыста тойланады деу жаңсақ пікір. Шынында, ол – қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.
Наурыз мейрамынан бұрын басталатын Көрісуге қатысты түрлі жорамал жетерлік. Күнтізбені былай қойғанда, «еліміздің батысында ауа райы жылы болғандықтан, көктем ерте келеді» деп Амал күнін атап өтуді оңтүстікке, батысқа ерте келетін көктеммен түсіндіруге тырысатындар бар. Алайда Амал мерекесін ертеден тойлататын Батыс Қазақстан облысының қысы қатты екенін, сәуір келмей қар кете қоймайтынын ескерсек, бұл мерекенің ерте басталу себебін ауа райының әсерінен деп топшылау жаңсақтық.
Қазақ тарихындағы айтулы ұлы тұлға, этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түседі. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін осы құбылыстан байқайтын көрінеді. 29 жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп жазады. Енді бір сөзге үңілсек, «тура сегіз тойланады» деп жазылған, демек, дәл осы кезең шамалап қарасақ 14-22 наурыз арасындағы санды көрсеткендей. Өйткені 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ.
Ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуі Наурыздама аталған. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарқай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәти Наурыздама тойын өткізгені, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар. «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі Наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?», – деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті.
Қалай десек те, Амал мерекесі халықтың серпілуіне рухани тұрғыдан дем беретін кезең. Бірлікке ұйытар мерекенің көптігінен керегеміз нығаймаса, құлап қалмасы анық. Көрісу мерекесі мен Наурыз мейрамы ұйытар игі ісі мен құндылығы мол қос қуаныш. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған Жаңа жыл болса, екіншісі күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ.
Жамал Ермен