Алтайда эпидемиологиялық ахуал нашарлады
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Алтай ауданына облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Төлеген Жігітаев, облыстың бас пульмонологы Зағрипа Абдиева және бас инфекционист Нәзигүл Сапарғалиева келіп, дәрігерлерге әдістемелік көмек көрсетті. Сонымен қатар аудандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 20 мониторинг тобы қарқынды жұмыс жүргізуде.
Мамандар коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды диагностикалау және емдеуге көмектесу мақсатында бұған дейін де бірнеше рет келген еді. Бұл жолы аудан дәрігерлеріне арналған төрт тәжірибелік семинар өткізілді. Загрипа Төкенқызы аудан тұрғындарына жолдаған бейне үндеуінде атап өткендей, соңғы уақытта қала тұрғындары маскалық режим мен қашықтықты қатаң сақтай бастады, бұл құптарлық жайт. Облыстың бас пульмонологы маскалық режимді сақтау қауіпті инфекцияның таралуынан қорғауға көмектесетінін аудан тұрғындарына тағы да ескертіп өтті. Ол масканы дұрыс кию және тастау ережелері, сонымен қатар қол мен мұрынды дұрыс тазалау туралы да егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Масканы әрбір екі-үш сағат сайын ауыстырып отыру керек. Вирус ағзаға жоғарғы тыныс алу жолдары арқылы енетіндіктен маска тағу аурудың алдын алады. Мейлі сыртта немесе ғимараттың ішінде болсын, өзі науқас екендігін білмейтін, ешқандай симптомсыз жүрген қаншама адам бар. Сондықтан сақтық шараларына немқұрайлы қарамауға шақырамын,-деді Зағрипа Төкенқызы.
Облыстан келген мамандар алтайлық дәрігерлерге коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды тиімді емдеу әдістерімен бөлісіп, жан-жақты көмек көрсетті.
Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысовтың айтуынша, ауданда коронавирус індетінің эпидемиологиялық жағдайы нашарлады. Осыған байланысты аудандық жедел штаб карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдап, Серебрянка қаласы және Жаңа Бұқтырма кентінде бақылау бекеттері орнатылды. Азаматтардың аталған елді мекендерге кіруіне және шығуына тыйым салынды.
Бақылау-өткізу бекеттері арқылы кіруге және шығуға жұмысы туралы бұйрықтар, жол парақтары, тапсырмалар жоспары, тауар жүкқұжаты, іссапар құжаттары, медициналық мекемелердің жолдамасы болған жағдайда, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлеріне жеке куәліктерін көрсеткен кезде ғана рұқсат етіледі.
Аудандағы жиырма бақылау тобы халық арасында індеттің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Санитарлық талаптардың бұзылу фактілері де жоқ емес. Арнайы рейдтер барысында талап-ережелерді сақтамаған 101 жағдай анықталған. Олар негізінен базарлар мен сауда орындарында, такси жүргізушілері арасында, дәмханалар мен қоғамдық көліктерде болған. Барлық бақылау тобының күнделікті жұмысы аудан әкімінің жіті қадағалауында.
Айжанат Бақытқызы