Білім

Алға жетелеген алғашқы қоңырау

Қоңыр күз тағы да қоңыраудың сыңғырымен басталды.  Шынында да, 1 қыркүйекте мектептерде соғылатын алғашқы қоңыраудың сыңғырында бір ғаламат сиқыр бар.   Алғашқы қоңыраудың сыңғыры сананы селт еткізіп, жүректердегі арманды түртіп оятады. Алғашқы қоңырау үні қиялға қанат бітіріп, алға шақырады.   Шығыс өңіріндегі 342 мектепте де алғашқы қоңырау соғылды.

Жаз қызығы бітті. Үш ай демалыс үш күндей өтіп кетті. Облыстағы 342 мектеп 95 138 оқушыға есігін қайтадан айқара ашты. Білім басқармасының берген мәліметі бойынша, биылғы жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 9-сыныпта 8 489 оқушы  білім алса, 11-сыныпта оқитындардың саны – 3 864.

Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде 12 мыңнан астам педагог білім беретін болады. Оның 9 132-сі жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен. Сондай-ақ 412 мұғалімнің магистр дәрежесі бар. Тағы да 438 педагог санатын көтеру жолында тер төкпек.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбектің айтуынша, биыл аймақтағы 40 білім беру ұйымына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жыл соңына дейін 1070 орындық төрт жаңа мектеп іске қосылмақ.

Барлық мектеп оқушылары оқулықпен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жағдайлары да ескеріліп, мектептер 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Облыстағы 342 мектептің 80-і көмірмен жылытылатын болса, осы білім беру ұйымдарына 28 мың тонна көмір жеткізілген. Барлық мектеп дезинфекциялық жуу құралдарымен, санитайзерлермен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

2022 жылы жалпыға міндетті оқу қорының шығыстары 1 млрд. 891 миллион теңге болды.  Бұл қаражат  балаларға киім-кешек, аяқкиім алуға, лагерьге жолдамаға, тамақтануға жұмсалды. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 21 мың бала 100 пайыз жаңа мектеп формасымен, аяқкиіммен қамтамасыз етіліпті.  Шалғайдағы 106 елді мекенде тұратын 1650  бала мектепке автобуспен тасымалданады. Оларды 83 автобус 80 білім беру ұйымына тасиды. Облыстық білім басқармасы жыл соңына дейін тағы да 11 автобус сатып алуды жоспарлап отырған. Биыл аймақтағы 17 мектепке 22 жаңа модификациялы кабинет сатып алынған.

Облыста барлығы 200 балабақша бар болса, оның  85-і жекеменшік. Аймақта 3-6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 100 пайыз болса, 2-6 жастағы балаларды қамту  көрсеткіші 97 пайызға жетті. Жыл соңына дейін тағы да 875 қосымша орын бөлінетін болса,  оның 215 орны Өскемен қаласына тиесілі.

Облыста барлығы 1053 бала инклюзивті білім алса, оның  7333-і мектепте оқиды. Барлық мектепте инклюзивті білім алуға жағдай жасалған. Сондай-ақ қосымша біліммен 90,5 пайыз бала қамтылған.

Облыста 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Оның 25-і мемлекеттік, 17-сі жекеменшік. Бүгінгі күні колледждерге қабылдау аяқталған. Облыс бойынша барлығы 5156 бала қабылданған болса, оның 3705-і жергілікті бюджет, ал 1451-і республикалық бюджет есебінен қабылданыпты. Жалпы биыл облыстағы колледждерде барлығы 16 215 студент білім алады.

Биыл аймақта барлығы 8866 түлек мектеп бітіріп, оның 63 пайызы жоғары оқу орындарының грантын иеленіп, студент атанған. Оның  450-і облыс әкімінің грантына ие болған.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button