Алдағы екі жылда 20 отбасылық-дәрігерлік амбулатория бой көтереді
«Дидар» газетінің редакциясында өткен кезекті тікелей байланысқа облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Попов келіп, оқырмандардың аталған салаға байланысты қойған сауалдарына жауап берді.
Мария Салмақбаева, Подгорное ауылы, Көкпекті ауданы:
– Біздің ауылдағы медпункт өте ескі. Сұрағым: қашан жаңа медпункт салынады?
– Сіздің сұрағыңыз жазылып алынды. Кейінірек жазбаша түрде жауап берілетін болады.
Рахат Хакімов, Глубокое ауданы:
– Өскеменде оңалту орталығы салынып жатқанынан хабардармыз. Ол қай уақытта пайдалануға беріледі және онда балалар бөлімшесі бола ма?
– Иә, облыс орталығында қазір оңалту орталығы салынып жатыр. Ол келесі жылдың мамырында пайдалануға берілмек. Орталық мемлекеттік тапсырыс және шаруашылық есеп айырусу бойынша қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда, онда белгілі бір емдеу мекемесінде емделіп шыққандар мен үйде ем-дом алып жатқандар оңалтудан өтеді. Аталған орталық тек ересектерге арналған, балалар бөлімшесі болмайды.
Жаңагүл Сайранбекова, Өскемен:
– Біз ауруханада емделіп шыққан соң белгілі бір тағамдарды ғана ішуді тапсырып, арнайы диетолог-дәрігердің кеңесін алуға жібереді. Өскеменде нақты диетологтар бар ма?
– Бізде диетолог-дәрігерлер жоқ. Дегенмен, жасы келген адамдар үшін, нақтырақ айтқанда, соғыс және тыл еңбеккерлері үшін қаланың барлық емханаларында әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Науқастарға сол жіктегі адамдар арқылы нақты жәрдем алуға болады. Мұндай әлеуметтік қызметкер науқасқа белгілі бір кеңес беріп, дәріханалардан оған қажет тегін препараттарды әкеліп бере алады.
Николай Гринцов, Мамай батыр ауылы, Ұлан ауданы:
– Менің жүрегім ауырады, стенокардия. Бізді Өскемендегі диагностикалық орталықтағы мамандар «өз аудандарыңдағы, яғни, Тавриядағы ауруханаға қарал» деген уәжбен қабылдамайды. Не істеуіміз керек?
– Сіздің учаскелік дәрігеріңізден жолдама-қағаз алып, диагностикалық орталыққа көріне беруіңізге болады. Өйткені, аталған орталық пен Ұлан аудандық ауруханасы арасында өзара әріптестік және көмек көрсету тұрғысында жасалған келісім-шарт бар.
Әйгерім Нұртай, Үржар ауданы:
– Облыс көлемінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Нәтижесі бар ма?
– Аталған бағдарлама 2015 жылға дейін деп есептеледі. Ол әрі қарай да, үш жылдық, бес жылдық болып жалғаса беретін болады деп ойлаймын. «Саламатты Қазақстанның» барлық бөлімі орындалуда деуге келмес. Дегенмен, оның бірінші бағыты – медициналық-санитарлық көмек және нақты медициналық жәрдем көрсетуде заманауи даму үдерісін меңгеру жағы ерекше қолға алынып, жүзеге асып келеді. Жалпы, оның ең нәтижелі тұсы деп облыс бойынша адам өлімінің азайып келе жатқандығын айтуға болады. Тағы бір тұсы жаппай скринингтік тексеру жүргізу дер едім.
Әсел Смайылова, Глубокое ауданы:
– Бір кездері аяғы ауыр әйелдерге тегін қажетті дәрумендер беретін еді. Қазір олар өте қымбат болғандықтан, өз қаражатымызға сатып алу қиын. Ол дәрумендердің алынып тасталуын немен түсіндірер едіңіз?
– Бүгінгі күнге аяғы ауыр әйелдер үшін Денсаулық сақтау министрінің №786 бұйрығына сәйкес, темір жетіспеушілігі анемиясына қатысты препараттар ғана бөлінеді. Сіз айтып отырған йодомаринді аяғы ауыр әйел нақты диспансерлік есепте тұрса ғана тегін ала алады.
Сағат Тұрғанбек, Өскемен:
– Неліктен жекеменшік клиникалар демалыс немесе мереке күндері жұмыс істемейді?
– Біз жекеменшік клиникаларға жұмыс істеу үшін ғана нұсқау береміз. Ал жұмыс кестесін олардың өздері белгілейді.
Ақылбек Нұрқасымов, Күршім ауданы:
– Жоғары білім алған жас мамандардың ауылдық жерлерге барғысы келмейтінін көріп жүрміз. Осы тұрғыда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының ықпалы қаншалықты болып отыр?
– Өте орынды сұрақ екен. Рас, бұл бағдарламаның жүйелі атқарылуы жергілікті жерлердегі аурухана басшыларына тікелей байланысты. Егер олар жыл сайын белгілі бір оқу орындарында оқып жатқан студенттермен кездесу өткізіп, белгілі деңгейде көтермеақы берілетінін және пәтермен, яғни, әлеуметтік пакетпен толық қамтамасыз ететінін жеткізе алса, ауылдан бас тартатындар азаяр еді. Дегенмен, көп жерде бұл шаруа ақсап жатыр. Ал биылғы түлектердің аталған бағдарлама бойынша ауылдарға баруына келер болсақ, жалпы, осы уақытқа дейін 180 жас маман келуі керек болатын. Қазір оның 113-і түрлі емдеу мекемелеріне орналасып, қызметтеріне кірісті.
Жаңылсын Мәзбаева, Бородулиха ауданы:
– Қазіргі күні ең көп дәрігер жетіспей отырған аудан-қалалар туралы білуге бола ма?
– Өкінішке орай, дәл бүгінгі күнге Өскемен мен Семейде дәрігер-мамандар жетіспеушілігі байқалуда. Себебі, аудандардағыдай емес, қалалы жерлерде жас мамандарға үй беру, көтермеақы төлеу, сондай-ақ, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету жағы әлі де төмен дәрежеде.
Асқарбек Ғазиз, Ұлан ауданы:
– Облыс бойынша апатты жағдайдағы ауруханалар бар ма? Бар болса, олардың қатарын азайту турасында не істелініп жатыр?
– Облыста құжат бойынша тіркелген апатты мекемелер жоқ. Ал салынып жатқан денсаулық мекемелерін атауға болады. Мәселен, жыл соңына дейін тоғыз (жетеуі республикалық, екеуі облыстық бюджеттен) нысан пайдалануға берілуге тиіс. Жақында Глубокоедегі орталық аурухана ел игілігіне берілсе, міне-міне, Шемонайха ауданы, Сугатовка ауылындағы ауылдық амбулатория есігін ашпақ. Бір айта кетерлігі, бізде апатты ғимараттар жоқ, ал жұмыс істеп тұрғандарының көбі емдеу мекемесіне орайластырылған типтік емес ғимараттарда орын тепкен. Жалпы, алдағы екі жылда облыс көлемінде 20 отбасылық-дәрігерлік амбулатория бой көтеретін болады.
Ғалия Себетбайқызы, Семей:
– Өскеменде ашылуға тиіс оңалту орталығы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей ме, әлде басқадай қаржыландыру бола ма?
– Облыс орталығындағы оңалту орталығы негізінен үш: кардиология, ортопедия және неврология бағыттары бойынша, мемлекеттік тапсырыс негізінде, кей тұстарда шаруашылық есеп айырысу жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады. Онда күндізгі стационар болады және белгілі бір бағытта емдейтін дәрігерлер пациенттерге арнайы кеңес береді. Тағы бір өзекті болып отырған инсульт орталығы туралы кейінірек сөз қозғау керектей. Өйткені, оның басы ашылмаған мәселелері бар.
Ақбала Байсұлтан, Үржар ауданы:
– Көптеген медицина қызметкерлерінің теориялық білімі болғанымен, тәжірибелері аз. Оларды көрші облыстарға, шетелдерге 2-3 айдан жіберіп, тәжірибе жинақтатуға болмай ма?
– Біздің облыс Израйльмен, Оңтүстік Кореямен және Ресейдің Алтай өлкесімен өзара әріптестік бағытында меморандумға қол қойған. Соңғы бірнеше жыл бойы ол мемлекеттердің білікті дәрігерлері бізде болып, небір оталар жасаса, өзіміздің дәрігерлер ол жақта болып, тәжірибе жинақтап келеді. Бұл жұмыс жыл өткен сайын жүйеленіп, нақты нәтиже беруде. Мысалы, жақында ғана осындай меморандум аясында Өскемендегі ана мен бала орталығында израйльдік дәрігерлер болып, түрлі дерті бар 20-дан астам балаға ота жасап қайтты.
Қасым Қуанышұлы, Зайсан ауданы:
– Өзге жақта емделуге квота алудың жолдары қандай?
– Ол үшін науқасқа нақты диагнозы мен емдеу үрдістері толық баяндалған медициналық карточкасын, сондай-ақ, жергілікті жердегі учаскелік дәрігерден жолдама алып, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы квота беретін мекемеге хабарласуы керек.
Светлана Дунаева, Риддер:
– Ауылдық медицинаның негізгі емдеу бағыттары қандай?
– Бұлар – гинекология, педиатрия, терапия және хирургия. Ал кардиолог, нейрохирург, кардиохирург дегендер облыстық деңгейдегілер. Сондықтан соңғы дәрігерлерге қаралатын пациенттер Өскемен мен Семейде ем-дом ала алады.
Гүлжан Назарбекова, Жаңауыл ауылы, Тарбағатай ауданы:
– Біздің ауыл облыс орталығынан 250 шақырым жерде орналасқан. Ол жақтағы ауруханаға барып, жату үшін кем дегенде екі-үш күнімізді жоғалтамыз. Ал ауруханаға жеткен соң бітіп болмайтын кезек шаршатады. Оны шешудің жеңілдеу жолдарын қарастыруға болмай ма?
– Бұл жерде пациент бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі дегеннен хабарсыз болса керек. Бұл сауалға жауап бермес бұрын мен аталған ауданда биыл алғаш рет көшпелі медициналық орталық жұмыс істегенін айта кеткім келеді. Оның құрамындағы Семейдегі диагностикалық орталықтың дәрігерлері ауданның барлық шалғай ауылдарында болып, екі-үш күннен жұмыс істеді. Нақтырақ айтсақ, семейлік дәрігерлер Тарбағатайда жаз бойы болды. Ал оқырман сұрағына келсек, Тарбағатайда екі бірдей аудандық аурухана бар. Бұл адам аса қауіпті немесе асқынып кеткен дерт болмаса, сол ауруханаларда-ақ емделе алады. Егер ол облыс орталығында емделуге бел байласа, оны аудандағы дәрігер жоспарлы госпитализация қағидатымен арнайы порталға енгізіп, кезекке қояды. Жалпы, біздің облыста науқастарды емдеуге жатқызу порталы төрт жылдан астам уақыттан бері істейді. Осы жерде қазір жаңа амбулаториялық-емханалық көмек порталы ашылғанын да айта кеткім келеді.
Ғафура Сәрсенбайқызы