Шаһар шаруашылығы

Қаланы көркейтудің жоспар-жобасы дайын

Жақын уақытта Семейдің келбеті қалай өзгереді, тарихи ескерткіштер сақтала ма және жаңа құрылыстар жүргізіле ме? Бұл туралы баспасөз мәслихатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, сәулет және қала құрылысы  бөлімдерінің өкілдері мәлімет берді.

Жуықта Семей жаңа келбетке ие болады, оның   жоспар-жобасы дайын.

– Жобада құнды, тарихи, мәдени және архитектуралық ескерткіш сынды барлық күрделі тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар сақталған – деді қалалық мәдениет бөлімінің өкілдері. Сонымен қатар, жобаға сәйкес қазіргі таңда жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда орта және көпқабатты құрылыстарды орналастыру қарастырылған. Жұмабаев, А.Павлов, Посмаков көшелері бойында аз қабатты үйлер кварталы ұсынылған. Жаңа  аудандар барлық әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз етілуі жоспарлануда. Чайковский, Морозов көшелері және Шәкәрім даңғылы бойындағы  бір қабатты үйлердің орындарына жобада тұрғын үй кешендері, бизнес-орталықтары жобаланған. Сонымен қоса, қаланың орталық бөлігінде жаңа қоғамдық ғимараттар, сауда үйлері, көпсалалы ойын-сауық орталықтары пайда болады.

– Ауданды көркейту және көгалдандыруға, Семипалатинка арнасы жағалауын абаттандыруға  басты назар аударылуда. Аталған ауданмен қаланың басқа бөліктерін жаңа магистральды және тұрғын көшелер желісі байланыстырады. Ауданды көгалдандыру білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарына, құрылыс маңайындағы учаскелерге жасыл желектер егу арқылы жүзеге асырылады. Жобаланған ауданда қазіргі уақытта бар  жасыл желектерді орталық саябақ, жағалаудағы саябақ, балалар саябағы және басқалары ұсынған – деп хабарлады Ардақ Исатаев.

Семейді жаңғыртумен қатар, қаланың тарихи келбетін жаңарту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді және бекітілді.

Қалалық маслихатта тарихи-мәдени мұралардың жағдайын анықтау және диагностика жасау бойынша екі уақытша комиссия құрылды. Олардың құрамына дербес бөлім өкілдері, мәдени, тарихи, білім беру мекемелерінің жетекшілері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Бірінші комиссияның мақсаты – мәдени мұра нысандарын анықтау. Екінші комиссияның мақсаты – тарихи, мәдени және архитектуралық нысанның сақталу деңгейін анықтауға бақытталған диагностика жасау,  ұйымдастырушылық талдау шаралар  кешенін жүргізу.

– Комиссия екі рет мемлекеттік тізімге енгізілген ескерткіштерді аралады. Қала ішінде 35 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері қаралды. Жұмыс барысында Мәңгілік Ел көшесі, 6-үй мекенжайында орналасқан «Бинар» қонақүйінің ішкі қабырғалары бұзылғаны анықталды. Бүгінгі күні ғимарат иесіне түсіндірме берілді және аталған мәселе  бойынша шара қабылдау үшін уәкілетті органға хат жолданды – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Назерке Аққожина.

 

Бүгінгі күні қала бойынша 66 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелген. Оның ішінде 34 архитектуралық және қала құрылысы ескерткіштері, 16 монументтік өнер, 16 тарихи және археологиялық ескерткіштері. 10 ескерткіш республикалық маңызда, қалған 56 ескерткіш жергілікті маңызда.

Қала ортасында орналасқан мал дәрігерлік институты ғимаратының қабырғасы құлағаннан кейін қала тұрғындарын «Ғимарат ескерткіш мәртебесін сақтай ма?» деген сұрақ мазалауда. Назерке Аққожинаның айтуынша, мал дәрігерлік институты ғимаратының тағдырын  облыстық комиссия шешеді.

– Қазіргі жағдайды ескеріп, аталған сұрақты әділ шешу үшін қалалық қоғамдық кеңес төрағасы З.Жамалтдинованың атына қоғамдық кеңес отырысында ғимараттың тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін сақтау немесе мәртебесінен айыру мәселесін қарастыру туралы хат жолданды – деді  Назерке Аққожина.

Қоғамдық кеңес шешімінен  және ғимарат иесімен тарихи-мәдени сараптама жасалғаннан кейін тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық комиссия  мәртебеден айыру немесе мәртебеден айырудан бас тарту туралы ұсынымдық шешім қабылдайды. Комиссия оң хаттамалық шешім қабылдаған жағдайда құжаттары Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссияға жолданады.

Сондай-ақ Қарағайлы ықшам ауданында әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған тұлғаларға берілетін көпқабатты тұрғын үй құрылысын салатын негізгі алаңдар анықталды.

Алаңның аумағы – 203 га, тұрғын үй қоры – 850,8 мың шаршы метр, 161 тұрғын үй  27,4 мыңнан астам адамды қамтамасыз етеді.

Ықшам аудан «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау, ішкі су бұру, телекоммуникация, жылу және электр жүйелерінің магистральды желілерімен қамтамасыз етілген. Жаңа тұрғын үйлер кварталішілік инженерлік жүйелерге қосылған.

Биыл тағы сегіз үй пайдалануға беріледі, олардың төртеуі несиелік, қалған төртеуі  сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Жалпы көлемі 61 мың шаршы метрді құрайтын 12 үйді салу құрылысына байқау жарияланды. Ықшам ауданда мектеп және балабақша құрылысы қарастырылған. 2025 жылға дейін ықшам ауданда 133 тұрғын  үй тұрғызып,  пайдалануға беру жоспарланған.

Флора Левина 

Семей.

Осы айдарда

Back to top button