Алакөлдің дамуы ауылға да әсер етті
Бұрынғы Жарбұлақ, қазіргі Қабанбай – Алакөл жағасындағы бірлігі жарасқан, құт қонған ауыл. Төрт жарым мыңдай тұрғыны бар елді мекенде екі мектеп, саз мектебінің филиалы, аурухана, пошта әрі байланыс торабы жұмыс істейді.
Сонымен бірге, біраз жыл бұрын іске қосылған «Алакөл-тазалық» серіктестігі, «Алакөл судан құтқару» стансасы, өрт сөндіру пункті, мал дәрігерлік топ, телемұнара, тасқыннан қорғау мекемесі қызмет етуде. Былтыр мұнда өлке тарихынан сыр шертетін заманауи мұражай ашылды. Сондай-ақ көшелерге асфальт төселіп, жолаяқтар салынды. Алакөл демалыс аумағының өркендеуі елді мекеннің де дамуына әсер етуде.
Ауыл аумағы құмдауыт болғандықтан егістік, жеміс-жидек алқаптары жоқтың қасы. Дегенмен, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Мал өсіріп, бордақылаумен айналысатын 56 ірі қожалық бар. Олар мал тұқымын асылдандырумен де шұғылдануда. Мысалы, «Қараапа», «Айдын», «Олжабай», «Құмғанбай», «Шынар», «Ардақ» – округтегі жүздеп-мыңдап мал айдап отырған шаруашылықтар. Сонымен қатар Қабанбай – Жалаңашкөл аралығындағы алпыс шақырым өңірде мал қыстақтары орналасқан.
– Бірнеше жыл қатарынан шаруашылықтар «Алғабас» қожалығының иесі Мәулетбек Қалиевпен шарт негізінде жалға асыл тұқымды бұқалар алып, ірі қараларын жаппай асылдандыру жұмысын жүргізуде. Бізде сонымен қатар, мал бордақылау алаңы бар. Биыл ірі қара 5900, қой-ешкі 20556, жылқы 1900 басқа көбейді. Осы жылы мал азығын молынан дайындадық. Қожалықтар түрлі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде субсидия алып, мал санын көбейтуде, – дейді тағайындалғанына көп бола қоймаған округ әкімі Бауыржан Қаңтарбаев. Атап өтерлігі, жаңа басшының мамандығы – зоотехник, 1989 жылы Семей мал дәрігерлік институтын бітірген.
Біраз жыл бұрын өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Қабанбай тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды. Биыл ауылдың белсенді азаматтары ұйымдасып, көпбалалы ана Айнұр Құрмановаға үй салып берді.
– Мақсат – округтегі мал басын 10-15 пайызға көбейту. Сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді мекенді заманға сай өркендетіп, мәдениетін көтеру, туризмді дамыту, – дейді ауыл әкімі.
Округ тұрғындары демалыс аймағының тіршілігі қызған кезден шипалы суға келушілерге қызмет көрсетеді. Ауыл бұл уақытта тұтас жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.