Шаһар шаруашылығы

Қалада биыл оң өзгерістер көп

Семей көшелерін көркейту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Биылғы жылыту маусымына дайындығымыз қалай? Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) өтудің ерекшелігі неде? Орталық саябақ қашан ашылады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев айтып берді.  

Жылыту маусымы

Биыл Семейде жылу маусымы мерзімінен бұрын – 25 қыркүйекте басталды. Маусым басталғанға дейін «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны нысандарында жоспарлы жөндеу жұмыстары белгіленген уақытта аяқталды.

Бүгінгі күні барлық нысан жылуға қосылған, жылу көздері кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Алдағы жылу маусымында 451 000 тонна отын жағылады. Көмірмен қамту жұмыстары 24 шілдеден бері іске асырылып, бүгінге дейін 71 139 тонна көмір жеткізілді. Қала әкімі, «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны мен «Қаражыра» АҚ арасында 105 000 тонна көмірді жауапкершілікпен сақтау туралы меморандум жасалды.

– Апта сайын жылу көздерінің жұмысына мониторинг жүргізілуде. Тұрғындардың қажеттілігі үшін 260 мың тонна көмір жеткізілді. Көмірді тұйықтарға жеткізуді «Жігер» ЖШС жүзеге асырады: Знаменск тас жолында (1 шақырым) бір тонна көмірдің бағасы – 8000 теңге, «72 квартал» тұйығында және Шығыс кентінде, алты саяжайда халыққа көмірді сату бағасы, тасымалдау қызметін қоса есептегенде тоннасы – 9500 теңгеден, – дейді Амантай Өтелбаев.

ПИК пен МИБ

Биылғы қаңтарда еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына елеулі өзгерістер енгізілді. Енді заңның негізгі қағидаты: «бір үй», «бір басқарма», «бір есеп». Көпқабатты үйлердің тұрғындары кондоминиум нысандарын басқарудың бір формасын таңдауға міндетті: мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым көппәтерлі тұрғын үй серіктестігі. Заң күшіне енгенге дейін тіркелген және әрекет етуші пәтер иелерінің кооперативтері өз қызметтерін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асыра алады.

– Бұған қоса олар көппәтерлі тұрғын үй кеңесіне беру-қабылдау актісі арқылы барлық құжаттарды өткізуге міндетті. Яғни, құрылысқа қатысты, көппәтерлі тұрғын үйді пайдалану және қызмет көрсету, кондоминиум нысанының жалпы мүліктерімен байланысты құжаттарды өткізуі керек, – деп атап өтті Амантай Өтелбаев.

Орталық саябақ

Орталық саябақтың ашылуы келер жылға шегерілді. Міне, екінші жыл семейліктер былтыр көктемде қайта қалпына келтіруге жабылған саябақтың ашылуын асыға күтуде. Жабылғаннан кейін үш ай көлемінде ашуға уәде берілген, кейіннен ашылуы екі айға, одан кейін мүлдем екі жылға шегерілді. Енді міне, қалалық ТҮКШ басшысы саябақтың биыл да ашылмайтынын хабарлады. Көп күттірген саябақтың нақты қашан ашылатыны әлі белгісіз.

– Саябақ келер жылы ашылады. Қыс мезгілінде біз саябақты  пайдалана алмаймыз. Конкурстық негіз арқылы саябаққа қызмет көрсету қарастырылуда. Аттракциондарды жазда ашу керек, – деп түсіндірді Амантай Өтелбаев.

ТҮКШ басшысы қаланы көркейтуге де тоқталды. Биыл Семейді көгалдандыруға және көркейтуге 1,312 млн. теңге бөлінген. Саябақтар, скверлер және алаңдарда, «Өлімнен де күшті» ескерткіші аумағында, көпірдің оң және сол жағалауындағы демалыс аймақтарында, зираттарға қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде.

Жасыл желектің санитарлық тазартуына шамамен 30 млн. теңге бөлінген. Ағаштарды кесу, бұтадан жасалған қоршауларды қию, апатты ағаштарды жасарту және апатты құрғақ ағаштарды кесу және түбірлерді қазу жұмыстары жүргізілуде.

Көгалдандыру және көркейту жұмыстары қаланың санитарлық жағдайына байланысты жалғасуда.

Ағаштарды кесу

Соңғы бірнеше айда ағаштарды кесу семейліктер үшін шынымен де, өзекті тақырыпқа айналды. Әлеуметтік желілерде қалалықтар шаһар орталығында, сондай-ақ шет аймақтарда ағаштардың жөнсіз кесіліп жатқанын айтып шағымдануда. Ағаштар облыстық аурухана ауданында, 343 кварталда және басқа да аудандарда, аулаларда кесілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев кесіліп жатқан ағаштар туралы нақты мәлімет берді. Оның айтуынша, тұрғындардың тіршілігіне бөгет болатын ағаштар кесуге жатады. Өйткені олар белгілі бір деңгейде адамдардың өміріне қауіп төндіреді.

– Күз бен көктемде ағаштарды кесу бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізіледі. Қалалықтарға қауіп төндіретін, жекелей алғанда электр желілеріне немесе жол белгілерінің көрінуіне кедергі келтіретін, жақын ғимараттардың құрылысына қауіп төндіретін ағаштар кесіледі, – деп түсіндірді Амантай Өтелбаев.

Қоқыс шығару

Қаладағы ұйымдастырылмаған қоқыстарды шығаруға 40 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде Лесотарная, Первомайская, 408 квартал, Селевин, Қарқаралы, Лебаев, Ак.Павлов, Мәрсеков, Құтжанов, Декоративная, Бөгенбай батыр, Қаржаубайұлы, Ұранхаев көшелеріндегі, Шәкәрім даңғылындағы, Кирпичный кентіндегі, Бейбітшілік (Полковничий) аралындағы, Павлодар тас жолының бойындағы зираттағы, Абай тас жолы және басқа да аудандардағы қоқыстар шығарылды. Жұмыстар ары қарай да жалғасады.

Семейде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен сегіз сервистік компания айналысады. Қоқыстың шығарылуына бақылау жүргізу бойынша әлеуметтік желілерде «Таза қала», «Қоқыс болмасын» топтары құрылған. Аталған топқа ТҮКШ бөлімінің, санитарлық полиция, ТКҚСҚБ, БАҚ және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілген.

Зираттарға қызмет көрсету

Зираттарға қызмет көрсету үшін биыл қалалық бюджеттен 1, 325 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі күні Семейде барлығы 16 зират бар, қазір олардың үшеуіне адамдарды жерлеуге рұқсат етілген. Олар: Павлодар тас жолының 18-ші шақырымындағы 150 га, Знаменск тас жолының бойындағы 120 га және Алматы тас жолының (жолдың оң және сол жақтары) бойындағы 22,5 га аумақты алып жатқан зираттар. Қалған зираттарға адам жерленбейді.

– Биыл ТҮКШ бөлімі мен «Семей» көгалдандыру және көркейту бойынша кәсіпорын арасында жерлеу орындарына қызмет көрсету жөнінде келісім жасалды. Жерлеуді тіркеу, рұқсатсыз жерлеуді болдырмау, сумен жабдықтау, қыс мезгілінде зиратқа кіреберіс жолдарды тазалау жұмыстары жүргізіледі, – дейді Амантай Өтелбаев.

Бүгінгі күні Семейде жерлеу қызметімен он компания айналысады.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button