Журналистік зерттеу

Қалаға келген қазаққа саяжай қоныс бола ма?

Елімізде соңғы жиырма жыл төңірегінде ауыл халқының қалаға қарай ағылуы қалыпты құбылысқа айналғаны белгілі. Иә, бұл үрдіске дұрыс немесе бұрыс деп, қандай да бір баға беру қиын. Қалаға қоныс аударушылардың жұмыс іздеу, сапалы білім алу сияқты қилы-қилы себептері болса да, мақсат біреу – жайлы тұрмыс пен өркениетке ұмтылушылық.

Қалаға келген қазаққа саяжай қоныс бола ма?

Иіс-қоңыс қолқаны қапқан мекен

Айтты-айтпады, қаншама қаракөз қандастарымыз қолындағы барын сатып, тоқтаусыз көшіп келіп жатыр. Көштің соңы көрінбейді. Бұл жерде атам қазақтың «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген нақыл сөзі еріксіз ойыңа келеді. Сонда қаланы жағалап келген жандарды жайлы тұрмыс күтіп тұр ма? Алдымен қаладағы бағасы аспандап тұрған пәтерлер мен үйлерге екінің бірі қол жеткізе алмасы айдан анық. Тұрақты жұмысы бар деген азаматтарымыздың өзі баспананы несиеге алса, енді біреулері Мәди ақынның тілімен айтсақ, «сайынан сая таппаған сайғақтай», қала маңындағы саяжайлардан басына пана іздеуге мәжбүр.

Бір қарасаң, бәрі жақсы сияқты. Қалаға жақын баспанаң, шағын да болса жер телімің бар, ең бастысы, бағасы қолжетімді. Бірақ саяжайда тұрудың қаншалықты қиын әрі мәселесі шаш етектен екенін Өскеменге қарасты «Лесхоз» елді мекені мен Глубокое ауданы, Степное ауылының арасында орналасқан саяжай тұрғындарының тірлігінен байқауға болатындай.

Қаладағы түрлі кәсіпорындардан тау-тау болып шығып, үйілген тұрмыстық қалдықтар аталмыш елді мекеннің «брендіне» айналғалы қашан. Қары тазаланбай, белуардан келген көшедегі жалғыз аяқ жолмен ілбіп келеміз. «Саяжай» деген аты болмаса, оның тұрғылықты мекенге айналып кеткені әр үйден шыққан түтіннен-ақ байқалады. Алдымен ат басын тіреген жеріміз «Эдельвейс» саяжай бірлестігі болды.

– Мен жуықта үйленген едім. Келіншегіміз екеуміз де қалада жұмыс істейміз. Ол жақтан баспана сатып алуды былай қойып, пәтер жалдаудың өзі біз үшін тым қымбат. Ал мына жақтан қалтамыз көтеретіндей бағаға саяжай жалдауға әбден болады. Болашақта қазір тұрып жатқан үйімізді басыбайлы сатып алсақ деген ойымыз бар, – дейді жас отағасы Ермек Нұролдаұлы. Енді бір жолықтырған адамымыз Бақыт Тоқтасынқызы деген азаматша болып шықты.

– Балаларымыздың қамымен Катонқарағай ауданынан көшіп келген соң осы жақтан жер алып, үй салып алған едік. Өзім қаладағы ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс істеймін. Бұл жақтан қалаға, атап айтқанда, жұмысқа барып-қайту өте қиын. Ушанов – Пристань бағытындағы автобустар өте сирек жүреді. Қыс кезінде жұмысқа бару қиындап, кешігіп қалатын кездерім жиі болып тұрады. Балаларым саяжайда тұратын басқа оқушылар сияқты, іргедегі Степное негізгі мектебіне барып оқиды. Қаладағы күрес секциясына қатысатын ұлым одан үнемі кеш қайтатындықтан, көшеде қаптап жүретін қаңғыбас иттер қапыда жазым ете ме деп те қатты алаңдаймыз. Медицина маманы ретінде айтарым, саяжайдағы жағдай ешқандай санитарлық талапқа сай келмейді. Мен бұл жердегі өзекті мәселелердің біріншісі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан тұрмыстық қалдықтардың дұрыс қоршалмауы дер едім. Ол қалдықтар сәл жел тұрса, үй-үйдің есігінің көзіне дейін ұшып келіп, шашылып жататынын қайтерсің. Екінші бір мәселе – саяжай маңында орналасқан шошқа фермасынан шыққан қалдықтардың тірі жан иесін тұншықтырып, қолқаны қабатын сасық иісі, – деді ол шарасыздығын жасырмай.

Өткен жылы күзде тұрғындардың теліміне өте жақын жерге шошқаның қилары мен қалдықтарын әкеп төгіп тастағанын біз де өз көзімізбен көрген едік. Кейде, еріксіз осындай өрескелдіктердің куәсі болғанда бұл жақта адам құндылықтарына қарағанда материалдық құндылықтар жоғары тұратын сияқты болып көрінетіні бар. Бұл жақты тұрақ еткен тұрғындардың жанына батқан кеселдің тағы бірі – ауызсу мәселесі. Саяжайдың шамасы келетін тұрғындарының біразы ауызсуды қаладан тасып ішіп отырса, бір бөлігі ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін, өздері қаздырып алған ұңғыманың суын пайдалануда.

Алты ай қыс қармен алысып жүр

Біз осы мәселені зерттеу барысында қаланың тап іргесінде тұрса да, ел шетінде қалғандай күн кешіп жатқан біраз адамдармен тілдескен едік. Сөзге тартқан адамдарымыздың бірі Бекен Мұздыбайұлы да біраз қордаланған мәселенің бетін ашқан. Оның:

– Бұл жердегі үйін саяжай ретінде пайдаланып, уақытша келіп-кетіп жүретін қалалықтарды есептемегенде, жүзге тарта отбасы тұрақты тұрып жатырмыз. Жалпы, мұндағы тұрғындардың нақты санын айту мүмкін емес, себебі: біреулерінің үйіне байланысты құжаты толық жөнделмеген, екінші біреулері тіркеуге әлі отырып үлгермеген. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі өзіміз сияқты әр жерден көшіп келген қаракөз қандастарымыз. Соңғы кездері шалғай аудандардан қоныс аударып, ұлтарақтай болса да, жер сатып алып, шамасына қарай үй салып жатқан жастар көбейіп келеді. Өзімнің де мұнда көшіп келгеніме бес жылдан асты. Үйді сатып алысымен күрделі жөндеу жүргізіп, қысқы үйге айналдырып алдық. Өзім такси жүргізушісі болып жұмыс істеп, отбасымды асыраудамын. Қыстыгүні қар жауған сайын көшенің жолы тазаланбайтындықтан, көлігімді шығарудың өзі мұңға айналып, үйде отырып қалатын кездерім де болады. Шамамыз жеткенше бірлесіп, қолмен күреп, жол ашқанымызбен, кейде апталап жауатын қар жолды тұтасымен алып қалады. Осындай қалаға қатынаудың қиындығынан өткен жылы кіші ұл-келінімді жас нәрестесімен қаладан үй жалдап, бөлек шығаруға мәжбүр болдық, – деген сөзі көпке дейін ойдан кетпей қойды.

Өз басым жуырда ғана осы саяжай-ауылда орналасқан бір үйде оқыстан өрт шыққанда өрт сөндірушілер жолдың жоқтығы себепті саяжай ішіне кіре алмай, тұйыққа тіреліп, ақыры баспана толықтай жанып кеткенін естіген едім. Абырой болғанда адам шығыны болмаған еді. Мұны көзімен көрген ел бас амандығына тәубе етіп қойған екен сол жолы.

Мұндағы жұрттың шымбайына батып жүрген тағы бір мәселе – олар жыл сайын саяжайдың мүшесі ретіндегі, тағы басқа да қажетті жарналарды толықтай, уақтылы төлеп тұрса да, тиісті қамқорлық көре алмайтындығы. Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде саяжай бірлестігінің төрағасы нешеме рет ауысты. Соның кесірін саяжайлықтар, атап айтқанда, осы жұрт көріп келеді. Тиынына дейін санап беретін жарналары тым болмаса олардың қысқы кезеңдегі жол тазалау шаруасына септігін тигізсе, кәнеки. Елді мекенде ел барын жарна жинау кезінде ғана естеріне алатын басшыларға бұл елдің мұңы сірә да жетпейтіндей. Олар осы мәселеге назар аударту мақсатымен тиісті мекемелердің табалдырығын талай тоздырыпты. Өкінішке қарай, әзірге ол қарекеттерінен ешқандай нәтиже болмай тұрған көрінеді.

«Біздің жергілікті атқарушы биліктен өтінеріміз, қаншама халыққа қоныс болып отырған саяжайды іргеміздегі Степное ауылының қарамағына кіргізсе. Тек сонда ғана саяжай-мекенімізде қордаланып қалған мәселелер оң шешімін тауып, тұрғындардың тұрмыс жағдайы дұрысталар еді» дейді тұрғындар.

PS. «Кімнің мұңын кім білер айтпаған соң» дегендей, бәрін жайып салған саяжайлық тұрғындардың проблемасы ендігі жерде шешіліп жатса да, жаман болмас еді. Олар түбінде бір игіліктің боларына сенеді…

Азамат Құмарбекұлы

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button