Шығыс – Адалдық алаңы

«Әділдік лигасы» үстем болды

Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы «AntiParaCraft-2021» квест ойыны өтті.

Ойынға Жер және қоршаған ортаны зерттеу мектебінің «Әділдік лигасы», Машина жасау мектебінің «Таза қол», Бизнес және кәсіпкерлік мектебінің «Әділет альянсы» және Жоғары IT-колледждің «Бес мың» командалары қатысты. Қазылар алқасы құрамында Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірінші проректоры Сәуле  Рахметуллина, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқарамысының басшысы Архат Бейсембаев, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты  Маржан Бахыт,  Әлеуметтік тәрбие жұмысы және азаматтық даму басқармасының басшысы Ақмарал Қазыкешова, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының аға оқытушысы Гульфия Берекполова және облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мейрамтай Иманғали болды.

Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел жиынға онлайн қосылып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ойынға кіріспес бұрын командалар өздерін таныстырып,  ұстанымдарын жеткізді. «Ситуациялық кейс-тапсырмаларды» шешуде қатысушылар сөз шеберлігін көрсетіп, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысты.  Келесі «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» бөлімінде студенттер Абайдың «Қара сөздерінен» кіл мықтыдан кім мықтыны анықтап, сұрақтарға жауап берді. Команда капитандары «Жағдаятты шеш» турына қатысып, өз білімдерін көрсете білді. Сонымен қатар студенттер арнайы бағдарлама арқылы академиялық адалдық тақырыбында тестке қатысып,  үй жұмыстарын көрсетті. Әр команда театрландырылған көрініс қойды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орынды  IT-колледждің «Бес мың теңге» командасы еншіледі. Екінші орынға Машина жасау мектебінің «Таза қол» командасы табан тіресе, бірінші орын  Бизнес және кәсіпкерлік мектебінің «Әділет альянсы» командасына бұйырды. Гран приді Жер және қоршаған ортаны зерттеу мектебінің  «Әділдік лигасы» ойыншылары жеңіп алды.

Еске сала кетейік, «AntiParaCraft -2021» квест ойынын ең алғаш Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өткізіп, челендж жолдаған болатын, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері бұл челенджді Шәкәрім атындағы Семей университеті студенттеріне жолдады.

DIDAR ақпарат

Back to top button