Жалақы төлемегендерге жаза бар
Облыста жыл басынан бергі он айда 1713 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталды.
Бұл туралы «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен тікелей эфирде облыстағы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов айтып берді.
– Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы биылғы он айда келіп түскен 1486 өтініштің 1252-сін қарады. Олардың дені еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды. Соның ішінде 76 өтініш құзыреті және аумағы бойынша басқа мемлекеттік органдарға жолданса, 96-сы қаралып жатыр. Қаралған өтініштердің 841-іне жазбаша түсініктеме берілді, оның 396-сы шағын және микрокәсіпкерлік өтініштері. Сондай-ақ 330 тексеру жүргізілді, оның 15-і-профилактикалық бақылау және қадағалау мақсатында өтті, – деді Бақытбек Қизатов.
Бас инспектордың айтуынша, он айда 1713 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары заңды бұзуға жол берген 164 заңды және лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 22,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салған. Оның 15,7 млн. теңгесі өндірілді.
Өткен он айда өндірісте 151 жазатайым оқиға болып, 164 адам зардап шеккен. Оның ішінде 21 адам мерт болып, 72 адам ауыр жағдайға душар болған. Тоғыз станок, машиналар мен жабдықтардың жұмысы тоқтатылып, 33 лауазымды тұлға еңбек міндеттерін орындаудан босатылды. Қазір арнайы тергеу материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 27 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі стандарттар енгізіліп, еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жүргізілген.
Сонымен қатар Бақытбек Қизатов еңбек саласындағы мәселелердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы да айтты.
– Әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында басқарма кәсіпорындардағы жалақы төлеудің мерзімділігі мен толықтығына күн сайын мониторинг жүргізеді. Берешекті өтеу бойынша мәселелері кәсіпорындардың басшылары шақырылып, дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың отырыстарында қаралады. Жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері облыстық дағдарысқа қарсы штабтың бес отырысында, әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның екі отырысында, облыстағы ахуалды болжау және бағалау жөніндегі мониторинг тобының 14 отырысында және жалақы бойынша берешекті жою жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтың жұмыс тобының отырысында қаралды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 059,7 млн. теңге көлемінде жалақы қарызы өтелді. Бұл ретте 185 кәсіпорында 7091 жұмыскердің құқығы қорғалды, –деді Бақытбек Қизатов.
Өндірістік жарақат алу деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда биыл бес пайызға төмендеген. Еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттік инспекторлардың күшімен 22 семинар, оның ішінде еңбек заңнамасы бойынша бизнес-тренер, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Н.Гилеваның, сондай-ақ «Еңбек ресурстары орталығы» АҚ өкілдері мен облыстың жұмыс берушілерінің қатысуымен бірнеше семинар өткізілген. Кәсіпорындардың ұжымдарымен және халықпен 430-дан астам кездесу өткізіліп, жеке мәселелері бойынша 2482 адам қабылдаған.
Айжанат Бақытқызы