«Дидардың» қонағы

Ғадылбек ЖАНАЙ, әнші: – Келіншегім – Ақылбек Жеменейдің құдашасы

Ғадылбек ЖАНАЙ, әнші: - Келіншегім – Ақылбек Жеменейдің құдашасы

Жуықта әнші Ғаділбек Жанай «Ханшайымым-ау» атты жеке шығармашылық концертімен Өскеменге келіп қайтқан еді. Сол кезде әншімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қай өңірдің тумасысыз? Ата-анаңыз өнерге жақын адамдар ма?
– 1982 жылдың 17 желтоқсанында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды деген шағын ¬ауылда қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйдегі он екі баланың оныншысымын. Өкінішке қарай, анам 2007 жылы 63 жасында дүниеден озды. Әкем қазір 90 жаста. Көзімізді ашқалы ата-анамыздың «біреудің ала жібін аттамаңдар, біреудің обалына қалмаңдар» деген ақыл-кеңесін естіп өстік. Қазір, құдайға шүкір, өз қолым өз аузыма жетті. Сәл шалыс кетсем, әкемнің сөзі есіме түседі. Отбасымызда өнерде жүрген жалғыз мен. Анам – өз ортасында керемет әнші болған адам. Бірақ ол кісі өнерден отбасын биік қойды.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Жұбайыңызбен қалай таныстыңыз?
– Бір ұл, бір қыздың әкесімін. Жұбайыммен Ақтау қаласында тойда таныстым. Келіншегім – Ақылбек Жеменейдің құдашасы. Екі жылдай хал-жағдай білісіп, соңынан шаңырақ көтердік.

«Есте сақта» бір-ақ күнде жазылды

– Білуімізше, өнер жолына алғаш қадам басқанда Ғаділбек Шүренбай деп шығып, аяқ астынан Ғаділбек Жанай деп тегіңізді өзгерттіңіз. Бұлай етуге не түрткі болды?
– Шүренбай – әкемнің аты, Жанай – атамның есімі. Халық енді тани бастаған кезде үнемі Ғаділбек Шүленбай, Ғаділбек Шөренбай деп шатастыра берді. Әкемнің есімінің бұлай қырық құбыла бергенін қаламадым. Сөйтіп, Ғаділбек Жанай деген оңайырақ естіліп, жақсы жатталатын шығар деп, атамның есімімен шығуды жөн көрдім.
– «Кетерміз енді не етерміз. Бақытқа бәлкім жетерміз, Өкініп мүмкін өтерміз» деп ән шырқап, көрермен қауымға танылдыңыз. Ел арасында «Есте сақта» әнінің әуені басқа ұлттікі деген қауесет бар. Бұл қаншалықты рас?
– Үлкен өнер сахнасына шықпай тұрғанда «Арман жолдар», «Қимас сезім» деген әндерді айтып жүрдім. Әйтсе де, ел-жұрт мені, шынында да, сіз айтып отырған «Есте сақта» әні арқылы таныды. Тіпті, тыңдарман «мына әнді кім айтады екен?» деп, іздей бастады. Бірақ оны мен хит болады деп ойламаппын. Бұл әннің әуені – гректікі. Интернеттен тауып алдық. Әуені көкейімнен кетпей қойды. «Басқа ұлттың әнін қазақшалау қалай қабылданар екен?» деген де күмән болды. Әйтеуір сәті түсіп, әннің сөзі бір-ақ күнде жазылды. 2008 жылы бір топ жігіт Аягөзден Алматыға пойызбен келе жаттық. Арамызда айтыс¬кер ақын Ринат Зайытов бар. Оған әнді тыңдаттым да, «Ринат, осыған есте қалатындай етіп сөз жазып берші» деп, бір досымның басынан өткен махаббат хикаясын қоса баяндап бердім. Ол бірден кірісіп, лезде жазып берді. Әнге салып көрсек, қайталап айта бергің келеді, айта бергің келеді! Ринаттың шеберлігін көрмейсіз бе, хикаяның мазмұнын сақтай отырып, қайырмасына «Есте сақта…» деген сөзді қолданды. Ең қызығы, сол күн менің туған күнім болатын (17 желтоқсан). Алматыға келген соң, Қуаныш Қабанбаев деген музыкантқа өңдеттім. Осы ән менің шығармашылығымның қозғаушы күші болды. Бірде Ақылбек Жеменей: «Ғаділбек бұл әнді, бұйыртса, өмір бойы айтатын шығарсың?» – деп еді (күлді). Сол айтпақшы, қай-да барсам да, бірінші осы әнді сұрайды. «Есте сақта» белгілі бір уақытқа тәуелді емес, қай кезде де өз мәнін жоғалтпайды деп ойлаймын.
– Репертуарыңыздағы әндердің басым көпшілігі мұңнан тұрады. Неге мұңға жақынсыз?
– Оныңыз рас. Бірде қолтаңба беріп, соңына «Ізгі тілекпен Ғаділбек» деп жазсам, әлгі қыз маған қиыла қарап «Мұңды жігіт» деп жазыңызшы» дегені бар (күлді). Бірақ соңғы кезде әзіл-қалжыңы аралас «Авадағы қыз», «Ханшайымым-ау» атты әндерді енгіздім ғой.
– «Авадағы қыз» деген әніңіз біреулерге ұнаса, біреулердің көңілінен шықпады.
– Бұл ән туралы көп сын естідім. Сонша мағыналы әндер айтып келіп, «Авадағы қыз» деген әніңізбен таңдандырдыңыз. Осындай бағытқа ауыстыңыз ба? деп айтқандар көп болды. Бұл ән әзіл ән ғой. Қазір көп уақытымызды алып жатқан ғаламтор туралы. Таныстық та сонда қызып жатыр. Ринат екеуміз әуенін тыңдап отырып, бір әзіл ән болсын деп шығарғанбыз. Көбісі мені мұңды, қайғылы әндер айтады деп бағалайтын. Бір жағынан сол стереотипті бұзғым келді.
– Өткен жылдағы шығармашылығыңызда жыл жаңалығы ретінде нені айтасыз?
– Өнер адамы үшін шығармашылығындағы басты жаңалық — жарыққа шыққан туындысы. «Ханшайымым-ау» әні халық көңілінен шықты. Бұл үшін қуаныштымын. Әннің мақсаты жарыма деген ризашылықтан туған. Бұл әуен арқылы қазақтың азаматтары өмірлік серіктерін қалай құрметтейтінін байқап риза болдым. Әйтпесе, бұл ән халық арасында кең тарамас еді деп ойлаймын.
– Ән таңдағанда әуеніне көбірек мән бересіз бе, әлде сөзіне ме?
– кеуіне де баса мән беремін. Десе де, сөзіне көбірек көңіл бөлемін. Әр әнші өзінің не айтып тұрғанын, әні арқылы не жеткізбек болғанын біліп тұрғаны дұрыс. Себебі, ән жарыққа шыққаннан кейін оны қайта түзету мүмкін емес. Жарыққа шыққанша түзетіп үлгеруге тиіспіз.

«Күнде келіп тұрмасақ, менен таяқ жейсің»

– Өнерге алғаш қадам басқанда сізге демеу болып, бағыт-бағдар берген әншілер бар ма?
– Мені жетелеп келе жатқан – ағам Ұлықпан Жолдасов. Ал ол кісіге дейін Таңат деген досым болмағанда Алматыға келер ме едім, келмес пе едім. Ол «Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында байқау өткелі жатыр, үлгерсең, түсіп кетуге мүмкіндігің бар» деді. Үш күн жүріп келсем, байқау өтіп кетіпті. Сонымен, шегінуге жол жоқ, Алматыда қалдым. Мейрамханаларда ән айттым. Бір күні досым екеуміз жатақхананың алдында тұрсақ, анадайда машинадан таныс бір кісі түсіп жатыр. Қарасам, Әсет Масабаев. Ақтауда екі-үш рет дәмдес болғанбыз. Жүгіріп барып, амандастым. Осында келгенімді айттым. «Осы уақытқа дейін неге хабарласпадың?» деді де, «Тұра тұр, қазір студияға барамыз» деді. Сөйтіп, Ұлықпан ағаға бардық. Ол кісі сол күні-ақ «Алматыдағы бір үйің осы студия болсын. Күнде келіп тұрмасаң, менен таяқ жейсің» деп әзілдеп, ағалық қамқорлығын сездірді. Қазірге дейін осы екі кісінің қолдауымен келе жатырмын.
– Ұлықпан Жолдасов ағалық қамқорлығын аяған емес деп қалдыңыз. Ендеше «Каспий» тобы құрылған кезде неге құрамына кірмедіңіз?
– Мұндай ой болды. Бірақ Ұлықпан ағам «Сен жеке әнші болуың керек, мұны қазір түсінбесең де, кейін түсінесің» деді. Мен де сол шешіммен келістім.

– Сіз өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау» клубында ойнайсыз. Өзіңіз қай клубқа жанкүйерлік етесіз?
– Мен мадридтік «Реалдың» жанкүйерімін. Бітіспес қарсыластар «Реал» мен «Барселонның» ойынын жібермей көремін. Мен үшін футбол — бір төбе, «эль-классико» — бір төбе. Эль-классико дегеніміз ол – аталған екі команданың ойыны. Себебі, бұл екі клубта әлемнің ең үздік футболшылары өнер көрсетеді. Қандай жағдайда (ұтқанда да, ұтылғанда да) командамен бірге болатын жанкүйердің бірімін. Өзім «Реалдың» жанкүйері болсам да, мықтысы жеңсін деймін!
– Спорт туралы әңгіме өрбіп кетті. Футболды жақсы көретініңізді айттыңыз. Құпия болмаса бәс тігесіз бе?
– Мен бәс тікпеймін. Ондайға жоқпын. Жалпы спорт жанкүйерлерін екіге бөліп қарауға болады: бәс тігетіндер және шынайы жанкүйерлік танытатындар. Мен екіншісіне жатамын. Бәс тігіп, байып кеткен адамды көрген жоқпын. Оңай келген ақша, оңай кетеді. Бәс тігіп, фанат болып жаға жыртысқанша, ақылмен жанкүйерлік танытқан дұрыс. Жанкүйерлердің жақ-жақ болып қырылып жататыны күлкілі. Кейде қызылкеңірдек болып қырылысып жатқан достарыма, «олар сендерді танымайды да, сонша не болды, бұрын руға бөлінсек, қазір «Реал» мен «Барселона» болып бөлінетін болдық қой» деп әзілдеп қоямын.
– Өзіңіз ойнайтын «Алатау» футбол клубы қалай құрылды? Қателеспесем, сіздер екі жыл қатарынан Ресейдің «Арт-футбол» жобасына қатыстыңыздар.
– Бастапқыда футболға деген қызығушылығы бар өнер адамдары жиналып, доп теуіп жүрдік. Қазір мен оң қапталдағы қорғаушымын. Қыстыгүні жабық алаңдарда шағын футбол ойнасақ, күн жылығанда жасыл алаңға ауысамыз. Ерлан Әлімов пен Ғалымжан Арыстанбекұлы есімді продюсерлердің бастамасымен Ресейдің патенттеп алған «Арт-футбол» жобасына қатысуды ұйғардық. Бұл ұйымға мүшелікке өту оңай болған жоқ. Кәдімгі УЕФА секілді қатаң талаптар қойды. Сондықтан Сәкен Майғазиев ағаларымыз бас болып өзіміздің өнер саласында жүргендігімізді растайтын бейнероликтер жібердік. Алғашқы жылы 7-орыннан көрінсек, биыл 5-орынға тұрақтадық. Ілгерілеу бар. Командамыз құрылғалы облыс, аудан орталықтарына жарыстарға шақырып тұрады. Себебі, біздің негізгі мақсат – жастарды бұқаралық спортқа баулу. Сахнадан ғана көріп үйренген көрерменге біздің алаңда сүрініп, құлап немесе гол соғып қуанғанымыз да қызық деп ойлаймын. Ауыз толтырып айтарлықтай доп тебе алмасақ та, Абай атамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ақылына құлақ асып, қолдан келгенше тырысудамыз.
– Қазақ футболының болашағына сенесіз бе?
– Бізге жанкүйерлік жетіспейді. Нәтиже жоқ болғанымен, жұмыс бар. Ал жұмыс болған жерде түптің-түбінде нәтиженің болатыны анық. Сондықтан мен болашақта қазақ футболы дамитынына сенімім мол.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button