Абылай ханның тұлпары
…Бірде Абылай серуендеп келе жатып қалың орманның ішінде бір қалашыққа кездеседі. Әлдебір адамдар арбадан зеңбірек пен мылтық түсіріп, қалмаққа табыстап жатыр екен. Ұзақ қарап тұрып ақыры бұның қалмаққа қару тасып әкеліп жүрген сарттың керуені екеніне көз жеткізеді.
(Кейіннен елге аман-есен қайтып, батырлармен, билермен бір кеңес үстінде отырғанда осы жайында айтыпты.
– Кім біледі, Алла-тағала өрісімді кеңейтейін деп тұтқынға әдейі түсірген шығар. Бұрындары қалмақ бүкіл даланы өртеп өтіп, сарттың іргесіне лықып келіп, ары қарай бармай кері қайтқанын талай көрдім. Сонда, бұл не жұмбақ, базарлы кентке енді жеткенде, аттың басын кері бұрғаны несі деп ғажап қалып, түсінбей жүрдім. Осы жұмбақты мен тұтқында отырып шештім. Қалмақ пенен сарт бір тудың астында екен. Қалмақты қаруландырып отырған сарт екен. Дін қарындас деген сарт осылай істегенде, басқа не істемейді. Мына кең дүниеде қазақтың арқа сүйейтін досы да, ешкімі де жоқ екен. Ешкімнен көмек болмайды екен. Қазақтың бір ғана досы бар екен. Ол – өз қазағы екен деп).
Сонымен жылжып жыл өтеді. Айтылған мерзімде Әбілпейіз сұлтанды алып, қаншама тарту-таралғы көтеріп қазақтың елшілері келеді.
Қалдан Серен өзінің Қоша Мерген деген бір биінің қызын Абылайға әйелдікке беріпті. Бұл, Қасым сұлтанның шешесі, Саржан мен Есенгелді, Кенесары мен Наурызбайдың әжесі Топыш еді. Сонымен елшілер Әбілпейіз сұлтанмен қош айтысып, Абылайды алып елге қайтады.
Жолда келе жатып Абылай бірнеше мазар кездескенде сол жерді Көкбалақ тұлпарымен айнала шауып, айқайлап, содан соң жерге етбетімен жатып еңіреп жылапты. Ешкім ештеңе демепті, себебі, бұл Абылайдың екі жүз нөкерінің өлген жері екен. Кейіннен Абылай айтты дейді : «Кезінде қалмаққа көзжасымды көрсетпейін деп жыламай кетіп едім. Мен үшін, мені қорғап өлген қайран достарым ит-құсқа жем болып қала берді. Міне, сол жерге келгенде соларды жоқтап жылап едім» деп.
Күндердің күнінде Қалдан Серен жасы жетіп өледі. Әкесінің орнына хан болған Сыбан Доржы сол күні-ақ Әбілпейіз сұлтанды жанындағы нөкерлерімен еліне қайтарып жіберіпті. Қалмақ аманатқа алған адамды неғып қайтара қойды деп жұрт қайран қалғанда, Абылай айтты дейді: «Оның қайран қалатын ештеңесі жоқ, енді қалмақ бүлінеді, сондықтан Сыбан Доржы әкесі сияқты ақылды адам, аманатта отырған қазақтың төресі бостан-босқа өлмесін деп қайтарған» деп.
Сонымен қалмақ неше жыл бүлініп, ақырында Әмірсана мен Дабашы деген екі ханзада Абылайға қашып келіпті. Кезінде Қалдан Серен: «Мен өлгеннен кейін жиенім Әмірсана басына қиын-қыстау күн туып, алдыңа келсе көмектес. Мен болмасам, мына нояндар сені өлтіретін еді. Мен сені өлімнен құтқардым. Енді сен де Әмірсанаға жақсылық қыл» деп Абылайдан серт алған екен. Абылай екі ханзаданы жақсылап қарсы алады. Көп ұзамай қалмақтан елшілер келіп, хонтайшы Лама Доржы саған сәлем айтты, қалмақпен бұдан былай да бітімде болам десе, Әмірсана мен Дабашыны кісендеп қайтарсын деп жатыр дейді. Абылай елшілерді күттіріп қойып, құрылтай шақырады. Бүкіл билер мен батырлар «Әмірсана мен Дабашыны қалмаққа бермеу керек» деп шешім қабылдайды. Сол күні Абылай елшілерге құрылтайдың шешімін айтады.
Қалмақтың бас елшісі: «Баяғыда қазақтар келіп сұрағанда біз сені қайтарып едік. Сонда қалмақпен енді жауласпаймын деп ант-су ішіп аттанып едің. Енді хонтайшының бір тілегін орындай алмадың. Бұның не? Қулығыңа құрық бойламайтын қу екенсің Абылай» депті. Абылай: «Менің елім қалмаққа елші жібергенде мені алтын таққа отырғызып хан қылу үшін сұрап алды. Ал сендер қазақты паналап келген Дабашы мен Әмірсана ханзаданың басын алу үшін сұрап отырсыңдар. Қазақ пана сұрап келген адамды жауға бермейді» депті. Елші: «Сонымен бітім аяқталды. Енді соғысамыз. Мына далаңды қанға батырамыз» дейді. Абылай «Менің алдымда тұрып, осылай асқынып сөйлегенің үшін басыңды алып, хонтайшыңа сәлемдеме қылып жіберуге болар еді, ит қалмақ. Бірақ біз мұсылманбыз, сиынғанымыз бір – Алла. Біздің заңымыз елшіні өлтіруге тыйым салады. Сондықтан жаның – олжа, бар. Хонтайшыңа сәлем айт, тұрысатын жерін айтсын» дейді.
Елшілер қайтып кетеді. Апта өтпей-ақ қалмақтың жер қайысқан әскері ел шетіне келеді. Соғыс Аякөздің сол жақ жағалауындағы Нарын, Ақшәулі, Қоңыршәулі деген жерде болыпты.
Тамызда басталған соғыс қараша мен желтоқсанға созылыпты. Қазақ пен қалмақ бірін-бірі ала алмай, әбден қалжырапты. Осы алмағайып күндердің бірінде Абылай өзінің ордасына Дабашы мен Әмірсананы шақыртады:
– Айтыңдаршы, – депті Абылай, – Лама Доржының ордасында қанша төлеңгіті бар?
– Қалдан-Серен әкемізден қалған әдет бойынша ордада үнемі елу адам күзетші болады, – депті Әмірсана, – Ал қалған әскердің барлығы өзің көріп тұрғандай қазақпен соғысып жатыр.
– Енді сөз тыңдаңдар, – депті Абылай, – Сендер ұмытпасам екі жүз нөкер ертіп келдіңдер. Мен соны өзімнен кісі қосып, мың әскер қылып берейін. Әскерді Баян батыр бастап барады. Жолды жақсы білетін Маддақияны қосып беремін. Сендер қасқыржым соқпақпен ел көзіне түспей жүріп жоңғарға барасыңдар. Егер айтқандарыңдай, Лама Доржының ордасында адам аз болса, жолдарыңның болғаны. Тіпті, көп болса да, қорықпаңдар. Менің сарбаздарым нағыз сайыпқыран, сайлауыт әскер. Лама Доржының ордасын аласыңдар. Ары қарай не істеу керек екенін білесіңдер.
Екі ханзада бір-біріне қарап үнсіз отырып қалыпты.
– Сендер, не осы айтқанды орындайсыңдар, ал болмаса онда өмір бойы осылай қуғында өтесіңдер, – дейді Абылай, – Біз қалмақпен бітімде отырмыз. Лама Доржымен соғысатын ешқандай жөніміз жоқ еді. Біз сендер үшін қынаптан қылыш суырдық.
– Жарайды, Абылай, келістік, – дейді Әмірсана мен Дабашы.
– Ал, олай болса, мен сен екеуіңді билікке жеткізейін деп отырмын, – дейді Абылай, – Енді сендер де менің бір тілегімді орындаңдар.
– Айтыңыз, хан, – депті екі ханзада.
– Дабашы, сенің жасың үлкен, жол сенікі, сондықтан сен қалмаққа хан боласың, – дейді Абылай, – Ал, Әмірсана, сен ханның мұрагері – қалға боласың. Ендігі әңгіме былай, Дабашы. Таққа отырып бүкіл ұлысқа билігіңді орнатқаннан кейін, бүкіл қалмақтың әскерін кері қайтарып ал, қазақтың даласынан алып кет.
– Құп, – дейді Дабашы.
Содан соң Абылай ордаға Баян батыр мен Маддақияны шақыртады.
– Баян, Маддақия, – депті Абылай екі батырына қарап отырып, – Мен екеуіңді бір қиын жолға жұмсайын деп отырмын. Екеуің бір мың қаралы әскерді бастап жоңғарға аттанасың. Естеріңде болсын, сендерді ешкім көрмеуі керек. Әмірсана мен Дабашы сендермен бірге аттанады. Сендер Лама Доржының ордасын шауып, дереу басын аласыңдар да, қалмақтың тағына ханзада Дабашыны отырғызасыңдар. Әрине, қиын шаруа. Екеуің қайтпай қалуларың да мүмкін. Соғыста не болмайды дейсің. Бірақ мен екеуіңе кәміл сенемін. Өзіме сенгендей сенем. Сондықтан басқа емес, екеуіңді жұмсап отырмын.
– Құп, хан ием, – дейді екі батыр.
– Естеріңде болсын, сендер Әмірсана мен Дабашыны көздің қарашығындай сақтаңдар, – дейді Абылай – Бүкіл қалмақ Дабашыны хан деп мойындағанда ғана екеуің елге қайтасыңдар.
Сонымен екі ханзаданы ортаға алған мың әскер түн ішінде аттанып кетеді. Сол кеткеннен селдіреген қазақтың жасағы ақпанның аяғы, наурыздың басында елге жетіпті. Сол екі арада Нарын мен Аякөздің бойында тағы қаншама қан төгіледі, Алаштың талай боздағы шейіт болады.
Үсік шалып, бет-ауыздары қарайып кеткен Баян мен Маддақия кіріп келіп, тері қаптың аузын шешіп Лама Доржының басын Абылайдың алдына домалатып тастай салған деседі. Абылай кесір басты тұлымынан көтеріп, жұмулы көзге қарап тұрып: – Е, Лама Доржы, менің қанымды ұрттау – арманың еді. Ақырында өз басыңды жұтыпсың, – депті.
Батырларды құшақтап алғысын айтыпты. Аздан соң жаңа хан Дабашыдан келген қатқыл бұйрық бойынша бүкіл қалмақтың әскері атыс-шабысты тоқтатып, тулары желбіреп еліне қайтыпты. Бұдан кейін қалмақтың басына да небір зобалаң келіпті. Одан кейін атажау жер бетінен жойылғанша, соғыстың барлығы сол қалмақтың топырағында өтіпті. Абылай бахадүр «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қарымтасын осылай қайтарған деседі.
Кейін ханның атын бағатын жылқышы келіп:
– Хан ием, сіздің Көкбалақ тұлпарыңыз өлейін деп жатыр, – дегенде, Абылай жеке тігулі үйде басын соғып өмірмен қоштасып жатқан Көкбалақтың жанына келіп, басын сүйеп, қамығып:
Ертеңіне ханның тұлпарын, бөренеден биік алау жағып, өртепті. Кейіннен Абылай айтты дейді: «Сендер көрдіңдер ме, от азайғанда Көкбалаққа қанат бітіп орнынан тұрды, содан соң аспан қақ айырылып, баяғы менің екі жүз нөкерім, кіл қанатты ат мініп, ұшып келіп, Көкбалақты өздерімен бірге ертіп алып кетті» деп.
***
Иесі Абылаймен тұтқында бірге болған, кейін тұяғынан от шашып талай ұрыс-соғысқа кірген Көкбалақ тұлпар осындай аңыздық тұлға. Кейіннен ханның күйшісі Байжігіт әйгілі тұлпарға арнап күй шығарыпты. «Көкбалақ» деп аталатын бұл күй қазақтың ішінде әлі күнге дейін тартылады.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
(Соңы. Басы газеттің №136 нөмірінде жарияланды)