Ел жаңалықтары

«Ақылды омартаны» ойлап тапты

Бүгінде Ресей, Қырғыз және Белорус елдерінде кеңінен қолданылып жүрген омарта шаруашылығын жүргізді оңайлататын «Ақылды омарта» және «Омарташы» электрондық бағдарламалары Бородулиха ауданында жасақталды дегенге сенесіз бе? Ия, мұны   Ивановка орта мектебінің мұғалімі  Николай Громов  жасақтап шықты.

Ауыл мектебінің оқушылары түрлі халықаралық конкурстар мен турнирлерде жақсы көрсеткіштерге ие болуда. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналар болса, балалардың мұндай жетістіктерге жетуін информатика пәні мұғалімі  Николай Громовтың еңбегімен байланыстырады.

Николай туған ауылына қайта оралған жас маманның бірі. Оқушы кезінен-ақ ерекше қабілетімен ел арасында танымал болған ол жастайынан компьютерге жақын болған екен. Орта мектепті тәмамдаған Николай ауылынан ұзап кетпеді. Семейдегі информатика мамандарын даярлайтын колледждердің біріне оқуға түсіп, тамамдаған соң туған ауылына қайта оралды. Ол бала кезінен ұстаздық етіп, кейінгі ұрпаққа қандайда бір тәлім-тәрбие беруді армандаған екен. Міне, осы жолды берік ұстанған жас маман білімі мен біліктілігіне сай үлкен қаладағы жұмысты қиыршық құмын жел көтерген  ауылға айырбастаған. Дегенмен оның ісі мұнда да бағалаусыз қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, біраз бұрын жұмыста жақсы көрсеткіштерге жеткен Николай аудан әкімінің 100 мың теңгелік грантына ие болған екен.

 Ауылдың өмірі қалаға қарағанда қиындау екенін барлығымыз білеміз. Ауыл адамының ауласында жеке шаруашылығы қайнап жатуы керек. Болмаса мұнда өмір сүру тіптен мүмкін емес. Осы себепті таң қылаң бере көзін ұйқыдан ашатын ауылдықтар бірінші кезекте қорадағы малын жайлап, ауласын тазартуға кіріседі. Сонан соң ғана киімін реттеп, мектепке бет алады. Жұмыстан келген соң да сол күйбең тіршілігі аяқталмайтын ауыл өмірі ұстаз үшін дәптер тексеру мен басқа да құжаттарды ретке келтіру жұмыстарын  кешке қалдырады. Осылайша, түн жарымның қалай болғанын байқамай қалатын мұғалімнің қала өмірін аңсайтыны да осыдан болар.

Еліміздегі білімнің ақпараттануы ауыл мұғаліміне деген талапты қаланікімен бірдей қоятыны белгілі. Осыған орай ұстаз бен оқушының ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі біздің қоғамда өте маңызды. Николай Громовтың айтуынша, қазіргі мектептер оқушыларды ақпараттық қоғамға дайындап шығаруы тиіс.

– Балаларды жоғары технологиялық әлемге дайын етіп шығару үшін оларға бар жағдай мектеп қабырғасында жасалу керек. Сондықтан қазіргі уақытта мейлі ауыл, мейлі қала мектебі болмасын осы мәселеге жақсылап назар аударуы тиіс, – дейді ол.

Ивановка орта мектебі директорының міндетін атқарушы Смағұл Сәлімовтың айтуынша, ауыл мұғалімі қарапайым әрі адамдарға жақын болуы тиіс. Ұстаз бірде психолог, бірде кеңесші  болды. Олардың атқаратын басқа да қоғамдық жұмыстары бір төбе.

Бағдарламаны шетелдік омарташылар пайдаланып жүр

Николай Громовтың оқушылары түрлі облыстық, республикалық, тіптен халықаралық конкурстар мен сайыстарда бірнеше рет жеңіске жеткен. Ивановка орта мектебінің жоғары сынып оқушылары Мәскеуде өткен бірнеше халықаралық жарыста жүлделі орындарға ие болған еді. Осындай жетістіктердің бірі ретінде Громовтың бастамасымен жасақталған компьютерлік бағдарламаның «Парыз» қорының жүлдесі мен 320 мың теңгелік грантына ие болуын айта кетуге болады. Ал бастапқыда жергілікті жердегі кішігірім омарталарға ғана арнап жасақталған «Омарташы» және «Ақылды омарта» бағдарламаларын қазіргі уақытта Ресей, Қырғызстан және Белоруссия елдеріндегі омарташылар кеңінен қолдануда.

Николайдың айтуынша, мұндай бағдарламаны жасақтау кездейсоқтықтан туындамаған көрінеді. Бородулиха ауданында омарташылықтың жақсы дамығаны  аян. Алайда осы кәсіптен хабары жоқ адамға омарташылық көп тер төкпей пайда әкелетін әрі жанға жайлы жұмыс көрінуі мүмкін. Дегенмен 2-3 қана бал ара ұясын ұстайтын кәсібін жаңадан бастаған омарташының өзі сізге бұл істің бірқатар қиын жақтарын қазір-ақ тізбелеп беруге дайын.

Омарта ісінде қомақты қаражатты, уақытты жұмсамай және алдыңғы қатарлы технологияларды қолданбай қандайда бір жетістікке жету мүмкін емес. Ал Николайдың бастамасымен дайындалған «Ақылды омарта» компьютерлік бағдарламасы болса, міне, осы талаптардың барлығына дерлік жауап беруге әзір. Аталмыш бағдарлама әр бал ара ұясының жағдайын толықтай бақылауға алып, оның ішінде болып жатқан үрдістерді тіркеп отырады. Сондай-ақ бал ара ұясында қандайда бір тосын жағдай орын алса, бірден омарташыны хабардар етеді. Бұдан бөлек, бағдарлама ұядағы жағдайды смартфон арқылы бақылауға,  нақты ауа райы жағдайын тексеруге, бал ара ұясының құлауын немесе ұрлануын уақытылы хабарлауға мүмкіндік береді.

Жас педагог-реформатор қазіргі білім берудің басты стандарттарының бірі мұғалім бен оқушының ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі екенін алға тартады.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, ақпараттық қоғамда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тек әлеуметтік желілермен ғана байланыстыру белең алғаны белгілі. Қолдағы смартфонның көптеген мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану көпшіліктің ойына кіріп-шықпайтыны белгілі. Ал Ивановка орта мектебінде бастау алған игі іс нақты бір базаға негізделген, яғни бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының белгілі бір бөлігін жақсартуға бағытталған. Осыдан болар, оның шетелдерде іске жарағаны.

Артықшылығын айтсақ…

Бүгінде омарташы бал ара ұяларындағы жағдайды көзімен көру үшін белгілі бір мерзімде оның қақпағын ашып, ішіне үңіліп отыруы қажет. Бұл оның 70 пайыз уақытын алатыны белгілі. Ал сіреңке қорабындай ғана көлемдегі «Ақылды омарта» бағдарламасының құрылғысы ара ұясының ішіне орналастырылып, омарташыға ұяның қақпағын ашпай ішіндегі үрдістерді бақылауға мүмкіндік береді. Көрші Ресей омарташылары болса мұндай құрылғының жақын 7-8 жыл ішінде омарташылардың түгелдей дерлік қолданысқа алатынан сенімді. Бұл бал өндірудегі пайданың еселеп артуымен қатар, бал ара ұясын жиі бұзылудан сақтайды. Өйткені омарташы ара ұясының қақпағын ашып-жапқан соң, бал араларының ұяны қалпына келтіруі бірнеше сағатқа созылады.

Айзере Сұлтан

Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button