АҢСАҒАН СӘБИ – АСЫЛ АРМАН
Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып жүр. Кейбір отбасылар үшін бұл – ажырасудың басты себебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын жеті мыңға дейін, яғни, жеті есе көбейту қажеттігін айтты.
Еліміздің отбасылық-демографиялық ахуалын жақсарту мақсатында ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне (ТМККК) енгізілген болатын. Өңірде жыл сайын жүздеген отбасы осы бағдарламаға бөлінген квотаға іліну үшін кезекте тұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, биыл өңірімізге 80 квота бөлініпті, ал мұқтаж жанұялардың саны алты жүзден асады. 2018 жылы ТМККК бойынша квота алу үшін кезекте тұрғандар саны 667, 2019 жылы – 594, ағымдағы жылы – 600-ден астам жұпты құраған. Бөлінген квоталардың игерілуіне келсек, 2018 жылы бөлінген 65 квотаның 62-сі игеріліп, үшеуі қайта бөлініпті. Игерілген 62 циклдің 18 жағдайында отбасы сәби сүю бақытына ие болды (29 пайыз). Өткен жылы бөлінген 69 квота толығымен игеріліп, 24 жағдайда оң нәтиже көрсеткені қуантады (34,7 пайыз). Биыл 80 квота бөлінген.
Бұл құрғақ сандардың артында бір шикіөкпені бір иіскеп, мауқын басқысы келген қаншама жұптың асыл арманы жатқанын біреу түсінсе, біреу түсінбес.
Мыңдаған бала құтыдан туды
1996 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан мен Орта Азияда құтыдан тұңғыш сәби дүниеге келді. ЭКҰ әдісімен туған алғашқы қазақстандық бала биыл 24 жасқа толады. Құтыдан шыққан тұңғыш қазақстандық баланың авторы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, “Қазақстанның 100 жаңа есімі” ұлттық жобасының жеңімпаздарының бірі, биология ғылымдарының докторы, еліміздегі алғашқы және жетекші ЭКҰ орталықтары мен бедеулікті емдейтін «Экомед» клиникасының негізін қалаушы – Салтанат Байқошқарова. Егер Салтанат пен жұбайы Батыр Бекмұсаевтың өздері де жеті жылдай бедеулікпен күреспесе, елімізде мұндай әдістің қашан қолға алынарын кім білсін?! Олар құрған зертханалардың арқасында мыңдаған балалар дүниеге келді, олардың ішінде өздерінің екі баласы да бар. Қазір отбасының күшімен ашылған «Экомед» орталықтары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Атырау, Ақтау қалаларында жұмыс істеп тұр. Соңғы сегізінші клиника өткен жылы Өскемен қаласында іске қосылды.
– Клиника филиалдарының Қазақстанның бірнеше қалаларында белсенді дамуы – бұл менің соңғы екі-үш жылдағы мақтанышым деп айтуға болады. Біздің еліміз кең- байтақ, елді мекендер арасындағы қашықтық мыңдаған шақырымға созылып жатыр. Ал қаншама адамдар үлкен отбасы болуды қалайды. Балалардың неғұрлым көп болғаны, әрине, жақсы. Бірақ әр отбасының басқа қалаға, кейде бірнеше рет баруға уақыты бола бермейді, күші және мүмкіндігі де жетпейді. Менің ойымша, біздің медицинаның негізгі проблемасы – акушер-гинекологтар көп, ал бедеулікті диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін меңгерген репродуктологтар, ЭКҰ-ны жақсы білетін мамандар аз. Сондықтан бір шаранаға зар болып жүрген өңірдегі жұптар репродуктолог іздеп елордаға немесе Алматыға сабылмас үшін аймақтарда филиалдар ашу өте маңызды, – деген сол жолы Өскеменге арнайы келген Салтанат Байқошқарова.
Салтанат Байқошқарованың айтуынша, шындығында бедеу жұптардың үштен бірі ғана ЭКҰ-ға мұқтаж екен, қалғандарына қарапайым және арзан әдістермен-ақ көмектесуге болады. Өз тәжірибесінде репродуктологтың бір ғана кеңесінен кейін жүкті болған әйелдің кездескенін мысалға келтірді. Өйткені білікті репродуктолог жүктілікке әкелетін жолды дұрыс таңдай білген. «Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір отбасы үшін қолжетімді болу. Жергілікті жерлерде филиалдарды ашу. Айтпақшы, бізге тек жақын шет елдерден ғана емес, алыс елдерден де емделуге келеді. Бұл да жетістік көрсеткіштерінің бірі» деген-ді белгілі дәрігер.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, бала көтере алмай жүрген отбасылардың тек үш, ең көбі бес пайызында ғана туа біткен бедеулік. Қалған 95-97 пайызында бедеулік жасанды түсік түсіруден кейінгі асқынулардың (70-80 пайыз), жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың салдары. Сондай-ақ мамандар экологиялық факторды, яғни, экологияның адамның репродуктивті функциясына теріс әсерін де жоққа шығармайды.
Салтанат Байқошқарова Қазақстанда ЭКҰ процедурасы басқа елдермен салыстырғанда ең арзан, ал препараттары, керісінше, қымбат екенін айтқан:
–Стандартты экстракорпоральдық ұрықтандыру бағдарламасы шамамен 400 мың теңге тұрады, ал медициналық препараттарға 600 мың теңгеге дейін жұмсалады. Егер мемлекет тарапынан квоталар көбірек бөлінсе, онда Еуропадан сатып алынатын медикаменттердің арзандауына қол жеткізер едік. Әйтпесе, бір кереғарлық бар: шетелдің өте қымбат препараттарымен салыстырғанда біздегі технологиялар әлдеқайда арзан. Басқа елдерде керісінше.
Әлемде ЭКҰ әдісінің қолданыла бастағанына қырық жылдан асты. Жылдан-жылға бұл тәсіл жаңа технологиялармен толығуда. Осыдан он жыл бұрын эмбриондарды мұздату технологиясы болмаған. Қазір жапон профессоры Куваяма ойлап тапқан крио-консервациясын бүкіл әлем қолданады. Бұл әдіс пациенттердің биоматериалдарын мұздатып, бала сүюді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққан науқастарға осы әдісті пайдалануға рұқсат берілген. Олар ұрықтарын мұздатып қояды да, кейін қатерлі ісік ауруын емдеп болған соң, пайдалана алады. Осы технологияның нәтижесінде ЭКҰ барысында көпұрықты жүктілікке жол бермеуге қол жеткізілген. Мамандар көпұрықты жүктілік кезінде шақалақтар әлжуаз болып туатынын, асқынулар көп болатынын айтады.
Ерлер факторы дегеніміз не?
Облысқа бөлінген квотадан кезекте тұрған отбасылардың саны жеті-сегіз есе көп екенін жоғарыда жаздық. Бұл медициналық қызметке тегін қол жеткізуден күдер үзген жұптар жеке клиникаларға барып, емделуде. Облыс орталығындағы «Экомед» клиникасына бір жылдың ішінде 180-200 отбасы жүгінген. «Экомед-Шығыс» ЖШС клиникасының директоры, репродуктолог дәрігер Назгүл Махамбетованың сөзіне қарағанда, бедеулікпен қаралып жатқандардың басым бөлігі Риддер, Семей, Өскемен қалаларынан, Зайсан ауданынан келіпті. Әйелдердегі бедеуліктің басты себептері жатыр түтікшелерінің өткімсіздігі немесе оталардан кейінгі асқынулар болса, ерлер арасында белсіздік репродуктолог маманның алаңдаушылығын тудыруда.
–Баласы жоқ отбасыларында кінәні тек әйелінен іздеу дұрыс емес. Егер жұп бес жылдан артық нәрестелі болмай жүрсе, бұл – ерлер факторы, яғни, бедеуліктің себебі ер-азаматтардың денсаулығындағы кінәраттардан. Ерлерде гормоналды фонның бұзылуы жиі кездеседі. Тағы бір себеп – шәуһат жүретін жолдардың бітелуі немесе шәуһатта ұрықтың мүлде болмауы! Біздің пациенттердің орташа жасы 21-47 жас аралығында екенін ескерсек, бұл – үлкен проблема, – дейді Назгүл Махамбетова. Дәрігердің түсіндіруінше, бітелген жолдарды емдеп, ашуға болады, ондай жағдайда ерлі-зайыптылар сәби сүюі де мүмкін. Ал шәуһатта ұрықтың болмауы – бұл нағыз ұлттық қасірет.
Клиникада емделген әйелдердің 60-70-і жүкті болыпты. Ескерте кетейік, Өскемендегі клиникада болашақ аналар ЭКҰ процедурасына дайындалады, ұрықтары жетілдіріледі. Ал ЭКҰ процедурасының өзі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы эмбриологиялық зертханаларда жасалады. Квоталар эмбриологиялық зертханалары бар клиникаларға ғана бөлінеді екен.
Қазіргі уақытта әйелдер ғана емес, ерлер бедеулігі де өзекті мәселе болып отырғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасында да атап өтті.
–Бұл тұрғыда урология, андрология, акушерлік-гинекология, эмбриология, репродуктология саласындағы мультидисциплинарлық тәсіл ерекше рөл атқарады. Мәселен, ЭКҰ-ға квота алу үшін кезекте тұрған жұптардың шамамен 200 жұбында (33 пайыз) бедеуліктің аралас және ерлер факторы кездеседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Медициналық ұйымдарда ерлер мен әйелдердің бедеулігін диагностикалау және емдеу стандарттары қатаң сақталады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиуллина.
Әлеуметтік қолдауды қажет етеді
Отбасылық-демографиялық ахуалды оңалтуды сөз қылғанда, көпбалалы отбасылардың жағдайын жасау, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы мен баспанамен қамтамасыз етілуі де басты назарда ұсталуы керек.
Елімізде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасылар үшін жеке жәрдемақы енгізілгені белгілі. Жәрдемақы төрт немесе одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасыларға, олардың табысына қарамастан төленеді. Төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты – төрт балаға 44 448 теңгеден бастап, жеті және одан да көп балаласы барларға 77 784 теңгеге дейін тағайындалған. Алайда, қолданыстағы ережелерге сәйкес, 16 баласы бар отбасы да жеті баласы бар отбасымен бірдей көлемде жәрдемақы алуы наразылық тудырған болатын.
Бұл әділетсіздікті жою мақсатында Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 13 мамырында 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жәрдемақының жекелеген мөлшерін белгілейтін Заңға қол қойды. Енді 8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңге, 9 баласы бар отбасы үшін – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге мөлшерінде белгіленген.
Айна Ескенқызы