Саят

92 жасында қасқыр алған ақсақал

92 жасында қасқыр алған ақсақал

Туғанынан табиғатпен біте қайнасқан Илья Бирюков – әлі күнге қолынан мылтығы түспеген кәсіпқой аңшы. Көкпекті ауылының шеткері жағындағы үйде тұратын ақсақалдың аңсары үнемі тау-орманға ауып тұратындай.
Көкпектіліктер «Ильин ключ» атап кеткен тоғайға ақсақал күнделікті жұмысқа барғандай барып, сол маңды арам шөптен тазартып, бау-бақша баптағандай күтеді. Екі гектардай жерде топтаса өскен терек-қайыңдарды бұрындары Илья ақсақалдың атасы отырғызыпты. Қазір саялы тоғайда ауылдың жастары серуендеп, үйленгендер тағзым етіп шыт байлайды. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді осындайда айтса керек.

Он бір жасынан бастап аң аулап жүрген Илья Бирюков тоқсанның екісіне келсе де, аңшылық маусымында заңды түрде билетін алып, иығына мылтығын асып аңға шығады. Былтыр қыста немересі екеуі қырдан қасқыр атып алыпты.
– Қарашада алғаш қар жауды. Немеремді ертіп алдым да, орманға қарай бет алдым. Мылтығым қолда. Ауылдан шыға бере аяғымызға шаңғымызды байлап алдық. Шаңғыны сүйрете басып келе жатырмыз. Бір кезде тоғайдың маңынан үш қасқырдың ізін байқап қалдық. Ізді бойлап жүре бердік. Көп ұзамай анадайда түз тағысын көзіміз шалды. Ірі екен. Мылтығымды оқтап, көздедім де, шүріппені басып қалдым. Түз тағысы бір аунап түсті, – дейді аңшы ақсақал қабырғада ілулі тұрған қасқырдың терісін иегімен нұсқап. – Осыдан екі-үш жыл бұрын Биғаш жақтан үш қасқыр атып алдым. Негізінен қасқыр ату үшін өзің де қасқырдай болуың керек.

92 жасында қасқыр алған ақсақал

Төрінде әр түрлі аңның иленген терілері, аң-құстардың суреттері қаз-қатар тізіліп тұр. Бейне бір зоологиялық мұражайда жүргендейсің. Терілердің арасында сілеусіннің бір-екі терісі көзге ерекше түседі екен. Сілеусін мысық тұқымдас, сондай сақ аң болғандықтан, оны аулау да оңайға түспейтіндей.
– Осыдан 65 жыл бұрын атқа мініп, ит ертіп аңға шықтық. Айналаны ат құлағы көрінбес тұман басқан. Бір уақытта алға түсіп кеткен итімнің үрген, ырылдаған дауысы шықты. Сол жаққа қарай жетіп барсам, сілеусінмен алысып жатыр. Сілеусіннің осып түскен тырнағы итті қатты жаралапты. Сілеусінге қарсы тұрған итімді ауылға алып келіп, ішін тіктім. Тәуір болып кетті, – дейді Илья Бирюков.
Илья ақсақалдың ұлы Владимир де – табиғаттың адамы. Осы аумақта 15 жылдан бері орманшы болып жұмыс істейді. Анда-санда өзі құрастырған жол таңдамайтын көлікпен қасқыр аулауға шығып тұрады. Бірақ соңғы жылдары далада өзге аң-құсты қойып, қасқырдың өзі азайып кетіпті. Бұрындары көл маңында үйрек ұшып, қаз қонып, қаңқылдап, уда-шу болып жататын. Қазір өлі тыныштық екен.
– 1987 жылдары қара қасқыр көрдік. Адамнан еш сескенбейді. Сондайдың жетеуін атып алдық. Салмақтары – 60-65 келі. Ол кездері қызыл қасқыр да жортып жүретін. Қазір мұның бірі де жоқ, – дейді орманшы Владимир Бирюков.
Дей тұрғанмен, соңғы жылдары Көкпекті ауданында елік, түлкілер кездесіп те жүр. Азын-аулақ арқар да бар сияқты. Ал сілеусін көп кездесе бермейді екен.
Керек дерек
Илья Бирюков 1922 жылы Көкпекті ауданында туған. Байкалда әскери борышын өтеп, Жапон соғысына қатысқан. Сегіз жыл бойы шекарадағы ұрыста болған. 1949 жылы еліне оралып, токарь болып қызметке тұрады. Зейнеткерлікке де осы жерден шыққан. Еңбек кітапшасында жұмысқа қабылданды және зейнеткерлік демалысқа шықты деген ғана жазу бар.

Мерей Қайнарұлы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button