Қайырымдылық

35 тонна гуманитарлық көмек жинады

Айтып келмейтін табиғат апатына ұшыраған жұртқа көмек көрсету байырғы дәстүрден бар үрдіс. Болмысымыздағы бұл қасиет күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Соның бір дәлелі ретінде зілзаладан зардап шеккен Түркия еліне жерлестеріміз 35 тонна гуманитралық көмек жинады.

Бауырлас түрік жұртына қолдау көрсету керектігі туралы ел Президенті үндеу жасап, белсенділер халықты көмек қолын созуға шақырған болатын. Бұған дейін Түркияға киіз үй жіберіп жатқандардың әрекеті халықтың арасында қолдау тапты. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай қолдаудан тыс, халықтың көмегінің көп септігі тиіп жатыр. Көмек көрсетуден  Шығыс Қазақстан жұрты да қалыс қалған жоқ. Бұл бастаманы өңірлік волонтерлер фронт-офисі мен «Бірге жақсылық жасаймыз» қоғамдық қоры бірлесе атқаруда. Олар гуманитарлық көмектің көлемі мен халықтың тапсырған аманаты туралы ақпаратты да таратып отыр.

«Бүгінгі таңда 35 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Олар: макарон өнімдері, көрпе, ұйықтайтын сөмке, термос, памперс, жеке гигиена құралдары, ересектер мен балаларға арналған жаңа қысқы киім, пальто-куртка, жаңбыр жамылғысы, етік, жемпір, шалбар, қолғап, шарф, бас киім, шұлық, іш киім және басқа материалдар», деп хабарлады қор қызметкерлері.

Көмек көрсеткендердің арасында белгілі ұйымдар мен өзге де қорлар және жеке тұлғалар бар. Қамқорлыққа жаны жақын халық қолда барын беріп жатқан көрінеді.

– Көмек көрсетіп жатқандардың қатары көп. Өткенде бір кішкентай қыз өзінің киілмеген курткасын алып келіпті. Ол бізге: «Куртканың қалтасында хат және шоколад бар. Оған тиіспей, сол қалпында жіберіңіздерші», – деп өтініш айтты. Кішкентай баланың бұл әрекеті бізді қатты таңғалдырды. Сондай-ақ БМВ қоры 600 мың теңгенің көрпесін, ұн комбинаты 2 тонна ұн, Алтай ауданы киіз үйді көмекке берді. Бұдан өзге де көлемді көмек ұсынып жатқандар өте көп, – дейді «Бірге жақсылық жасаймыз» қорының директоры Татьяна Беркман.

Осылайша, облыс тұрғындары табиғат апатынан зардап шеккен бауырларға барынша көмегін көрсетіп жатыр. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button