Донор болуға қоғамның санасы дайын ба?
«Денсаулық және денсаулық сақтау жүйесі туралы» еліміздің жаңа кодексі транспланттау үшін ағзалар мен тіндерді қайтыс болғаннан кейін алуға келісім презумпциясын заңнамалық түрде бекіткені белгілі. Испания елі донорлық, трансплантация бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекет болғандықтан испан үлгісі бойынша қабылданған бұл презумпция кәмелет жастан асқан әрбір қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ықтимал донор екенін білдіреді және медициналық ұйым қайтыс болған адам тірі кезінде келісім рәсімдемеген жағдайда да мәйіттен органдар мен тіндерді немесе олардың бір бөлігін ала алады. Бірақ сала мамандарының айтуынша, соңғы шешімді марқұмның туыстары айтады.
Бала донорлығына тыйым салынған
«Денсаулық және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, қайтыс болғаннан кейін донорлыққа келісім беруді немесе одан бас тартуды енді eGov.kz порталында онлайн рәсімдеуге болады. Сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, өтініш жазу арқылы бас тарту немесе келісу құқығын беруге болады. Мамандардың мәліметінше, еліміздің төрт мың тұрғыны қазірдің өзінде eGov.kz. арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан ресми түрде бас тартса, 500 адам жазбаша келісімін берген. Сала мамандарының айтуынша, елімізде 12 миллион ересек адам бар екендігін ескерсек, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Өйткені күту парағындағы адамдардың өмірі қоғамның пікіріне тікелей байланысты. Қайтыс болғаннан кейін донор болуға ресми түрде келісім берген азаматтар қайтадан бас тарта алады және керісінше бас тартқан адамдар өз шешімін өзгертіп, келісімін бере алады.
Донор тапшылығы біздің елде ғана емес, әлем мемлекеттеріне де тән өзекті мәселе. Дүниежүзінде миллион науқас ағзаға мұқтаж. Айталық, елімізде қазір 3242 адам ағзаларды ауыстырып салу үшін күту парағында тұр. Оның ішінде 116 реципиент – балалар. 2958 адам немесе 90 пайызы – бүйрек, 136 адам – бауыр, 146 адам – жүрек, бір адам – өкпе, бір адам – жүрек-өкпе кешенін күтуде. Биылғы жыл басынан бастап 238 адам қайтыс болуы себепті күту парағынан шығарылды.
Облыс бойынша тоқталсақ, қазір өңіріміздің 311 тұрғыны күту парағында тұр. Олардың алтауы – бала. Алты адам – жүрек, 13 ересек адам және бір бала бауыр ағзасын күтуде.
Айта кету керек, жаңа кодексте қайтыс болғаннан кейінгі бала донорлығына тыйым салынған. Яғни еліміздегі науқас балалардың қажетті органды алу мүмкіндігі жоқ. Тек, біраз есейген соң жасөспірімге ересек адамның ағзасы жарап қалуы ықтимал. Ал сәбилерге мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да олардың емі тек шетелдерде жасалады және қыруар қаражатты қажет етеді.
Трансплантацияның шариғаттағы орны
Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Әділ Жұмағалиев қайтыс болған адамның туыстары мәйіттің ағзаларын мұқтаж реципиенттерге ауыстырып салуға қарсы болуының басты себебі – діни сенім екенін айтады.
– Исламда бір адамның құтқарылуы – бүкіл адамзаттың құтқарылуымен теңестіріледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы трансплантацияға қатысты арнайы пәтуа шығарды. Ондағы шарттар бойынша шешім ерікті болуы керек, консилиум өткізілуі тиіс және ең бастысы – бұл адамды құтқарудың жалғыз жолы болуы керек, – дейді Әділ Жұмағалиев.
Донорлық немесе трансплантация жасаудың шариғаттағы үкімі жайлы Өскемендегі «Халифа Алтай» мешіті пәтуа бөлімінің маманы, найб имам Қанат Дауылбаев түсіндіріп берді.
–Жалпы, трасплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат. Ислам адам тәні мен өміріне зиян тигізбеуге үндейді. Адамның денсаулығына зиян келтіретін нәрселерден алыс болуға шақырады. Сонымен қатар ауырған сәтте емделу жолдарын іздеуді міндеттейді.
Трансплантация жасау да адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі. Бұл амал Құранда айтылғандай, бір адамды өлімнен құтқару – барша адамды құтқарумен тең.
Имамның айтуынша, адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді.
Сонымен бірге тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Мысалы, шариғат бойынша ананың жанын сақтап қалу – жатырдағы баланы өлімнен құтқарудан жоғары тұрады деп бекітілген. Өйткені ананың жанын сақтап қалуға мүмкіндік бар, ал баланың тірі туылуы екіталай. Ана өмірінің жатырдағы баладан жоғары тұруы да тірі адамның мүддесі үшін өлі адамның ағзасын тіріге ауыстыруына рұқсат екендігіне дәлел. Бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайтынын ескертеді дін өкілдері.
Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету шартымен сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса трансплантация жасауға рұқсат етілмейді.
Мәйіттің ағза мүшелерін тірі адамға көшіру шарттары:
1) Шариғат тұрғысынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене-мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметі істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана мәйіт болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.
2) Трансплантация жасау, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс.
3) Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармау керек. Яғни, өлген адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Себебі бұл Құранда адамды ардақтап келген аятқа қайшы әрекет.
4) Өліден тіріге көшіргелі жатқан ағза ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт.
5) Мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы шарт. Ағзаны көшіру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс.
Егер тірі адамның мүшесін ауыстыру өлімге алып барса, онда донор рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Өйткені оның берген рұқсаты өзін-өзі өлтіргенмен тең. Ал рұқсат етпесе, онда ешбір айыпсыз адамды өлтірген болады. Бұл екеуі де шариғатта бекітілгендей, харам.
Сонымен қатар егер тірі адамның ағзасын ауыстыру өлімге алып бармайтын болса (яғни, ол мүшесіз өмір сүре алатын болса), бірақ ағза мүшесін ауыстырумен іске жарамсыз болып қалса, донор рұқсат берсе де, бермесе де харам болады. Мысалы, екі қолды немесе екі аяқты ауыстыру, онсыз адам өмірлік кәсібін істей алмайды. Сондықтан бұл жағдайда ағзаны ауыстыру харам болмақ. Ал екі көздің бірін немесе екі бүйректің бірін, тістердің бірін немесе қанның кейбір бөлігін ауыстыру болса, онда кісінің рұқсатынсыз ғана харам болады. Тіпті көпшілік ғалымдар мұны рұқсатпен істелсе де харам болады дейді.
–Қорыта келгенде, жоғарыда аталған қағидалар сақталған жағдайда Алланың ең көркем жаратылысы адам баласына өмір сыйлауға себепкер болудың мәртебесі жоғары екендігін ұғынуға болады, –деді Қанат Қалиоллаұлы.
Күту парағы – кезек емес
Күту парағын көптеген адамдар «бармақ басты, көз қыстымен» тамыр-таныс арқылы алға жылжытуға болатын кезек деп санайды. Ол мүмкін емес, дейді сала мамандары.
– Күту парағы – бұл кезек емес, ағзаны ауыстырып салуды қажет ететін мұқтаж адамдардың тізімі. Олардың қайсысына ағза бұйыратындығын медициналық көрсеткіштерге сәйкес машина таңдайды, – деді облыстағы трансплантология қызметінің аймақтық үйлестірушісі Сергей Белых.
– Өйткені күту парағындағы үш мың адамның сан түрлі анализдерін қолмен өңдеу мүмкін емес, бұл барлық факторлардың, антигендер мен антиденелердің салыстырмалылығын сәйкестендіреді. Мұнда адами фактор қатыспайды. Жүйе ағзаны алудан үмітті науқасқа ұпайларды өзі автоматты түрде есептейді, содан кейін осы жиналған ұпай күту парағындағы науқасқа басымдық береді. Яғни донор-реципиент жұбын таңдау автоматты түрде анықталады.
Сергей Белыхтың айтуынша, егер адам тірі кезінде қайтыс болғаннан кейін донор болуға келіссе де, бұл міндетті түрде донор болады деген сөз емес.
– Айталық, биыл елімізде мәйіттік донорлардан төрт бүйрек, бір бауыр, екі өкпе, көздің екі мөлдір қабығын ауыстырып салу мүмкін болды. Он айдың ішінде 82 ықтимал донордың жартысы туыстарының рұқсат бермеуіне байланысты азайды, қалған қырық адамның ішінде тек екі адам ғана барлық өлшемдерге сәйкес келді, – деді Сергей Белых.
Жаңа кодекс Еуропа елдеріндегідей күту парағына АИТВ жұқтырған (ВИЧ) реципиенттерді және гепатитпен ауыратын науқастарды қосуға мүмкіндік береді. Мысалы, вирус жұқтырған реципиентке тірі кезінде осындай диагнозы бар донордың ағзасы беріледі.
Өкінішке қарай Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы ағзаларды транспланттау бойынша операциялар жүргізуге рұқсат етілген медициналық орталықтар тізіміне енгізілмеген, дегенмен екі жыл бұрын мұнда шеберлік-сағаты шеңберінде бүйрек ауыстырып салу бойынша екі ота сәтті жасалған. Трансплантация бізден басқа барлық өңірлерде жасалады.
– Денсаулық сақтау министрі біздің стационарды да ағзаларды ауыстырып салумен айналысатын орталықтар тізіміне қосуы мүмкін. Өйткені бізде оған қажетті материалдық база, ең бастысы, білімді де білікті мамандарымыз бар, – дейді Сергей Белых.
Айжанат Бақытқызы