Ел жаңалықтары

142 жоба жүзеге асты

 Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 8 млрд. теңгеден асатын қаражатқа 142 абаттандыруға қатысты жоба жүзеге асырылуда.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, бүгінгі күні барлық жобалар бойынша мердігер мекемелермен келісімшарттар бекітіліп, жұмыстар басталып кеткен. Абаттандыру жұмыстары аясында 4430 адам жұмыспен қамтылды.

Қазіргі уақытта Риддер, Курчатов қалалары мен Глубокое, Жарма, Зайсан, Ұлан, Күршім, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарындағы барлық жобалар соңына жетіп, нысандар қолданысқа берілген.

Ал Абай ауданында қолға алынған он жобаның тоғызы аяқталып, біреуі әлі жалғасуда. Биыл Ұлы Абайдың туған жеріндегі Қасқабұлақ, Архат ауылдарында су құбырлары жөнделіп, аудан орталығы Қарауылда 27 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылды. Сондай-ақ осындай жұмыстармен Құнанбай көшесі қамтылып, Зере, Сүндетбай, Құтжанов, Бекбосынов және Әйгерім атындағы көшелердің жарық шамдары жаңартылды. Аудан орталығында жарық-диодты арка мен екі санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Әзірге, Қарауылдағы Абай атындағы саябақ құрылысы аяқталған жоқ. Жалпы, аудандағы жобалармен 326 адам жұмыспен қамтылды.

Ал  Аягөзде қолға алынған 38 жобаның бүгінде 35-і аяқталған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Ақши, Айғыз, Баршатас, Бидайық, Қосағаш, Мәдениет, Емелтау, Майлин, Шынқожа, Сарыарқа, Батпақ, Тарбағатай ауылдарындағы су құбырлары қайта жөнделді. Сонымен қатар Аягөз қаласындағы орталық жылу қазандығына, «Молочная кухня», «Гимназия», «Новая», «Сәуле» жылу қазандықтарының жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Аягөз қаласындағы Нұғыманов, Шакенов көшелеріне, Мәдениет ауылындағы Ақжолтай, Шақантай, Малгелді ауылындағы Сарыарқа, Мамырсудағы Төлендинов, Алтынсарин, Бекжанов, Баршатастағы Балға, Шақантай, Сарыарқа, Ақтоғай кентіндегі Балтабек қажы, Ақшидегі Қуаныш көшелерінің жарық шамдары жөнделді. Бұған қоса, Аягөз қаласында жеті «стрит воркаут» спорт алаңдары орнатылды. Аудандағы жобалар аясында 515 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Бородулиха ауылындағы алты жобаның бүгінгі күні бесеуі аяқталған. Атап айтсақ, Пролетарка ауылындағы ауызсу құбырлары жөнделіп, Белағаш, Зенковка ауылдарының көшелері жарықтандырылды. Ивановка және Бородулиха ауылдарында шағын футбол алаңдары орнатылды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button