Қараталда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды
Зайсан ауданының Қаратал ауылында қатты құйын салдарынан 34 үйдің шатыры, қора-жайлар мен аула қоршаулары қираған. Мамандардың айуынша, желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жетіпті.
Оқыс оқиға 4 қыркүйек күні, кешкі сағат алтылар шамасында болған. Бір атап өтерлігі, құйыннан негізінен елді мекеннің К.Рамазанов көшесіндегі тұрғын үйлер зардап шегіпті. Жойқын жел бұл көшеде орналасқан жарық бағаналарын майыстырып, жиырмаға жуық үйдің, сондай-ақ лапастардың шатырларын жұлып әкетіпті. Тағы бірнеше үйдің қоршауы қирағанын да айтқан жөн. Құйын екпінінің қатты болғаны соншалық, үйлердің шатырларын түбімен жұлып, ондаған метрге ұшырып әкеткен. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Оқиға орнына дереу жеткен аудан басшылығы мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары зардап шеккен отбасылармен жолығып, шығын мөлшерін анықтауға кірісіп кеткен. Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемісовтің айтуынша, табиғи апатқа байланысты арнайы жұмыс комиссиясы құрылған. Комиссия құрамына бірқатар сала мамандары мен қоғам белсенділері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар енген.
– Бүгін аудан әкімінің орынбасары Серік Тілемісовпен бірге үйлерді аралап, актілеп қайттық. Қазір келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Ауыл көшелерінде шашылған заттарды тиеп, жинау жұмыстары жүргізілуде, –дейді Қаратал ауылдық округінің әкімі Қайрат Кәрімов.
Көп ұзамай елді мекендегі апаттың салдарын жою жұмыстары да басталып, қазір оған әр ауылдық округ пен мектептерден 50-ге жуық еріктілер қатысуда. Бүгінге дейін 12 үйдің шатыры мен қора-жайлары қалпына келтіріліп қойыпты.
– Қатты желдің салдарынан үйім мен жанындағы жазғы ас үйдің шатыры қирады. Осындай шығынға ұшырап, көңіліміз құлазып, уайымдап отырғанда, аудан басшылығы мен арнайы жұмыс комиссиясының өкілдері келіп, көмектесуге уәде берді. Бұл азаматтар сөздерінде тұрды. Мұң-мұқтажымызды естігеннен кейін қолма-қол құрылысшыларды жіберіп, үйім мен ас үйімнің төбесін шатырлап берді. Сол үшін ел ағаларына мың алғыс айтамын, – дейді Қаратал ауылының тұрғыны Алмагүл Тоқтасынова.
Бір қуантарлығы, сын сағатта зайсандық кәсіпкерлер де үнсіз қалмай, зардап шеккендерге шама-шарқынша қолдау көрсеткен екен. Нәтижесінде үш миллион теңгедей қаражат жиналып, қажетті құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсалған-ды. Осы ретте кей кәсіпкерлер қолда бар техникасын ұсынып, апат салдарын жою жұмыстарына атсалысқанын да айтқан абзал.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваның айтуынша, Қаратал ауылындағы қалпына келтіру жұмыстары бір аптаның ішінде аяқталып қалуы тиіс.
Нұржан Кенжеұлы