Саят

107 қасқыр алған соң «шома тұрды»

Менің Әуесхан деген аңшы қария көршім болды. Осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өтті. Сол кісінің аңшылық туралы әңгімелерін көп естіп едім. Қария 107 қасқыр аулаған екен.

107 қасқыр алған соң «шома тұрды»Ол қасқырды неше түрлі айла-тәсілмен ұстапты. Бірде біреудің қорасына қасқыр түсіп, күн сайын бір қойдан көтеріп әкете берсе керек. Малшы Әуекеңе: «сен қасқыр ұстағыш болсаң осы қасқырды ұстап бер» дейді. Сонда Әуесхан қораның төбесіндегі қасқыр түскен тесікке қарап тұрып: «мынау кәрі әрі сол жақ алдыңғы аяғы шолақ қасқыр екен. Жас қасқыр бүйтіп төбені тесіп кірмейді, жемін түзден іздейді. Әрі қазылған топырақта алдыңғы оң аяқтың ғана ізі бар екен» депті.

Әуекең сол күні түнде тесіктің екі жағына екі оқтаулы мылтық құрып, тесіктің үстінен жіп керіп, екі ұшын екі мылтықтың шүріппесінен байлап қояды. Түнде келген қасқыр тесіктен кірмек болғанда керулі жіп кеудесіне соғылып, шүріппесі басылған мылтықтар атылып кетеді де, оқ қасқырдың жүрегінен тиеді. Мен аңшылық кәсіпке байланысты «шома тұру» деген сөзді де сол кісінің аузынан естігенмін.

– Кез келген аңның, әсіресе, қасқырдың, киіктің, қоңыр аңның киесі болады. Талай атақты аңшы аңның киесіне жолығып, түрлі пәлекетке ұрынған, аң аулап жүріп, кенет қайтыс болған, жынданып кеткен, сал немесе соқыр болып қалған немесе балалары қырылып қалған… Мұндай келеңсіздікті қазақ «аңның киесіне жолығу, киесі ұру» деп атайды. Сондықтан мұндай киелі аңдарды көп атуға болмайды. Егер көп атсаң, күндердің күнінде «шома тұрады». Шома тұру дегеніміз, аңды қандай жақыннан атсаң да оқ тимейді. Аң төрт аяғымен тік көтеріліп, құйрығынан айналып, құтылып кетеді. Бұл Алланың «енді біраз жыл мылтық ұстама, әсіресе, сол киелі аңды атпа!» деген ескертуі болса керек. Мен өмірімде 107-ші қасқырды атқанда осылай «шома тұрды». Одан кейін қасқыр атқан емеспін, – деп отыратын ол.

Сөйтіп, аңшы соңғы атқан қасқырының терісін «Жеті қазына» мұражайына тарту еткен екен. Ол тері күні бүгінге дейін сонда тұр.

Әуесханға аңшылық бабаларынан дарыған екен. Бабасы Жылқыбай деген кісі өз заманында қораға түскен құтырған қасқырмен алысып, буындырып өлтіріпті. Сол кезде қасқырдың тісі білегін жаралапты. Содан қасқырдың уы денесіне жайылып, ісіп-кеуіп кеткен ол адам болмасын сезіп, жерді қазғызады да, ішін бөрене ағаштармен қаптатып, төбесін бекіттіріп, соның ішінде жатып, қайтыс болыпты. «Қанша қиналып, жан дауысым шықса да, қабірімді ашпаңдар. Менің құдайдан ендігі тілегім: қасқырдан өшімді алатын ұрпақ берсін» деген екен. Алла оның сол тілегін беріп, немересі Әуесхан қария атақты аңшы болған, соның ішінде 107 қасқыр аулаған адам болды.

Бақыт Беделхан

Осы айдарда

Back to top button