Тарих

Өзінің аңғалдығына өзі аң-таң болып жүретін

Өзінің аңғалдығына өзі аң-таң болып жүретін

(Суретте Оспан Құранбаев екінші қатарда сол жақтан төртінші)

Қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» газетіндегі қызметімді «Совет құрылысы және кәсіподақ тұрмысы» бөлімінің меңгерушісі Оспан аға Құранбаевтың қол астында бастадым. Сол кездегі сақа журналистердің санатында жүрген Ос-ағаң баладай аңғал, әр нәрсеге иланғыш, әзіл-оспақтан мүлде ада жан екен. Оның үстіне ұмытшақтығы да бар. Бөлімде екеуіміз ғана істейміз. Сөйте тұра, жылдан аса уақыт бойы есімімді есіне тұта алмай, мені Сәдібек деп атап жүрді.
«О, Тоба, солай екен-ау, ә! Кім білген мұны? Алланың шеберлігінде шек жоқ қой!» деп болмашы нәрсеге таңырқаумен жүретін Ос-аға оқта-текте ыңғайсыз жағдайда қалдырып қоятын өзінің аңғырттығына да аң-таң болып отыратын. Ондайда, тіпті «Барып тұрған мақұлықпын ғой. Мұнша аңқау болармын ба? Өзіме де обал жоқ», деп өзін-өзі аямай сөгіп-сөгіп те алатын.
Аңғал ағамызбен біраз жыл бір кабинетте отырып, талай күлкілі хикаясына куә болдым. Оқырмандарға да қызықты болар деген оймен солардың бірқыдыруын қағазға түсірген едім.

«Қыздар ғой, қып-қызыл қылып тастаған…»

Оспан аға жұмысқа менен кештеу келді. Пальтосын кіреберістегі киім ілгішке ілді де, қаракөл папахасын шешпестен орнына отыра кетті. Қорытып отырған материалдың қызығына түсіп кетсем керек, алғашқыда ештеңе аңғара қойғам жоқ. Ойымды Ос-ағаңның «Бекәділ, Бекәділ, мұнда қарашы» деп сыбырлай шыққан дауысы бөліп кетті. Әрине, қарауын қарадым. Бірақ, қарқылдап қоя берудің әзер-ақ алдында қалдым. Ағам милықтата киіп алған папахасын шешіп тастап, сексеуілдің шоғындай қып-қызыл болып кеткен басын нұқып көрсетіп отыр.
– Ойбай, шашыңызға не болған? – деймін ауызыма басқа сөз түспей.
– Алжу деген әп-сәтте екен. Кеше кешкісін екі қызым екі жақтап: «Папа, шашыңды қараға бояп берейік. Өңің жасарады», – деп жатып кеп үгіттеді емес пе? Алдымен ат-тонымды ала қаштым. Бірақ, оларды жеңгең де қостап ала жөнелді, «орыстың шалдарының бәрі боятады, «старомодный» болып жүрген сен ғана» деп. Әрі қарсыласып, бері қарсыласып отырып, қалай көне кеткенімді өзім де аңғармай қалдым. Сонымен қыздар көзді ашып-жұмғанша басымды нілге малшыды да тастады. Бірақ, бояулары қара емес, қына болып шықты. Масқара-ай! Енді жұртқа қалай көрінемін? Қапар (Ос-ағаның – құрдасы, газеттің сол кездегі ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі) қарадан-қарап, соқтығарға себеп іздеп жүруші еді, енді «қызылбас» деп мазақтайтын болды.
Ос-ағаң кәдуілгідей күрсініп, шоқтай қызыл басын бір сипап қойды. Шынымен-ақ уайымдап отырғанын көргеннен кейін жаным ашып кетті.
– Қазір шаштаразға барып, тақырлатып алып тастасаңыз қайтеді? Сонда боятқаныңызды ешкім де байқамай қалады.
Ағамыз тып-типыл етіп қырғызып тастауға шашын бәрібір қимайтын сыңай танытты.
– Бірер айдан кейін өсіп, қайта ағарар. Әзірше жұрттың көзіне жалаңбас түспей, папахамен жүре тұрамын да. Сен бірақ шашымды боятып алғанымды ешкімге айтпай-ақ қой. Жарай ма?
«Жарайды» деуін дедім. Бірақ, мұндай қызықты ішіңе қалай сыйғызасың? Темекі тартуға кеткен болып, сыртқа «зып» бердім де, кабинет-кабинетті аралап жұрттың бәріне: «Бір-бірлеп біздің бөлімге кіріп шығыңыздар. Бірақ, не көрсеңіздер де күлуші болмаңыздар. Дымдарыңыз іштеріңізде болсын», деп жар салып қайттым.
Көп ұзамай әріптестер әрнені сылтау етіп, кабинетке біртіндеп келе бастады. Жұмыстың қызығына түсіп, шаштың уайымын ұмытып кеткен Оспан аға жалаңбас отыр. Жұрт Осекеңді көрген бетте-ақ, күлкілеріне ие бола алмайтынын білген соң, келген іздерімен кері шегініп кетіп, редакцияның дәлізінде қарқылдасып жүр. Өзі де сезіп отырса керек, Оспан аға қипақ-қипақ етеді.
– Маған күліп жүрген жоқ па? Бүгін бізге жұрт келгіш болып кетіпті ғой, түге.
– Аға, жалаңбас отырсыз ғой. Редакцияда енді шашыңызды көрмеген адам қалмады.
– Түһ, ұмытып кетіппін ғой. Айттым емес пе, менде ес жоқ деп…
Ос-ағаң жанындағы орындықтың үстінде жатқан папахасын қайтадан құлағын бастыра киіп алды.
Сонымен редакцияның біраз күнгі ермегі Оспан ағаның шашы болды. Келе-келе көзіміз үйреніп, ол күлкілі болудан қалды.
Бірақ шаштың жыры мұнымен бітпепті. Ос-аға іссапармен өзінің туған жері – Зайсанға кеткен. Кеңес тұсында КСРО Журналистер Одағының мүшелері облыстық «Білім» қоғамының тапсырмасымен жер-жерде партияның саясаты, съезд шешімдері туралы лекциялар оқып, әп-әжептәуір табыс тауып жүретін. О. Құранбаев та екі-үш кеңшарда жұртты ауыл клубына жинатып алып, лекция оқыған ғой.
– Бекәділ, мен мақұлық тағы да масқара болдым, – деді Ос-аға іссапардан оралған бетте.
– Жайшылық па, аға?
– Лекциялардың бірін өзім туып-өскен ауылда оқыдым ғой.
– Сонымен.
– Лекция жүріп жатқан кезде артқы орындықтарда бала жастан құлын-тайдай тебісіп өскен 5-6 құрдасым отырды. Бәрі ыржалақ-ыржалақ етеді. Ішіп алған ба өздері деп те ойладым.
Сыртқа шыққанымызда әлгілер мені тосып тұр екен.
– Қалай, жігіттер, лекциям ұнады ма?-дедім амандасқаннан кейін өзім де қарап тұрмай.
Құрдастарым қарқылдаса жөнелді.
– Бізге лекцияңнан бұрын басың көбірек ұнады, – деді сосын әлгі зәнталақтардың бірі, – біз сенің ауызыңа емес, гүлдеген жыңғылдай болған басыңа қарадық та отырдық.
Бауырым, елге жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болдым. Енді шашым аппақ қудай болып қайта ағарғанша ауылға аттап баспайтын шығармын?

Балаға бронь керек

Ос-ағаңның екі-үш қыздың ішінде бұлғақтап өскен жалғыз ұлы –Ерлан Мәскеуде, автомобиль жолдары институтында оқиды. Бұрын қасынан қарға адым ұзатпаған сүйікті баласын үнемі сағынып, уайымдап жүреді. Студент ұлына әкелік махаббатын, сағыныш сезімдерін, ақыл-кеңесін үйіп-төгіп құлаш-құлаш хаттар жазып жатады. Әрине, қазақша жазады. Қазақтары қараң-құраң қалада өскен, мектепті орысша оқыған Ерлан ол хаттарды қайдан түсінсін? Ос-ағаң, амал жоқ, бір жартысын қойып, орысшаға келгенде орысты жаңылдыратын әріптесі Оразхан Көкебаевқа аудартады. Еңбегін бұлдауды, «алтын шығатын жерді тереңірек қазуды» Оразхан аға да жақсы біледі. «Әй, Оспан, хаттың бір илеуі кем тұсы бар екен. Әдем-әдемі сөз тіркестерін, соны ойлар, тың теңеулер қосып, мен тіпті құлпыртып жібердім. Міне, оқып көрші», – деп нығарлап қоюды ұмытпайды. «Па, сабазым! Расында да, қатырыпсың. Алла разы болсын. Әлгі ащы су жеткілікті болды ма? Жүгіріп барып, тағы біреуін әкеле қояйын ба?» – деп Ос-ағаң оған жік-жаппар болып, алғысын жаудырып жатады.
Сол Ерлан қысқы каникулға келіп жатыр. Әке-шешесін көзайым етті. Туған қаласында, үйінде аунап-қунады. Қайтатын уақыт та таяды. Ұшаққа әдеттегідей билет жоқ. Осекең зыр жүгіріп, билетке бронь іздеп жүр. «Совет құрылысы» бөлімін басқаратындықтан, облатком жақта таныс-тамырлары баршылық. Бұйымтайын соларға айтпақ. Стол бетіндегі шынының астында атқару комитеті қызметкерлерінің тізімі, телефон нөмірлері бар қағаз жатқан. Оспан аға сол тізім бойынша «ақ үйдегі» таныстарына телефон соға бастады. Ар жақтағылар «Өзіме тиесілі броньды пайдаланып қойдым… Біреуге беріп қойдым… Бір танысыма әперген едім, тағы да сұрау ұят» деген сияқты сылтаулар айтып жатты-ау деймін, біраз уақытқа дейін нәтиже шыға қойған жоқ. Тізімнің ортасынан ауа берген тұста, біреу: «Тездетіп келе қалыңыз. Менде бір бронь бар. Берейін», – деді. Ос-ағаң алғысын жаудырып орнынан атып тұрды да, абыл-құбыл киіне бастады. Пальтосының екінші жеңіне қолын сұға бере біреу төбеден мұздай су құйып жібергендей, аңырып тұрды да қалды.
– Бекәділ, мен осы әлгінде, ең соңында кіммен сөйлестім?
Бәрін көріп-біліп отырсам да, бір қызықтың құлағы қылтиып келе жатқанын сезіп, иығымды қиқаң еткізе салдым.
Ос-ағаң уәде берген жанның кім екенін есіне түсіре алмай, шын күйінді. «Түбіме осы жаңғалақтық жететін болды. Әлденені ұмытып, мені қара басады да жүреді. Енді қайттім? Мұндай көрмәдік болармын ба?» – деп өзін-өзі ашына тілдеп жүр. Столына келіп, тізімге қайта шұқшиды.
– Мен сияқты емес, әлі жадың жас, есің бүтін жігітсің ғой, Бекәділ. Мен оқып тұрайын, сен тыңда. Мүмкін құлағыңда қалып қойған шығар? Мен әлгінде Шарабаринге соқтым ба?
– Жоқ.
– Соққанда, Қалеке (ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қалибек Нұрбикеновті айтады) дедім бе?
– Жоқ.
– Пәленше Пәленшеевич дедім бе?
– Жоқ.
– Мүмкін, Түгенше Түгеншеевич деген шығармын.
Ос-ағаңды одан әрі қинау тым обал көрініп кетті.
– Есіме енді түсті. Валентина Васильевна деп отыр едіңіз ғой…
– Ой, Алланың әмірі-ай! Косарева екен ғой.
Ағамыз жерден жеті қоян тапқандай мәз-мәйрам болып, пальтосын жүре түймелеп, сыртқа шыға жөнелді. Папахасы столдың үстінде қалып қойды. Басы нарттай қызарып, редакциядан таяқ тастам жердегі облаткомға асыға басып барады.

Құлағына құйып берсе де, құлыпты түсіндіре алмады

Ос-ағаның пәтерлеріндегі құлып сынып, біраз әбігерленгені бар. Жай құлып емес, сол кезде ең сенімді деп саналатын ағылшын құлыбы. Жеңгеміз: «Қайтсең де тап, осындай құлып тауып кел!» – деп мықтап тапсырған. Тіпті «Керегі осы ғана», деп сериялық номерін де жазып беріпті.
Осекең жұмысқа келген бетте телефонның құлағына жармасты. Қолында – қаланың екі томдық анықтамалығы. Түкпір-түкпірдегі шаруашылық тауарлары дүкендеріне соғып отыр. Ол кездері сауда орындарында көбіне орыс әйелдері істейтін. Некен-саяқ кездесетін қазақ сатушылардың өзі тек орысша сөйлесетін.
– Әле, әле, – дейді орысшасы орашолақтау, тілі жетпей жатқан жерде қазақша сөздерді де араластыра салатын Ос-аға ар жақтағы трубка көтерілген сайын, – это магазин хозтоваров? Здравствуйте, девушка, скажите, пожалуйста, есть у вас английский… а-а-а… это самый… а.. а… а… клуб, серийный номер такой-то?
Сатушы, әрине, түк ұғып тұрған жоқ. Мен мына жақтан «замок деңіз, замок, з-а-а-амок» деп сыбырлаймын. Оспан аға есітер емес. Бар ынтасы сатушының дауысында. Маған «кесіріңді тигізбе!» дегендей қолын сермеп қояды.
– Девушка, девушка, как у вас это не бывает? Это же –магазин хозтоваров. Да, говорю клуб, кллубб, клуб для двери, который ключем открывается и ключем закрывается. Неужели не понятно?
Екеуі ақыры ұғыныса алмады. Мазақ қылып тұр деп ойласа керек, ар жақтағы трубканы тастай салды.
– Мақұлық па деймін. Ауызына шайнап салып, құлағына құйып беріп тұрмын. Түк түсінсе бұйырмасын, – деді Ос-аға кейісті жүзбен трубканы телефонның ұясына қондырып жатып.
– Аға, шатыстырып тұрған сіз ғой. Замок демейсіз бе? Клуб, клуб деп әбден миын қатырдыңыз, – деп мен қарқылға бастым.
Ос-ағаң біраз сілейіп отырып қалды. Содан соң әдеттегінше маңдайын төмпештеп: «Мен Қожанасырды да жолда қалдыратын делқұлымын. Жалғанда менен өткен ашықауыз жоқ шығар», – деп өзін-өзі тілдей жөнелді.

Бекәділ Сәдібеков

Осы айдарда

Back to top button