Денсаулық сақтау

Жылжымалы медциналық кешен жұмыс істейді

Жылжымалы медциналық кешен жұмыс істейді


Мақаншыдағы ауданаралық аурухана қызметкерлері күн сайын қаншама науқастың жанына дауа, дертіне шипа тауып, көмек көрсетіп келеді. Оған жергілікті халық та дән риза.

Бүгінде мұнда 52 дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде жоғарғы санатты 16, бірінші санатты 15, екінші санатты төрт дәрігер еңбек етеді. Бұдан бөлек, 215 медициналық қызметкер бар. Сол себептен, Мақаншы ауруханасында кадр тапшылығы сезілмейді. Өткен жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға еңбек етуге келген алты жас маман осы мекемеге жұмысқа орналасыпты.

– Былтыр біздің ауруханаға Ж.Биахметова, К.Қанапиянова, А.Дүйсенова, А.Маманова, Р.Мұхтар, Я.Вихорева сынды жас дәрігерлер еңбек етуге келді. Сөйтіп, өткен жылы ауруханадағы медицина қызметкерлерінің қатары бес жалпы тәжірибелі дәрігермен және бір хирургпен толықты. Айта кететін бір жайт, өткен жылы Мақаншыдағы халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 45 дәрігер, 42 орта буын медициналық қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарынан өтті, – дейді аурухананың бас дәрігері Нағима Жақиянова.

Мақаншыдағы ауданаралық аурухананың құрамына бір ауылдық учаскелік аурухана және клиникалық-диагностикалық емхана, сегіз дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік және алты медициналық пункт кіреді. Қызмет көрсету аясы 280 шақырымды құрайды.

Бүгінде аталмыш мекемеде қызмет ететін ақ халатты абзал жандар 16 шекара заставасы мен үш комендатураға, №2086 әскери отрядының шекара қызметкерлеріне, олардың жанұяларына, Жалаңашкөл көмір разрезіне медициналық көмек көрсетеді. Нағима Жақиянованың айтуынша, қазір Мақаншы ауруханасында 27 281 адам тіркелген.

Мақаншыдағы ауданаралық аурухананың материалдық-техникалық базасы жыл сайын нығайып келеді. Мәселен, өткен жылы сандық, аналогтық рентген аппараты, СМН медициналық шамы сияқты басқа да медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Ауданаралық аурухананың негізгі көрсеткіштеріне келер болсақ, былтыр Мақаншыда 447 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші 16,9 пайызды құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда біршама төмен. Себебі, осыдан екі жыл бұрын 488 бала жарық дүние есігін ашып, туу көрсеткіші 17,8 өскен болатын. Ал өткен жылғы жалпы өлім көрсеткіші мың тұрғынға шаққанда 6,8 пайызды құрады. Соңғы жылдары Мақаншы ауданаралық ауруханасындағы өлім көрсеткіші төмендегенін айта кеткен орынды. Себебі, біздің мамандар ана мен бала өлімін төмендету, халықты туберкулез індетінен қорғау және қатерлі ісік ауруын ерте анықтау үшін түрлі медициналық шараларды өткізіп тұрады, – дейді Нағима Жақиянова.

Мақаншыдағы ауданаралық ауруханада жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Онда мамандар ауруханаға қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындардың денсаулығын тексереді. Мәселен, былтыр дәрігерлер 28 ауылға барып, 5793 диагностикалық және 16089 лабораториялық тексеру жасап, 14 мыңнан астам науқасқа кеңес берген. Ал биыл мамандар 18 елді мекенді аралауды жоспарлап отыр.

– Ағымдағы жылы перзентханаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып аламыз. Бұдан бөлек, ота жасауға арналған құралдар да керек, – дейді Нағима Жақиянова.

Ажар Сағатбекова
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button