Жылқысының етін француздарға жөнелтпек
Жылқының жүйрігін мініп, баптап өсірген, тұқымын жақсартуды парыз санап келе жатқан ер-азаматтың бірі – Ербол Шәкіров. Палатцы ауылдық округінде орналасқан оның «Елдар» шаруа қожалығы екінші жыл қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірумен айналысуда.
– Бойында тектілік қасиеті бар жылқыға бабаларымыз аса зор мән берген, ықылым заманнан-ақ жылқы тұқымын жақсартуға көңіл бөлген. Біз тек сол игілікті істі жалғастыруды ниет етіп отырмыз. Өкініштісі, бүгінгі уақытта жылқы ғана емес, жалпы мал шаруашылығында генетикалық қорды сақтай алмау сипат алып барады, мамандар тарапынан мал тұқымының генетикалық артықшылығын бақылау нашарлап кетті, – дейді Ербол Мажанұлы.
Қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсіру еліміздің батыс өңірінде 1930 жылы алғаш рет қолға алынған. Содан жабының жаңа түрін шығару жұмысы 30 жыл бойы жүргізілген. 1960 жылы етті бағытты негізге алып, асылдандыру қолға алынды. Жабы тұқымдас жылқының биелері қостанай және көшім тұқымдарынан пайда болған еді. Жабының ішкі тұқымдарын жетілдіріп, көбейту әдісімен жаңа мұғалжар тұқымы алынды.
Бұл тұқымның биелері құлындау және сүт беру жағынан өнімді болып келеді. Мәселен, 100 биеден орташа есеппен 95-97 құлын алуға, 2000-2300 литр қымыз саууға болады. Сонымен қатар, жабы жылқылары етті келеді. 8-9 жасар биеден 250 келінің үстінде, үш жарым жасар жылқыдан 230 келіге жуық таза ет алынады.
Қазір шаруашылықтағы асыл тұқымды жылқы саны жеті жүздің үстінде. Оның 50 пайызы жабы жылқылары. Былтыр Ербол Мажанұлы «Мұғалжар» ат зауытынан 11 жабы тұқымының айғырларын сатып алған.
Қалған жабы жылқылары көршілес Катонқарағай ауданының шаруашылықтарында өсірілген.
– Болашақта Франция еліне жабы етін экспорттау туралы бірқатар келісімдер жасап қойдық. Бұл тұқымның еті Еуропа елдерінде өте жоғары бағаланады. Алдағы екі-үш жылда жылқы санын арттыра түсіруді жоспарлап отырмыз. Шаруашылықта алғашқы күннен бастап еңбек етіп жүрген жылқышылар В.Иванов пен В.Герасимовтың көмегі орасан. Текті жануарларды бағып-қағу да оңай шаруа емес. Өткен жылы түз тағыларынан көп қиындық көрдік, аңшыларды шақыруға мәжбүр болдық. Ұжымдағы еңбекқор жандармен барлық қиындықтарды жеңіп шығатынымызға сенімдіміз, – дейді Е.Шәкіров.