Басты

Жылына 120 мың анаға қызмет көрсетпек

Алтай қаласында қайта жөндеуден өткен ауданаралық аурухананың перзентхана бөлімшесі бұдан былай үш ауданның тұрғындарына қызмет көрсетпек. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің Алтай ауданына жасаған жұмыс сапары  барысында белгілі болды.

Жылына 120 мың  ананы қабылдауға қауқары бар перзентхана бұдан былай үшінші деңгейге ауысады. Жалғыз Алтай ауданына ғана емес, сондай-ақ Катонқарағай, Күршім аудандарын да қатар қамтитын мекемені қайта жөндеуден өткізуге өткен жылы 357 млн. теңгеден астам  қаражат бөлініп, 67 дана медициналық құрылғылар мен техника сатып алынған.

– 2018 жылы перзентхана бөлімшесінің ғимаратын толықтай қайта жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сарапатамадан өткен болатын, – деді Даниал Ахметов. – Биыл бұл мақсатқа 393 млн. теңге бөлініп, ақпан айында ашық конкурсқа шығарылған еді. Сәуір айының соңғы ширегінде «DK Proekt» ЖШС-мен 341 млн. теңгеге келісімшарт жасалып, мердігер компания жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар 2018 жылы Алтай ауданындағы инсульттік орталық пен перзентхананың тоғыз маманы Ұлыбританияда білімдерін жетілдіріп келсе, биыл перзентхананың бес қызметкері Литваның Вильнюс қаласында оқудан өтті.

Бұдан бөлек,  аурухана базасына заманауи құрылғылардың көптеп орнатылғанын атап өткен аймақ басшысы алдағы уақытта кардиологиялық циклді толықтай қамтитын құрылғылармен де қамтамасыз етудің жоспарланып отырғанын атап көрсетті. Сол себепті мұндағы жөндеу жұмыстарының да әлемдік стандарттарға сәйкес болуын талап еткен ол бұл мәселенің жергілікті мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдерінің үнемі назарында болуы керектігін ескертті.

Қазіргі уақытта перзентхананың екінші және үшінші бөліктеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары 70 пайызға, ал қасбетінің жұмыстары 90 пайызға аяқталып, бөлінген қаражат 88 пайызға игерілген. Перзентхананың жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтау 2019 жылдың 15 желтоқсанына жоспарланған.

Жұмыс сапараның соңында облыс әкімі «Горняк» Мәдениет үйінде жиналған қала тұрғындарын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

– Бұл күні біз  Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ерекше мақтанышпен айта аламыз. Ұлы замандасымыздың еңбегінің арқасында Қазақстан егемен ел атанып, көптеген жетістіктерге жетті. Елбасымыздың есімі әлем тарихында белгілі саясаткер әрі әлемдік түрлі үрдістердің медиаторы ретінде алтын әріптермен жазылатын болды, – деді  Даниал Ахметов. 

Азамат Темірбеков

 

 

Осы айдарда

Back to top button