Өзекті

Жылуы жоқ, суы жоқ…

Тіршіліктің негізгі көзі от пен су. Алайда әлі күнге дейін таза ауызсу тартылып, орталық жылу жүйесіне қосылмаған  ауыл мен аудандар жетіп жатыр. Солардың бірі – Күршім ауданы. Ондай кемшіліктің бар екенін аудан әкімі Алмат Ақышев өзі айтып отыр.

Тұрақтылықтың кепілі – жылы үй, жылдам интернет. Егер ауылдың барлығында осындай жағдай болса жұрт қалаға қарай көшпес  еді. Халқы қалаға көп бетбұрған аудандардың бірі – Күршім. Аудан әкімінен бұл мәселені сұраған едік.

– Урбанизацияны тоқтатудың негізгі бір жолы – халыққа жағдай жасау. Оған мысал көп келтіруге болады. Мысалы, ауданда жылу бойынша мәселе  көп. Жер үйлерді былай қойғанда көпқабатты үйлер жылуға қосылмаған. Күршімде 30 көпқабатты үй бар. Соның екеуі ғана жылуға қосылған. Қалған үйлердің тұрғындары әлі күнге дейін екінші-үшінші қабатқа көмір тасып, от жағып жүр. Осыдан кейін олар ойланады, ары қарай басқа жаққа көшу басталады. Мысалы, қалада тұратын адамдар айына 6-7 мың теңге жылуға ақша төлейді. Ал олар бір тонна көмірді 30 мың теңгеге алса, кем дегенде бес тонна көмір алады. Бұл – үлкен проблема. Ендігі кезекте орталықтандырылған жылу қазандықтарын жаңартып, соған үйлерді қосу керек. Сонда мәселе шешіледі, – дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышев.

Ауылда жағдай  болмаған соң жыл сайын тұрғындары азая берері анық. Біз бұған дейін Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылындағы мәселелерді жазған болатынбыз. Алайда жаңа келген әкім ол ауылға әлі барып үлгермепті. Десе де ауыл тұрғындары айтқан бір бұйымтай – ауызсу мәселесін шешудің жолын білетінін айтты. Өйткені ауызсу мәселесі барлық ауылда бар.

– Жалпы ауызсу мәселесі бізде ғана емес, барлық жерде бар дүние. Соңғы жылдары бірқанша ауылға блок-модульді станса салынды. Алайда осы стансалардың шын мәніндегі қажеттілігі төмен екен. Бұл бұрынғы қарапайым колонкалардан көп айырмашылығы жоқ дүние болып тұр. Сол баяғы ауылдың шетіне қойылады, одан барып арбамен су тасу тіршілікті көп жеңілдете қоймайды. Енді біз осының тиімді жолын қарастырып жатырмыз. Орнатылған БМС-тен суды алып, болмағанда үлкен көшелер арқылы тартып, әрбір үйдің алдына колонка орнатуды көздеп отырмыз. Егер есігінің алдына су жететін болса тұрғындар өзінің үйіне кіргізіп алатын болады. Оған көп қаржы да кете қоймайды. Біз ауызсу мәселесін енді осылай шешпекпіз. Мен бұл саланы жақсы білем деп айта алам, – дейді аудан әкімі Алмат Ақышев.

Иә, сырты қоршалып, есігіне құлып салынған «БМС»-тің біразын біз де көріп қайтқан болатынбыз. Сонда тұрғындар түңіле тұрып, түкке пайдасы жоқ деп еді. Ендігі кезекте әкім өзі айтқанындай ел қажетіне жарата алса болғаны. Өзге де өзекті мәселелер баршылық. Алайда ауылдарды аралап үлгермеген әкім көп сұраққа әзір нақты жауап бере алмайтынын айтты. Десе де жыл соңына дейін ауданның барлық ауылын аралайтынын жеткізді.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button