Экология

Жылу орталығы «жасыл» технологияға қашан көшеді?

Кеше экология мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелев қатысты. Басқосуда өткен кеңесте қабылданған шешімдердің орындалуы және «АЕS Өскемен ЖЭО» кәсіпорнының қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстары талқыға салынды.

Жылу орталығы «жасыл» технологияға қашан көшеді?«Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС-нің директоры Геннадий Корешковтың айтуынша, өткен кеңестегі хаттамада көрсетілген кейбір ұйғарымдар іске асырылған, атап айтсақ, жанармай құю стансаларындағы сұйық отынды тексеру, бағдаршамдар жұмысы мен жол қозғалысын реттеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Қала ішіндегі жанармай стансаларының орналасуы бойынша заңбұзушылықтар табылмапты. Аталмыш хаттамадағы міндеттерді орындау жұмыстары биыл да жалғасады.

– Өскемен ЖЭО – 1947 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қалатүзуші кәсіпорын. Ол шығаратын азот диоксиді – аса улы зат, түрлі ауруларды туғызады. Күкірт диоксиді де сондай. Өскемен ЖЭО қаладағы жалғыз ғана ауаны ластаушы кәсіпорын емес, әрине. Дегенмен, азот диоксидін шығару бойынша ол бірінші, ал күкірт диоксидін шығару бойынша «Қазцинктен» кейінгі екінші орында тұр. Жылу орталығының қазандықтары Ресейдегі Кузнецк көмірін жағуға арналған. Бірақ 2001 жылдан бері кәсіпорын Қаражыра, Майкөбе көмірін жағуда. Бір қуантарлығы, кәсіпорында қазандықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде түтіндегі күлдің 99 пайызы сүзіліп келеді, – деді Геннадий Корешков.

«АЕS Өскемен ЖЭО» былтыр шамамен 4 тоннадан астам азот диоксиді мен 6 мың тоннадан астам күкірт диоксидін шығарған екен. Алдағы үш жылға кәсіпорын экологиялық мәселелерді шешу үшін 165 миллион теңге қарастыруда. Былтыр екі меморандумға қол қойып, орындаған. Бірақ Г.Корешковтың айтуына қарағанда, Өскемен ЖЭО шығарындылар көлемін қысқартуға қатысты алдына нақты міндеттер қоймай отыр, кәсіпорын бұл ретте қоғамдық ұйымдармен, БАҚ-пен тиісті деңгейде жұмыс істемейді, соңғы он жылда ешбір жаңа технологияларды енгізбеген.

Облыстық экология департаментінің бастығы Қанат Мұсапарбековтің мәліметінше, Өскемен ЖЭО улы заттарды ауаға шығаруды біршама ұлғайтқан. Мәселен, 2004 жылы олардың көлемі 10 мың тонна болса, 2012 жылы 12 мың тонна болыпты. Сондай-ақ, кәсіпорынның экологиялық іс-шаралары тиімділігімен ерекшеленбейді, құрал-жабдықтары да ескірген. Осыған орай, жылу орталығына қазандықтарды ауыстырып, «жасыл» технологияға көшу керек-ақ. Тіпті, қазандықтарда Қаражыра мен Майкөбе көмірін жағу да нормадан ауытқу болып табылады. Дей тұрғанмен, департамент басшысының айтуынша, AES Өскемен ЖЭО бүгінгі таңда қолданыстағы заң шеңберінде жұмыс істеп келеді.

Бұдан соң сөз алған Өскемен ЖЭО-ның атқарушы директоры Жәнібек Жұмаділов баяндамасында кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың дені өткен ғасырдың 60-80 жылдары жасалғанын жасырған жоқ. Алайда, ол алға қойып отырған басты міндеттері – экологиялық жағдайды жақсарту екенін баса айтты. 2005 жылы кәсіпорын Ертіске төгілетін қалдық судың көлемін қысқартып, 2009 жылы су тазарту құрылғысын орнатқан. 2012 жылға дейін барлық 9 қазандыққа газ сүзу қондырғысын қойып шыққан. Соның арқасында олар бір жылда 400 тонна азот диоксидін сүзіп, ауаға шығарылатын күл-түтінді екі есеге қысқартыпты.

– Жылу орталығы еліміз бойынша озық технологияларды қолдануда, күл сақтау орнымыз да заман талабына сай. Сонымен қоса, біз өз экологиялық міндеттерімізді түгелдей орындап келеміз. Жаз мезгілінде орталық жұмысының қарқыны бәсеңдейді, дәл сол кезде қала атмосферасында азот диоксиді де ұлғаяды. Бұл жайт кәсіпорынның шығарындылары қала экологиясына айтарлықтай зиян келтіріп отырмағанын аңғартады. Алдағы уақытта біз әрбір қазандыққа улы заттар мөлшерін нақты анықтайтын құрылғылар орнатпақпыз, – деді Ж.Жұмаділов.

Осы мәселе бойынша үйлестіру кеңесінің мүшелері кәсіпорынға заманауи технологияларға жылдам көшуді, улы заттарды есептеу құралдарын орнатуды және өзге де экологиялық маңызды іс-шараларды қолға алуды ұсынды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button