Жылу орталығы толық жаңғыртылатын болды
Риддер жылу электр орталығын толық қайта құру жұмыстары келер жылдың мамыр айында басталады. Бұл туралы қалаға іссапармен барған аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.
Орталықтың апатты жағдайда болған №5 қазандығындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосуға әзірлік басталды. Жалпы, қазір станцияда үш қазандық қалыпты жұмыс істеуде, желідегі температура – 75 градус.
– №5 қазандық іске қосылмайынша, артық жүктемеге жол бермейміз. Сол себепті қазір сегіз медициналық мекемеге Алматыда жасалған қосымша электр қазандықтары орнатылуда. Олар жүйедегі суды 100 градусқа дейін қыздыруға, әлеуметтік нысандарды ЖЭО-ға қосымша жүктеме түсірмей-ақ жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Желтоқсанның 15-іне дейін аталған жабдықтар барлық ауруханаларға, ал 23-іне дейін 4 білім мекемесіне орнатылады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде резервте болатын екі қазандықты жөндеу жоспарланған. Мамыр айында станцияны толық жаңғырту басталады. Қазір мазут пен көмірдің қажетті қоры бар, күн сайын 15 вагон қатты отын жеткізілуде.
Мұнымен қоса Риддерді қосымша жарықтандыру бойынша жоба әзірленуде. Автобус маршруттары өтетін және әлеуметтік нысандар орналасқан көшелердің бойына 2500 шам орнатылмақ.
Ержан Кеңесұлы