Жылу орталығы іркіліссіз істеп тұр
Риддер жылу электр орталығының тоқтаусыз істеп тұруына байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Бұл туралы орталықтың жаңа инвесторларымен кездесу барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
– Он күн ішінде орталықтың жаңа иелері жөндеу жұмыстарының кестесін ұсынуы, қажетті мамандардың және жабдықтардың тізімі мен санын көрсетуі қажет. 4-ші, 5-ші қазандықтарға, резервтік көмір беру трактісіне, өрттен зардап шеккен орталық ғимаратының өзіне ерекше назар аударуы шарт, – деп жазды Инстаграмдағы парақшасында Даниал Ахметов.
Барлық жабдықтар мен желілер күрделі жөндеуді қажет етеді, сондықтан кесте осы мәселелерді қамтуға тиіс. Станция қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайына да назар аудару маңызды, ол үшін аспирация және желдету жүйелерін жөндеу керек. Бұдан басқа, Қаражыра көмір кеніші алдындағы берешекті өтеу кестесін жасаған жөн.
– Риддердің барлық тұрғындарына зор алғыс айтамын! Қиын жағдайда дүрбелеңге салынбай, түсіністік танытты, – деген аймақ басшысы қала әкіміне жылу электр орталығының тоқтаусыз істеп тұруына байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастауға тапсырма берді.
Ержан Кеңесұлы