Тылсым дүние

Жыланнан айласын асырған дәуіт

Жыланнан айласын асырған дәуіт

Мен әскер қатарынан келісімен Буденновка сегіз жылдық мектебінде денешынықтыру пәнінен сабақ бердім. Арнайы білімім жоқ болса да, спорттың бірқатар түрінен разрядым бар еді. Содан болар міндетімді жеңіл атқардым. Аудандық спорт жарыстарында біздің мектеп жүлделі орындарды алып жүрді.
Біртіндеп ауыл жастарын да спортқа тарта бастадық. Волейбол командасын құрып, көрші ауылдармен жолдастық кездесулер, жарыстар өткізіп тұрдық. Алғашқы жарыс 1962 жылдың 1-ші мамырында болды. Бұған Бурабай, Қойтас, Теректібұлақ, Шірікаяқ ауылдарының командасы қатысты. Жарыс тартысты өтіп, ауыл адамдарының көңілінен шықты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын алған үш команда марапатталып, спортшылар мерекелік дастарқаннан дәм татып, разы-қош болып, ауылдарына қайтты.
Бұл кезде ауыл ақсақалдары, апа-әжелер арнайы тігілген киіз үйде отырды. Ал ашық аспан астына жайылған мерекелік кең дастақханға ауыл адамдары, мұғалімдер жайғасты. Мені, мектеп директоры П.Кошелевті ферма меңгерушісі Қабдуали аға киіз үйге шақырып алды. Біз келгенде ақсақалдардың назары шаңыраққа қарай өрлеп бара жатқан дәуітке ауа қалыпты. Сәл тыныштықтан кейін Иіс ақсақал: «Дәуіт киелі жәндік қой, бұл тегін жүрген жоқ. Бұйыртса, ауылға құт қонып, бағы жанады екен. Лайым солай болғай, амин!» деп бетін сипады. Баршамыз соны істедік. Одан кейін ақсақал бір әңгіме бастап кетті:
– Ертеде Саржомарт елінде Шұбар деген болыстың қыстауындағы қорасының ішкі төбесіне жылда екі қарлығаш ұя салып, балапан ұшырады екен. Қыстау иен емес. Жайлаудан қалған арық-тұрақ малдарды бағып бір отбасы жаздай осында болады. Бірде отағасының әйелі бауырсақ пісіріп отырса, қос қарлығаш әдеттен тыс шыж-шыж етіп, оның басын жанай өтіп, әрі-бері ұшып жүреді. Әйел бұған онша мән бермесе керек. Әп-сәтте олардың бұл әрекеттері тыйылып, тым-тырыс бола қалады. Сол кезде отынға кеткен отағасы да келеді. Әйелінен әлгі жайды ести сала қораға жүгіреді. Келсе, жеңді білектей қарашұбар жылан діңгек арқылы балапандар жатқан ұяға қарай өрмелеп барады екен. Жоғары қараса ұяның шетінде үлкен көгілдір дәуіт отыр. Жыланға тиіспей бақылап тұрған отағасы оның дерең етіп, құлап кеткенін көреді. Сөйтсе дәуіт оның екі көзін шығарып жіберіпті. Сол-ақ екен анандай жерде үнсіз отырған екі қарлығаш ерекше бір сыпайы қимылмен дәуіттің қасына кеп қонады. Аздан соң біреуі оны арқасына отырғызып, екіншісі демеп ұшып кетеді. Бұлар қорғаушыларын мекеніне жеткізіп тастап, балапандарына оралады. Міне, осы бір қас қағымдағы құпиялы көріністің сырын бүгінгі күнге дейін ешкім білмейді. Содан бері қазақтар дәуітті киелі жәндік дейді. Сондықтан оған тиіспейді, қиянат жасамайды деп ақсақал сөзін аяқтады. Ал мен болсам мына әңгімеден кейін осында болғаныма іштей риза боп отырдым.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button