Тылсым дүние

Жыланды өлтірген бай неге тақырға отырды?

Жыланды өлтірген бай неге тақырға отырды?

Қали Құсайынұлы ақсақал – шежіреші, әңгімешіл, қазақтың ауызша тарихының білгірі еді. Алпысыншы жылдардың басында ол кісімен Күршім ауданындағы Шірікаяқ селосында көрші тұрдым. Сол тұста ақсақалдың әңгімесін көп тыңдадым.
Естігендерімді көкейіме тоқып, қайсыбірін қағазға түсіріп жүрдім. Кейін Көкжарлы Көкжал Барақ, Күркебай мерген, Саржомарт Танаш батыр, Ақнайман Жаман батыр туралы дастандар жазғанда, солардың көмегі көп тиді.
Түсте мектептен қайтқан кезімде үйінің алдында отырған ақсақалға арнайы бұрылып, сәлем беру әдетке айналған. Бір күні сол әдетімше сәлем беріп, үйге бұрыла бергенімде ақсақалдың үйінен «жылан, жылан!» десіп, балалар жүгіріп шықты. Бұл шуды естіп қайта бұрылдым. «Қайда? қайда?» деп ақсақал да орнынан тұрды. Балаларға ілесе үйге кірсек, төргі үйдегі сырмақтың үстінде басын қақшитып, ұршықша иіріліп бір ақ жылан жатыр. Үйде тұрған темір көсеуді алдым да, жыланға ұмтылдым. Ақсақал өлтірме деп қолымнан ұстай алды. Одан әрі сол кісінің айтқанын істедік. Жыланды ебін тауып қышқышпен желкесінен қыстық та, басына сүт құйып, далаға шығарып, қоя бердік. Ақсақал ішінен дұғасын оқып, бетін сипады. Болар іс болды, бірақ біз мұның мәнісін түсінбей аңтарылып қалдық. Сөйтсек мұның өзі үлкен имандылықтың нышаны екен. Ақсақал жыланға байланысты бір әңгімесін айтты.
Ертеде Жетісу өңірінде Асылбек деген шылқыған бай болады. Бірде сол байдың алты қанат ақ үйіндегі бай-бәйбішенің құс төсегінде екі ақ жылан ешқандай кәперсіз ұйықтап жатады. Тыстан үйге кірген бәйбіше бұларды көріп баж ете түседі. Жүгірісіп келген қызметшілер серейіп жатқан бәйбіше мен құс төсектегі жыландарды көреді. Бұл жайды дереу қонақ үйде ақсақалдармен қымыз ішіп, түстеніп отырған байға хабарлайды. Байекең жау шапқандай айғайға басып, ордасына жүгіреді. Оның соңында бір топ нөкерлері. Олар алды-артына қарамай, қорғансыз екі жыланды шоқпардың астына алып, езгілеп тастайды. Бұл кезде бәйбіше де есін жиып, басын көтерген еді. Үрейлене төсекке қараса, бағанағы аждаћалар жоқ. О, ғажап, тіпті, әлгі жәбірленушілерден ешқандай белгі де қалмаған.
Бұл жайдың сырын ұқпаған байекең Қапалда тұратын бір оқымысты қари молданы алғызады. Жұртшылық алдында молданың айтқаны: «Байеке, бұлар – сіздің бойыңызда имандылық, адамгершілік құндылықтардың бар-жоғын сынау үшін Аллаћ тағаланың жылан кейпінде жіберген періштелері болатын. Мұның байыбына бармай, ағаттық жасапсыз. Енді құлшылық етіп, құдайы садақа беріңіз». Одан әрі ештеңе демей, дереу аттанып кетеді. Амал қанша, сараң бай молданың айтқанын істегісі келмей, қалай тақыр кедей болғанын да сезбей қалады. Айтпақшы, бағанағы ақсақал араша түскен ақ жылан бізден он қадамдай ұзағанда, айналасы көмескілене қалды. Әп-сәтте қайта сейілді, жыланды көре алмадық. Ал Қали ақсақал бала-шағасының қамқорлығына, жұртшылықтың құрметіне бөленіп, ұзақ өмір сүрді.

Советхан Қалиғожин

Осы айдарда

Back to top button