Жыл басынан бері 535 қасқыр атылды
Биыл облысымызда 535 қасқыр атып алынды. Соған қарамастан, түз тағысы ауыл шаруашылығын әлі де айтарлықтай зор шығынға ұшыратуда.
Мамандардың мәліметіне құлақ ассақ, осы уақытқа дейін жыртқыш 381 жылқы, 193 ірі қара, 39 марал және 894 ұсақ малды алқымнан алып, жайратып салған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар әлемін қорғау бөлімінің бастығы Арман Есентаев қасқырдың шабуылынан ең жиі зардап шегетін Зайсан, Зырян, Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай және Ұлан аудандарының халқы екенін айтады.
Көзі жойылған 535 қасқырдың 315-ін әуесқой аңшылар атып алыпты. Заңға сәйкес, былтыр қасқыр атқандарға 3 миллион 330 мың теңге көлемінде сыйақы берілген екен.
А.Есентаевтың айтуынша, жыртқыштарды ату науқаны әлі де жалғасуда. Әсіресе, мұндай жұмыс қар қалың түскен аудандарда тоқтаған емес. Себебі, бұл аудандарда көкжалдардың қорек таба алмай, ауыл малына шабу фактілері жиі орын алуда.