Жүз күнде он мың шұңқыр жамалады
Елімізде сапасы сын көтермейтін тас жолдардың көп екені көктемде белгілі болады. Қыс бойы қар-мұзбен бітеліп жататын шұрық-тесік жолдардың шындығы қар ерігенде ашылады. Еліміздің Жоғары аудиторлық палата өкілдері де тас жолдардың сапасыз екенін растап отыр. Бұл жағдайды жақсы білетін Өскемен қаласының әкімдігі «100 күнде 10 000 шұңқыр» акциясын бастаған болатын.
Тас жолдардағы тесіктің көптігі жол сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға бөлінген қаражатты игерудегі кемшіліктерге байланысты екенін Жоғары аудиторлық палата өкілдері анықтаған.
– Нарықтың отандық жол-құрылыс материалдарымен жеткілікті толықтырылмауы, битум сапасының нашар болуы және жолдарды салу мен жөндеудің өзіндік құнына әсер ететін жүк вагондарының жетіспеушілігі бар. Мысалы, 2021 жылы Ұлттық сапа орталығы жол битумының 1400-ден астам сынамасын зерттеген. Оның 300-і сапасы бойынша нормативтердің талаптарына сәйкес келмеді, – деген палатаның ақпаратын «Ұлыс медиа» сайты таратты.
Бұған дәлел мен айғақты алыстан іздеудің қажеті де шамалы. Өйткені Өскемен қаласы әкімдігі жариялаған акцияға қатысушылар суретке түсіріп жіберген шұңқырлардың саны ғана дәлел бола алатындай.
– Бұған дейін біз қала көшелерінде шұңқырларды жөндеу жұмыстарының басталғаны жайлы хабарлаған едік. Қазір мұндай жұмыстар бірнеше учаскеде жүргізіліп жатыр. Оның ішінде «100 күнде 10 000 шұңқыр» акциясы аясында тұрғындардың Telegram-бот арқылы белгілеген учаскелері де бар. Мердігерлерге өтінімдердің негізінде 58 тапсырыс-құжат жолданды (бұл жолдардағы 621 шұңқыр). Жөндеу жұмыстарының алғашқы күндерінде жоспардағы учаскелермен қатар 5 құжат (36 шұңқыр) орындалып қойды, – деп жазды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар жол жиегін көмкеруге арналған гүлзарлар да дайындалу үстінде екенін хабарлады. Бұл – әсем қаламыздың көркін асыра түсу үшін жасалып жатқан жұмыс.
– Биыл 19 учаскеде топырақ ауыстырылып, суару жүйесі жаңартылады. Қала бойынша суаратын құбырлардың жалпы ұзындығының 89%-ын ауыстыру жоспарланып отыр. Жұмыстар Нұрмағамбетов көшесінің тұсында Үлбі көпірінің алдындағы учаскеден басталды, – деді қала басшысы.
Алтай Ғали-Асқар