Жүйенің тиімді тұстары көп
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының мамандары тұрғындар жиі қоятын сұрақтарға жауап берді.
– Мен жекеменшік клиникада аяғыма ота жасатуды жоспарлап отырмын. Ол жерде отаны МӘМС есебінен жасауға болатынын айтты. Тек қажетті тексерулерді өз емханамнан өтуім үшін тізім берді. Мен өзім таңдаған жекеменшік медициналық орталыққа МӘМС аясында бара аламын ба?
- Иә, бара аласыз. МӘМС жүйесінің ыңғайлы тұсы осы, яғни медициналық қызметтерді алу үшін сіз медициналық ұйымды таңдай аласыз.
Емхана өз пациентін медициналық қызмет алу үшін бірлесіп орындау шартымен жұмыс істейтін медициналық ұйымға, сондай-ақ пациенттің өзі таңдаған ұйымға да жібере алады. Ең бастысы – бұл клиника Қор жеткізушілерінің базасында болуы қажет. Сіздің жағдайыңызда медициналық ұйым сізге МӘМС бойынша жұмыс істейтінін және сізді жолдама бойынша қабылдауға дайын екенін растап отыр. Сіз өз емханаңызда барлық қажетті тексерулерден өтуге құқығыңыз бар және емхана сізді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында сіз таңдаған медициналық орталықты көрсете отырып тіркеуге тиіс.
– Бірнеше күннен кейін мен өз емханамда күндізгі стационарға жатуым керек. Талдауларды жасаттым, «флюраны» өттім. Бірақ ЭКГ-ге кезек екі аптаға созылады екен. Күндізгі стационарға жатуым керек деген уәжім де ештеңе шешпеді. Олар ЭКГ-ны басқа жерде ақылы түрде өтуді ұсынды. Емхананың осылай істегені дұрыс па? Пациент не істеу керек?
– Медициналық ұйым белгілі бір медициналық қызметтерді көрсету үшін Қормен шарт жасаса отырып, өзіне оның талаптарын орындау бойынша міндеттемелерді алады. Қажетті дәрігерлердің, жабдықтардың және басқа факторлардың болмауы пациентке медициналық қызмет көрсетуді ұсынбаудың немесе кешіктірудің объективті себебі болып есептелмейді. Бұл жағдайда, егер емхана сізге күндізгі стационарға жатқызу үшін қажетті ЭКГ қызметін уақтылы ұсына алмаса, сізді бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жіберуге тиіс.
Пациент медициналық көмек қолжетімді болмаған жағдайда «Пациенттерді қолдау қызметіне» немесе тікелей осы медициналық ұйымның басшылығына шағымдана алады.
– Мені өз емханам қалалық ауруханаға МӘМС бойынша бейінді дәрігердің қарауына жіберді. Бұған дейін өзімнің учаскемде барлық қажетті талдауларды тапсырдым. Бірақ дәрігер кеңес беру кезінде алдымен барлық нәтижелерді қағазға басып шығарып, содан кейін ғана қабылдауға келуімді сұрады. Осы тұста дәрігер маған қорытынды беруден бас тарта ала ма? Егер менде медициналық ақпараттық жүйеге қолжетімділік болмаса (мен қарапайым телефонды қолданамын, онда арнайы мобильді қосымша жоқ) талдаулардың нәтижелерін қайдан аламын?
- ӘМС қорының медициналық қызметін жеткізушілерге қойылатын талаптардың бірі – медициналық ақпараттық жүйелердің болуы. Бұл – пациенттер алған барлық медициналық қызметтер электронды форматта жазылатын ақпараттық жүйелер. Аталмыш медициналық жазбалар дәрігерлер мен пациенттерге қолжетімді. Сіздің жағдайда МӘМС аясында медициналық қызмет көрсеткен дәрігер ақпараттық жүйеде өзіне қажетті барлық мәліметті көре алады және оларды қағазға басып шығарудың қажеті жоқ.
Мұндай даулы жағдайларда медициналық ұйымның «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіну керек.
Айта кетейік, пациент өзі пайдалану үшін немесе басқа клиникаларға ұсыну үшін қажет болса (мысалы, өздігінен жүгінген кезде), өз емханасында барлық сараптамаларды басып, шығарып беруді сұрауға құқылы.
– Біздің емханадағы аппарат бұзылып қалғандықтан рентгенге басқа емханаға жіберді. Оларға хабарлассаңыз, қағаз түріндегі жолдамасыз қабылдамайтындарын бірден ескертеді. Ал емхана оның электронды базада көрінетіндігіне сілтеме жасай отырып, жолдаманы қағазға шығарып берген жоқ. Егер олар қабылдаудан бас тартса, не істеймін?
– Пациентті бірлесіп орындау шарты бойынша басқа клиникаға жібереді. Олар жолдаманы онлайн көре алады, бірақ ақпараттық жүйелердің интеграциясы күнбе-күн болмай қалуы мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайларда емхана пациентті жедел қабылдау үшін жолдаманы қағаз түрінде көрсетуді сұрайды.
– Менің ұлым 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың соңы аралығында әскери қызметте болды. Жақында емханаға барсақ, ол жерде медициналық көмек көрсетуден бас тартты және әскерде қызмет еткен уақытындағы МӘМС үшін қарыздарын төлеуді талап етті. Бірақ мен оның ол кезде жеңілдік санатына кіргенін және мемлекет жарна төлеуі керек дедім. Осы жағдайда не істеу керек?
- Сіз дұрыс айтасыз, Еліміздің Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңі МӘМС жүйесінде жеңілдікті санатқа енеді. Әскери борышын өтеуші жарналар мен аударымдар жасамауы керек. Сарбаздар туралы деректерді қорғаныс органдары жібереді. Егер қандай да бір себептермен мәліметтер уақтылы жіберілмей қалса, берешек пайда болады.
Бұл жағдайда сіздің ұлыңыз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына берешекті жою туралы өтініш жазып, әскери билеттің сканерленген нұсқасын тіркеп, қызмет өткеру мерзімін растау арқылы оны мына электронды мекенжайға жіберуі керек: kanc@fms.kz.
Егер сіз берешекті төлеген болсаңыз, онда egov.kz мемлекеттік қызметі арқылы қате төленген жарналарды қайтаруға өтініш бере аласыз.
– Мен ресми түрде жеке компанияда жұмыс істеймін. Мен үшін МӘМС-қа аударымдар мен жарналар төленді. Бірақ мен жақында сақтандырылмағанымды білдім. Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы ЖСН бойынша тексеру кезінде мен шетелде оқыған кезеңнің бір бөлігі үшін қалыптасқан берешекті көрдім. Неліктен қалған оқу жылдары қарыз ретінде шықпайды? Мен не істеуім керек, осы көрсетілген айлар үшін төлем жасауым керек пе?
- Егер сіз шетелде күндізгі оқу бөлімінде оқысаңыз, онда осы кезеңде сіз халықтың жеңілдік санатында болдыңыз және сіз үшін МӘМС-қа мемлекет жарна төледі. Шетелде оқитын студенттің деректері ақпараттық жүйеде көрсетілуі үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі egov.kz электронды үкімет порталының «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» бөлімінде растайтын құжатты (оқу орнынан анықтама) қоса беру арқылы өтініш беру қажет болды. Әр семестрде жаңарту жүргізіледі. Шамасы, сол кезеңдердің бірінде сіз оқуды жалғастырғаныңызды растамағансыз, сол себепті мемлекет сіз үшін жарналарды төлемеген.
Қазір оқу кезеңіндегі берешекті өтеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына kanc@fms.kz пошта арқылы оқу кезеңіндегі берешекті жоюды сұрап, мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасы бар білім туралы құжатты қоса бере отырып, өз қолыңызбен жазылған өтінішті жолдау қажет. Тексеруден кейін берешек жойылады. Егер қалған кезеңдерде жарналар мен аударымдар төленген болса, сіздің мәртебеңіз «Сақтандырылған» болып өзгереді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары тұрғындарға өзге де сұрақтар туындаса, оларды өз емханасындағы «Пациенттерге қолдау көрсету қызметінің» өкілдеріне қоя алатындарын ескертеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш беру және сақтандыру мәртебесін тексеру арналары: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы egov.kz сайтының «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.
Айна Ескенқызы