Жүрек қалауымен таңдалатын мамандық
Айна Ескенқызы
Архив дегенде көбіміздің көз алдымызға шаң басқан сөрелер мен сарғайып кеткен құжаттар тігіндісі келеді. Өз өмірінде мұрағаттың қызметіне жүгінбеген адамдар жоқ шығар. Қыл аяғы зейнеткерлікке шығарда да кейбір құжаттар туралы анықтаманы осы мекемеден сұрастырамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев архив саласына ерекше назар аударып, көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті құрылып, 2020 жылдан бастап 22 желтоқсан ресми түрде архившілер күні болып бекітілді, «Архив саласының үздігі» төс белгісі тағайындалды. Президент өз Жолдауында көрсеткен жалақысы өсуі тиіс қызметшілердің арасында архившілер де бар.
Қоймаларда шаң түгілі тозаң да болмау керек
Ақиық ақын Мұқағали Мұқатаевтың «Біздерді де ойлайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табыламыз» деген өлең жолдарына бүгінгі таңда басқа қырынан қараймыз. Өйткені еліміздің тарихи шежіресін болсын, жеке адамдардың құжаттарын болсын сақтайтын қоймаларда шаң түгілі тозаң да болмауға тиіс. Ұйымдардың архивтерінде құжаттар он бес жыл сақталады. Одан кейін құнды, маңызды дегендері ғана мемлекеттік мұрағатқа өткізіледі. Кез келген архивте құжаттардың реттелуі мен сақталуына жіті көңіл бөлінеді. Өйткені құжаттар да «ауырып қалуы» мүмкін, не саңырауқұлақ жұқтырады, кейде қағаз жәндіктері пайда болады. Сол себепті архив ғимараттарының заманауи технологиялармен жабдықталып, бөлменің температурасы мен ылғалдылығы бір ғана құралмен реттеліп, қоймадағы құжаттарға сызат та түспеуі өте маңызды.
Еліміздің ең маңызды ақпараттары мен документтерін сақтайтын қойма Ұлттық архивтің қоймасы. Өңірлердегі ұйымдар мен мемлекеттік мұрағатқа жинақталған құжаттардың сақтау мерзімі біткенде, жоятындары жойылады, құнды жәдігерлер он бес жылдан кейін осы жерден орын табады.
Жуықта Астанада Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қолдауымен өткен, еліміздің түкпір-түкпірінен келген архившілер бас қосқан жиында құжаттардың жағдайы мен сақталу мәселелері биік мінберде көтерілді. Өкініштісі, мемлекеттік органдардың өзінде мұрағаттық құжаттардың барлық қоймалары талаптарға сәйкес келмейді. Мысалы, мұндай бөлмеде терезелер болмауы керек, құжаттарға күн сәулесі түспеуі керек. Алайда сол семинарда ведомстволық мұрағаттардағы құжаттар қапшықта сақталған немесе жай ғана еденде жайылып жатқаны туралы мысалдар келтірілді.
-Құжаттарды қоймада сақтаудың бекітілген нормалары, өз қағидалары бар. Өінішке орай, өңірлік мемлекеттік архивтерде де, ұйымның мұрағаттарында да сақтау жүйесі дұрыс жолға қойылмаған, өйткені жеткілікті қаражат бөлінбейді, қойма қажетті аспаптармен жабдықталмайды. Сақтау бөлмелерінің тиісті температура мен ылғалдылықты ұстап тұруын электронды түрде тексеретін құрылғылар көп жерде жоқ. Енді сондай жерде сақталған құжаттар бізге қандай күйде жетеді? Ұлттық архив қызметкерлеріне бізге жіберілген кейбір сондай құжаттарды өңдеумен, емдеумен айналысуға тура келеді. Құжаттар сөйлейді дейміз, яғни олар жанды, олар «ауырып» келеді, қағаз жәндіктері болуы мүмкін, сол себепті бірден қоймаға көтермейміз, шаңынан арылтамыз, екі апта аклиматизациядан өткіземіз, – дейді ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрланова.
Суретте ұлттық архивтің қоймасы
Жаңа ғимарат қажет
Облыстық мемлекеттік архив Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының ажырамас бөлігін құрайтын мұрағат құжаттарының қоймасы және оның өңіріміз бойынша төрт филиалы бар. Облыстық мемлекеттік архив қорларында 620 000-нан астам құжат қаттаулы, олар 3 610 қорда шоғырланған. Оның ішінде өңірімізге танымал тұлғалардың 79 жеке қоры бар. 19 000-нан астам аса құнды құжат, 7870 аудиовизуалды құжаттама, 13 680 ғылыми-техникалық құжаттама мұрағат қоймасынан орын алған.
Архив қоры тарихи, ғылыми және практикалық құндылығы бар құжаттармен жүйелі түрде толықтырылып отырады, олар аймағымыздың дамуының барлық аспектілерін қамтиды. Жыл сайын облыстың мемлекеттік архивіне сақтауға басқа мемлекеттік органдардан 5000 – 7000 сақтау бірлігі түседі. Қазіргі таңда өңірімізде 287 ұйым мемлекеттік мұрағатты жинақтау көздері болып табылады.
-Архив қорының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ “Архив-2025” мемлекеттік жобасының кешенді іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде құжаттарды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл мұрағаттық ақпаратты іздеуді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 5450 сақтау бірлігі цифрлық форматқа ауыстырылды. Ағымдағы жылы облыстың деректі мұрасын цифрландыру процесін жеделдету үшін планетарлық сканер сатып алынды. Ол құжаттарды тігістерінен шешпей-ақ цифрландыруға мүмкіндік береді, бұл әсіресе әбден тозып, үлбіреп тұрған документтерді сканерлеу кезінде өте қолайлы. Қазіргі уақытта мұрағат қорларын цифрландыру архив қызметінің негізгі бағыттарының бірі болғандықтан, 2023 жылы цифрлық форматқа ауыстыратын жоғары жылдамдықты сканер сатып алу жоспарлануда,- дейді Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив директорының орынбасары Елена Костина.
Елена Валерьевнаның айтуынша, сонымен қатар, жыл сайын мемлекеттік мұрағат қызметкерлері дезинфекциялық және реставрациялық өңдеуді қажет ететін істерді анықтап, олардың жай-күйін тексереді. Құжаттарды сақтау үшін оңтайлы жағдайлар жасау мақсатында сақтаудың температуралық-ылғалдылық режиміне бақылау жасалады, жәндіктердің пайда болмауы үшін мұрағат қоймаларының үй-жайларында санитарлық-гигиеналық тазалық жұмыстары жүргізіледі, мұрағат қорының сақталуын қамтамасыз ету үшін тозығы жеткен құжаттарды, өшіп бара жатқан мәтіндерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары үнемі жүргізілуде.
-Қазір біздің архивтің қоймалары лық толы. Арнайы мамандандырылған ғимараттың құрылысы туралы мәселе көтеріліп, осы мақсатқа әкімдіктің қаулысымен жер телімі де бөлінген. «Архив-2025» кешенді мемлекеттік жобасының аясында осындай ғимаратқа қол жеткіземіз бе деген үміттеміз. Жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлінеді деп тосып отырмыз, – деп қосты Елена Костина.
Барлығын кадр шешеді
Ұлттық архивтың директоры Сағила Есімсейітқызы архивист болу кез келген адамның қолынан келе бермейді, ол – мамандық емес, жүрек қалауымен іске асатын кәсіп деген пікірде. Архившілер жалақыларының төмендігіне қарамастан өз істеріне жан-тәндерімен беріліп, қызметтеріне асқан жауапкершілікпен қарайтын мамандар.
Сағила Нұрланова 23 жыл Президент әкімшілігінде құжаттамамен қамтамасыз ету жұмыстарын атқарып, архив ісі саласын жетік меңгеріп, қарапайым маманнан сектор меңгерушісіне дейін өскен білікті мемлекеттік қызметші. Сондай маңызды участокта жұмыс істеп жүргенде Ұлттық архивті басқару жөнінде ұсыныс түседі. Мықты мектептен өткен, көп жылғы тәжірибесі бар білікті маман Сағила Нұрланова 2020 жылы осы қызметке тағайындалып, архивтің жұмысына жаңа леп беріп, серпін ала келді. Әдістемелік ғылыми бағыттағы жұмыстарды жолға қойып, ұжыммен қарбалас жұмысқа кірісіп кетті. Былтыр Ұлттық архив алаңында ведомстволық және мемлекеттік архивистердің біліктілігін арттыру орталығын ашуға күш салды.
-Елімізде архивистерді даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Қазақ Ұлттық университеті ғана. Оны бітіргендердің арасында да осы мамандықта қалатындары некен-саяқ. Тағыламадан өтіп, практикаға келіп жүргенімен, диплом алған соң көпшілігі басқа салаға кетіп қалады. Жастардың санасында осы мамандыққа қызығушылық тудыру үшін жақсы мотивация жетіспейді. Өз бітімен ғылыми сараптама жүргізе алмайтын, өз қолымен істі тіге алмайтын қызметкер мен үшін нағыз архивист емес. Сондықтан біз практикалық сабақтар өткіземіз, қандай құжаттарды сақтау керек, ал қайсысын сақтамау керектігін, істерді қалай дұрыс тігу керектігін көрсетеміз. Біздің басты мақсатымыз – Ұлттық архив пен ведомстволық мұрағатшылар арасында тұрақты өзара іс-қимыл, байланыс орнату. Мемлекеттік органдардағы архившілер өз проблемаларымен жалғыз қалмауы маңызды. Өйткені, архивист мамандығы- бұл кәсіп емес, бұл жүректің таңдауы дер едім. Жалақының төмендігіне қарамастан, біздің мамандар жан дүниесімен беріліп, осы іспен айналысады. Құжаттар да, адамдар сияқты, үнемі назар мен қамқорлықты қажет етеді. Егер біздің мамандар бұл мәселеге немқұрайлы қараса, біз оны қалай шешер едік? – дейді Сағила Нұрланова.
Кадр мәселесін шешу мақсатында Ұлттық архивте біліктілікті арттыру орталығы жұмыс істейтінін жоғарыда жаздым. Биыл сол орталықта Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ге жуық архивист пен іс жүргізуші білімдерін ұштап, сертификат алып шықты. Архив жұмысының жандануына Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті көп қолдау көрсетіп келе жатқанын айта кеткен орынды.
Құжаттарды сақтау талаптары үнемі өзгеріп отырады. Кейбір құжаттарды қағазда сақтаудың қажеті жоқ, олардың бір бөлігі электронды форматта сақтауға ауыстырылады, ал басқалары электронды дискілерде және қағазда сақталады. Тіпті дамыған елдерде де маңызды құжаттар тек электронды түрде сақталмайды. Тұрақты сақтау мерзімі бар құжаттар әлі де қағазда сақталады және оның дұрыс сақталуына өте мұқият қарау керек.
Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ дейміз. Бағзы ғасырлардан бүгінге жеткен, бойына қаншама сырды бұғып жатқан тарихи құжаттарымызды көзінің қарашағындай сақтап, ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп келе жатқан архившілерді біз кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тілейміз!