Кәсіби мереке

Ширек ғасырда 26 мың адамды құтқарған

Оларды ерекше батылдықты, асқан төзімділік пен ептілікті қажет ететін мамандық иелері деп атайды. Өздері болса, біз бар болғаны азаматтық борышымызды өтеп, міндетімізді орындаймыз дейді. Иә, қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созу – олардың міндеті. 19 қазан – еліміздегі құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Биыл олар 25 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Әдетте бұл күні керемет мерекелік іс-шаралар өтпейді, әр маман, мейлі, ол сүңгуір, құтқарушы, кинолог немесе өрт сөндіруші болсын, қызмет орнында, кезекшілікте болады. Рас, облыстық төтенше жағдайлар департаментінде бірегей, ешкімге ұқсамайтын мамандық иелері, өз ісінің нағыз фанаттары еңбек етеді.

Мәселен, өрт сөндірушілердің есебінде ауыздықталған мыңдаған жалын, ондаған мың құтқарылған жан бар. Түтін жайлаған жертөле немесе қызыл жалынға оранған шатыр, жарылғалы тұрған газ баллоны… Кезекшілікке түскен кезде олар бұл күні қандай қиындықпен бетпе-бет келетінін әсте білмейді.

Құтқарушылар мен кинологтардың жұмысы да оңай емес. Қашан да адам баласына қауіп-қатер төнген жерден табылатын олар отқа да, суға да түсуге даяр. Бұл адамдар өзгенің өміріне араша түсіп, өз өмірін бәске тігуден тайынбайды.

Сол сияқты, айрықша шыдамдылық пен мықты денсаулықты қажет ететін сүңгуір мамандығы да тәуекелге толы.

Ал өртті мемлекеттік бақылау бөлімінің инспекторлары нағыз еңбекқор жандар десек қателеспеспіз. Олар күн сайын өртпен күреске бағытталған ауқымды жұмыс атқарады. Олар үшін қызыл жалынды ауыздықтау емес, оның алдын алу маңызды. Инспектордың басты міндеті – ескі сым, дұрыс салынбаған пеш салдарынан орын алуы мүмкін жазатайым оқиғаларға жол бермеу. Инспектор апаттың алдын алу және нысандарды тексеруден өзге әкімшілік істерді де қарастырады, азаматтардың өрт қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты арыз-шағымдарымен жұмыс істейді. Біле білген жанға бұл жұмыс құрылыс, техника, химия, автоматика мен әкімшілік құқық саласында да терең білімді қажет етеді.

– Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары инспектордың жұмысы туралы көп айта бермейді, себебі онда елең еткізетін әсерлі оқиға жоқ. Дегенмен, қала мен ауылда өрт сөндіру көліктерінің дабылдары естілмесе, инспектор жұмысының тиімділігі, міне, осында. Ең маңыздысы да – осы, – дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Марина Лискова.

Ал азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары су тасқыны мен шомылу маусымында, сондай-ақ, өзге де оқыс оқиға кезінде көмекке келуге әзір.

Департаментке қарасты диспетчерлік қызмет мамандарының жұмысы да аса жауапты, сабырлық пен салқынқандылықты талап етеді. Диспетчерлер нағыз психологтар десек те артық айтпағанымыз, себебі олар қиын жағдайға тап болған адаммен бірінші болып тілдеседі, оны сабырға шақырады.

Сондай-ақ өрт сынақ зертханасы қызметкерлерінің де жұмысы тынымсыз. Зертхана маманы өрттің себебін жылдам, ізін суытпай анықтауы қажет.

Иә, адам өміріне араша түсу – қанмен келетін қасиет десе де болады. Бүгінде сіз бен біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жүрген, қашан да көмекке келуге дайын тұратын мамандық иелеріне қандай мақтау айтсақ та жарасады.

– Шығыс Қазақстанның жері сан алуан, мұнда тау да, орман да, көл де, шөл де бар. Сондай-ақ облысымызда ірі өндірістік нысандар да көп. Әрине, оның бәріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – оңай шаруа емес. Бізден қар көшкіні, боран, ауа температурасының күрт өзгеруі, дауыл, нөсер жауын, су тасқыны, көктайғақ, жер сілкіну, орман мен дала өрттері дегеннің бәрін кездестіруге болады. Сондықтан да Төтенше жағдай министрлігінің Шығыс Қазақстан гарнизоны республикадағы ең үлкен гарнизон саналады. Бүгінде мұнда екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – нағыз өз ісінің шеберлері шоғырланған орын. Бүгінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қолында «Ледокол» мен «Пегас» кемелері,  «Шерп», «Трэкол», «Нива-марш», жол талғамайтын көліктері, шынжыр табанды сүйреткіштер, құтқару катерлері мен 240-тан астам өрт сөндіру көлігі бар, – деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Марина Лискова.

Негізі, ширек ғасырда облысымызда 26 мыңнан астам адам құтқарылып, түрлі апат аймағынан 50 мыңдай жерлесіміз шығарылған екен. 25 жылда өңірдің құтқарушылары 164 мыңға жуық шақыртуға шығып, түрлі апат салдарын жоюға көмектескен. Облыстық ТЖД қызметкерлерінің басты жетістіктері деп, міне, осыны айтуға болар.

Ширек ғасырда департамент мамандарының спорт саласында жеткен жетістіктері де аз емес екен. Жерлестеріміз өрт сөндіру-құтқару спорты, гір спорты, байдаркамен ескек есу, фристайл, кикбоксинг пен дзюдодан бірнеше мәрте Қазақстан, Азия және Әлем чемпионы не жүлдегері атанған.

Гарнизонда өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. 2014 жылы облысымызда республика көлеміндегі алғашқы жас құтқарушылар мектебі ашылған-ды. Бүгінде аталған білім мекемесінде 517 бала оқып жатыр. Алты жыл ішінде мектептің тәрбиеленушілері республикалықты қойып, халықаралық сайыстардың жүрдегерлері атанып үлгерді. Мәселен, 2014 жылы жас құтқарушылар командасы Сочидегі екінші халықаралық жарыста екінші орынды иеленсе, келесі жылы «Қазспас» халықаралық жарысында үшінші орыннан көрінді.

Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған құтқарушылар да назардан тыс қалған емес. Мысалы, 2018 жылы департаменттің бастамасымен қайтыс болған әріптестеріне арналған стела бой көтеріпті.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button