Денсаулық сақтау

Жүрек ауруларына бөлінетін қаржы көбейді

Айна Ескенқызы

Өңірде қазір 200 мыңға жуық пациент диспансерлік есепте тұр. 2022 жылдың жеті айында облыста 16 331 адам жүрек-қан айналымы ауруы бойынша скринингтен өтті. 246 адамда дерттің қаупі анықталса, 145 адам диспансерлік есепке алынған. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2022 жылдың 8 айында қан айналымы жүйесі ауруларынан госпитальдық өлім-жітім 75%-ға азайды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының Facebook әлеуметтік желісіндегі алаңда өткен тікелей эфирде облыстың штаттан тыс бас кардиологы Наталья Полторанина осындай мәліметтер келтірді.

Айта кетейік, бас кардиолог денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаның өңірде жүзеге асуына жауапты. Денсаулық сақтау сарапшысының айтуынша, сондай-ақ жіті миокард инфарктісінен стационарда қайтыс болу көрсеткіші де төмендеді. Мысалы, өлім-жітім 2022 жылдың 8 айында ғана 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43%-ға азайған. Наталья Полторанина скринингке көп көңіл бөлу керектігін баса айтты.

– Бұл әсіресе жүректің ишемиялық ауруы бар адамдарға қатысты. Жоспарлы тексерулер және тексерулерді уақтылы жүргізу, науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді бақылау, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кабинеттерінің жұмысы, басқа да шаралар есебінен өлім көрсеткіштерін төмендету көзделіп отыр, – деп атап өтті Наталья Полторанина.

Бас кардиолог сонымен қатар жүрек ауруларына шалдыққан шығысқазақстандықтардың МӘМС аясында қандай көмек алатынына егжей-тегжейлі тоқталды.

– МӘСҚ шеңберінде біздің пациенттер учаскелік дәрігерден білікті кеңес алуға ғана емес, сонымен қатар қажетті мамандардың қабылдауына баруға, жан-жақты тексерілуге құқылы, оған холтер-мониторинг, эхо-кардиография, өңеш-эхо-кардиография, коронарография, стенттеу сияқты зерттеулер кіреді. Облыста МӘМС аясында  жүрек клапанын ауыстыру бойынша аз инвазивті операциялар қолжетімді, – деп атап өтті спикер.

Облыста науқастарды МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы жолға қойылған.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді және біз артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, клапандарды протездеуден кейінгі жағдай, аортокоронарлық шунттау, ырғақтың бұзылуы сияқты қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын пациенттердің барынша көп санын қамтуға тырысамыз. Тіпті өкпе гипертензиясы, жүрек ақаулары сияқты ауыр ауруларды біз МӘМС аясында қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеміз, – деп нақтылады облыстың штаттан тыс бас кардиологы.

Осы айдарда

Back to top button