Денсаулық сақтау

Жүректерге жылу сыйлаған \”Жүрек\”

Жүректерге жылу сыйлаған "Жүрек"


Ел арасында айтыла-айтыла құлағымызға әбден сіңісті боп кеткен «Денсаулық – зор байлық» деген сөз тіркесі бар. Бұл тіркеске құлақ етіміздің үйреніп кеткендігі соншалық, кейде осы сөздің мағынасына мән де бермейміз.

АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ

Ал енді алда-жалда басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттылардың көмегіне жүгінбей тағы тұра алмаймыз. Солардың ақыл-кеңесін тыңдаймыз, жазып берген дәрі-дәрмегін ішеміз дегендей. Осындайда ойыңа «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – деген халық сөзі оралады. Бірақ бұған да мән беріп жатқандар шамалы. Әсіресе біздің қазекең, сырқаты әбден асқынып, барар жер, басар тауы қалмағанда ғана, оның өзінде он ойланып, тоқсан толғанып, ақыры дәрігерге қаралуға келісімін береді. Құдды, оның денсаулығы өзі үшін емес, біреу үшін керек секілді.
Ал өзге жұрт өйтпейді екен. Олар ауырмай тұрып, «Осы менің қан қысымым қалай, жүрегімнің соғысы, бауырым мен бүйрегімнің жұмыс істеуі, тағы да басқа ағзаларым, ана жерім, мына жерім дұрыс па?» – деп, алдын ала тексеріліп, дәрігерден әне-мінені тәптіштеп тұрып сұрап ап, өз-өздерін күтіп-баптайтын көрінеді.

Шемонайха қаласындағы Валерий Рошков басқаратын «Жүрек» деп аталатын «Диагностикалық – кеңес орталығы» дәл осы, өз денсаулығы үшін алаңдайтын, қайдағы-жайдағы ауру-сырқаудың алдын алуға қам жасайтындарға таптырмайтын мекеменің бірегейі. Онда келген адамдардың жас-кәрісі орталықтың ақылы қызмет көрсететіндігіне қарамастан қандарын тапсырып, қысымдарын өлшетіп, жүрек соғыстарын тексертіп, тіпті салмақтарына дейін өлшетіп, дер кезінде денсаулықтарын кәдімгідей медициналық байқаудан өткізіп тұрады.

Шағын ғана отбасылық орталық 2012 жылы ашылған көрінеді. Жалпы, 2008 жылға дейін бұл ғимаратта отбасылық-дәрігерлік (СВА) амбулатория болған екен. Содан олар белгісіз себептермен жұмыстарын тоқтатып, бөлмелері біраз уақыт бос қалады. Міне, осы тұста іздегенге, сұраған демекші «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қол ұшын беріп қазіргі кабинеттерді Рошковтар отбасы сатып алады. Кәсіпкерлікті қолдау палатасының қолдауының арқасында кепілді субсидиямен біраз қаражат алып, өздеріне тиесілі кабинеттердің барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті медициналық жабдықтармен жабдықтайды. Міне, содан бері мұнда Рошковтар әулеті және өзге де кәсіби медицина мамандары аудан жұртшылығына қызмет көрсетуде. Бас дәрігер Валерий Анатолийұлы Ресейдегі Томск медициналық институтының түлегі. Институттың емдеу факультетін ойдағыдай тәмамдаған жас маман сол кездегі қалыптасқан талап-тәртіп бойынша үш жылға облыстық ауруханаға жұмысқа қалдырылады.

– Ол кезде заң солай, оқу бітірген жас маман міндетті түрде екі-үш жыл оқу орнының бөлген жеріне барып тәжірибе жинақтап, шыңдалудан өтетін. Сонда жүріп қосымша мануальды терапияны меңгере бастадым. Мануальды терапия медицинаның қисайған омыртқаларды қалпына келтіріп, түзету саласына жатады, – дейді бас дәрігер. – Біз мемлекет қамқорлығындағы медициналық мекемелерге бәсекелес емеспіз. «Не істесек те солардан асырып, солардікінен жақсы етіп істеуіміз керек» – деп, алдымызға мақсат та, міндет те қойған емеспіз. Олай дейтінім, қазір заман да, адамдар да өзгерген. Кез келген ем алушы немесе дәрігерлік кеңесті қажет еткен адам мемлекеттік мекемеге барып қарала ма болмаса, жекеменшік клиниканы қалай ма, өз еркінде. Ешкімге «сен анда бар, болмаса мұнда кел» – деуге қақымыз да жоқ. Біздің алға қойған мақсатымыз да, өзімізге жүктеп отырған міндетіміз де айқын. Ол – таңдауы бізге түскен адамдарды жарқын қабақпен қарсы алып, нақты диагнозын қойып, қажетті дәрігерлік кеңес беру. Әрмен қарай не істеп не қою, қайда барып, қалай емделуді клиент өзі шешеді. Бюджет қарамағындағы медициналық мекемелер көбінесе тегін қызмет көрсететіні рас. Өйткені олардың барлық шыққан шығындары мемлекеттің мойнында. Солай бола тұра, біздің орталықтың қызметін таңдайтындар саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны қуантады.

ЕНДІГІ МАҚСАТ – ЕГДЕ ЖАНДАРҒА ПАНСИОНАТ АШУ

Өскеменде облыс жұртшылығына танымал боп қалған «Олимп» деген зертхана бар. «Жүрек» орталығы солармен келісімшартқа отырған көрінеді. Оларға өз ғимараттарынан жалға кабинет беріп, екіжақты келісім бойынша жұмыс істеп жатқандарына да біраз уақыт болып қапты.

– Бұл бір жағынан бізге қаралуға келетіндерге, әсіресе жасы ұлғайған адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға өте қолайлы, – деп сөзге бас дәрігердің орынбасары әрі жұбайы Татьяна Рошкова араласты. – Бұрын анализ өткізу үшін басқа медициналық мекемелерге шапқылайтын. Қазір барлығын осы жерде тындыра салады. Өзімізде жоқ мамандарды келісімшарт арқылы Өскемен, Семей қалаларынан шақыртамыз. Тіпті, күрделі мәселелер туындайтын жағдай болса, Алматы, Астанадағы білікті мамандардың кеңесіне, солардың көмегіне жүгінеміз. Бір сөзбен айтқанда, алдымызға келген адамға «Біз мұны білмеуші едік» – дегенге саятын дәрменсіздік танытпауымыз керек. Өйткені олар бізден дертіне шипа іздеп, ертеңіне үміт артып келеді.

Мекеме жекеменшік болғасын, отырған орындарының ай сайынғы коммуналдық төлемдері мен тиісті салығы бар. Одан қалса орталықта қызмет етіп жатқан 30 адамның ай сайынғы жалақысы мен алатын дәрі-дәрмектері, басқа да қажеттіліктер және бар. Ал оның барлығын біреу төлеп бермейтіні белгілі. Сондықтан Рошковтардың диагностикалық-кеңес орталықтары былтырдан бері бюджетке бекітілуді көздеп жүрген көрінеді. Оны бекітетін облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Өткен жылы да конкурсқа қатысыпты. Өкінішке қарай, клиниканың тұрақты тізіміне тіркелген адам саны талапқа сай екі мыңға сәл ғана жетпей қалғандықтан конкурстан өтпей қалыпты. Енді биылғы конкурсқа үміт артып отырған көрінеді.

– Егер біздің мекеме бюджетке бекітілер болса, онда бюджеттік медициналық мекемелерге баратын барлық аудан тұрғындары автоматты түрде бізге қаралар еді де, біз оларға бюджеттің есебінен ақы-пұлсыз тегін қызмет көрсетер едік, – деп қазіргі күні мазалап жүрген мәселесімен бөліскен бас дәрігер болашақ жоспарларын да жайып салды.

Олар қазіргі тұрып жатқан ғимараттың үшінші, төртінші және бесінші қабаттарындағы бос қалған біраз бөлмеге көз тігіп жүрген көрінеді. Ондағы ойлары, әкімдіктің келісімін ала отырып, болашақта осы бөлмелерді де сатып алса, қатырып тұрып жөндеу жүргізіп, жасы келген, күтімсіз қалған жандарға арналған стационарлы пансионат ашпақ. Ал әзірге күндізгі стационарда орталықтың жүрек дәрігері, балалар неврологы, педиатрлар, гинекологтар мен құлақ, көз дәрігерлері емделушілерге өз қызметтерін көрсетуде. Орталық өздеріндегі мамандардан бөлек, облыстық диагностикалық орталықтан невролог, эндокринолог және уролог дәрігерлерді де арнайы шақыртып тұрады екен. Ал оларға тұрғындар алдын ала жазылу арқылы кіре алады. Өткен жылы медициналық сертификат алған мекеме биылдан бастап бюджет қызметкерлерін де қабылдап, тіпті сырқаттарға ауырғандығын растайтын (больничный лист) қағаз беруге де рұқсат алыпты.

– Ендігі бір шешімін таппай тұрған мәселе – флюорографиялық кабинет, – дейді Валерий Анатолийұлы. – Рентген кабинетін жабдықтау үшін ертеректен белгіленген стандартқа сай 30 шаршы метр аумағы бар бөлме қажет. Қазір Қытайда жасалатын сондай аппараттардың қазіргі заман талабына сай цифрлы түрлері де бар көрінеді. Осы сала мамандарының айтуларынша, олар әлгінде айтқан пәлен шаршы метр аумақты да қажет етпейді. Бәрі экран арқылы сырқаттың өзіне де көрсетіліп, тіпті жүріп-тұра алмайтын жандардың үйлеріне барып та рентгенге түсіруге өте қолайлы екен.

«Қалауын тапса, қар жанар» – деген. Жоқтан бар жасап, мұқым бір ауданның 50 мыңға жуық халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған «Жүрек» диагностикалық-кеңес орталығы осылайша сыздап ауырған талай жүректерге жылу шашып, көпшіліктің алғысына бөленуде.

Ел игілігіне арналған шапағатты істеріне түсіністікпен қарап, дер кезінде жан-жақты қолдау білдіріп отырған орталықтың аудан басшыларына да айтар алғыстары шексіз.

Жүректерге жылу сыйлаған "Жүрек"

Серік Құсанбаев
Шемонайха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button