Жорға торы
Тау іші еді. Маусым ортасы. Ай қараңғы болатын. Жанатбек торы бестісін сипай қамшылап, ауық-ауық тебініп келеді.
Жорға торы – бозбала Жанаттың ең сенімді серігі. Небір алай-дүлей боран мен жауын-шашында жолда қалдырып көрген емес. Үстінде су төгілмес жорға. Тайпалған тамаша жүрісіне бола іргелес ауылдардағы атсейіс шалдар неше мәрте құда түсті. Жанатбек бәсіресін өлсе де айырбастамасы анық еді.
Шалдармен екі сөздің біріне тоқталған емес. Тек сол бір Төкен шалдың келуінен сескенгені бар. Өйткені атқұмар шалдың көзінің сұғы бар дегенді ауыл жұртшылығы жиі айтатын.
Одан бері бірнеше күн өтіп, Жанат жорғасын төгілтіп, көрші ауылдарды қыдыруға аттанған. Жолай бірнеше жолдастарын ерте шыққан. Сол сауықтан қайтқан беттері осы. Жанаттардың ауылы Қызылтас тауын айнала қонғандықтан, өзгелері бергі бетте қалып, бұл жалғыз келе жатыр еді. Күн бойында жорғасының жүрісіне риза болған. Кәнігі жарап тұрған күйі. Бірнеше күн алдындағы Төкен шалдан секем алғаным бекершілік екен-ау деп ойлаған. Бірақ Қызылтастың аңғарларына ене бере жорға торы кенет жүрісінен жаңылды. Аяғын тарта басып келеді. Бұған дейін күн-түнді елемей, желдей есетін есті жануар тосырқай аяңдап, осқырынуы көбейді. Сол-ақ екен кілт тоқтап, қорс етті де, шоршып түсті. Жанатбектің де жүрегі тас төбесіне шыққан. Көкірегін сойқан суық сезім тіліп өтті. Алдында әйел адамның жалаңаш мүрдесі жатыр екен. Тура жарқырап жатыр. Қол-аяғы дірілдей бастаған бозбала әлдене уақытта есін қайта жиып алды. Астындағы атын кеуде тұстан үш қайтара тартып жіберді де, тебіне жүрді. Даңғаза күйде жетті үйіне.
Ертеңінде Жанатбек хан сәскенің күміс баулы найзасы шаңырақтан түсіп, төрдегі кебеженің кесек сүйегіне шаншылғанда барып оянды. Шайдан кейін арғы беттегі жолдасына баратын шаруасы есіне түсіп, торыны ерттей бастады. Кешегі жағдайды мүлдем ұмытып кеткендей еді. Атын ерттеп жатып, жал-құйрығының өріліп қалғанын көрді. Сәл көз тоқтатқаны болмаса, аса мән бермеді бұған. Тек жолға шыға жорғасының кешегідей тасырқай басып келе жатқанын байқады. Үш күн, үш түн мал айдаған аттай әл-дәрмені құрып келеді екен. Кербез қалпын жоғалтып, мойынын төмен сала берді. Жанатбек те ұнжырғасы түсіп қайтты. Келген бойда торыны отқа қойып, үйге кіріп кетіп, сол беті шықпай жатты. Тек алакөңілденіп іңір енгенде, атын үй маңына әкеліп арқандады. Содан тағы үйде жатты. Жорғасына не болғанын білмей дал болды. Үйдегілерге айтудың да жөні жоқ.
Мимырт ойда ұзақ жатқан Жанатбектің ұйқысы қашайын деді. Астынан су шыққандай дөңбекшіген соң, еріксіз тысқа беттеді. Көз ұшында жорға торы тұрды. Ұзақ қадалып тұр еді, кенет торы бесті әлдекімнің жетегіне еріп жүре берді. Көзге көрінген ешкім жоқ. Енді арқан бойымен шеңбер жасап, шаба жөнелді. Жанатбек не қыларын білмеді. Жақындауға да жүрегі дауаламады. Есі ауа үйге кіріп, кірпік қақпай жатты. Ұзақ ойланды, ертең қалай да Төкен шалға апарып көрсету керек. Соған бекінді.
Таң сәріде тұрып, торының жанына келді. Тағы да дел-салданып, сүмірейіп тұр екен. Жайшылықта жанарында ойнап тұратын жасын жоқ. Ақыры ерттеп мінді. Төкен шалдың ауылын бетке алып келеді. Жүрісі мандымады. Жол ортада жорға торы шабына шоқ түскендей шамырқанып, тік қарғыды. Сосын Жанатбекке тізгін бермей, өз бетімен басын ала қашты. Өз бетімен емес, көзге көрінбейтін әлдекімнің соңынан ілесіп барады. Жанатбекке ат үстінен қарғып түспеске болмады. Тұла бойы мұздап, аттың соңынан баруға әлдене жібермеді. Қарап тұрды. Қарап тұрып, жал-құйрығының өріліп қалғанын көрді. Сөйткен жорға торы ғайыптың жетегінде кете барды. Жанатбек жынданудың аз-ақ алдында ауылына оралды. Жағдайды баян еткен, ауылдастары оның сөзіне сенбеді. Жанат енді өзіне-өзі сенбеске айналды.
Жорға торының қайда кеткені, кім ертіп кеткені сол күйі жұмбақ болып қалды. Ауыл үлкендері жал-құйрығының өріліп, жүрісі шалдығуы жын мініп тастағаннан болады деп жорамал айтқан. Кім білсін? Одан біраз уақыт өткенде ауыл жігіттері Жанатбектің бестісін әлдебір ауылдан көрдік деп жүрді. Ауылдың біраз адамы түн уағында түзге шыққанда торы бестінің Жанатбектердің қорасының маңына келіп тұрғанын көргендерін таңданыспен айтқан. Дәл сол торы жорғаны ақ көйлекті қыз мініп, өрісті дүбірлетіп, алыстан шауып өтті деп қойшылар кеңесіп жүрді. Ал Жанатбек дүбәрә күйде. Ұзақ уақыт, жорғаны әлдекім жетелеп бара жатқанда құлағына келген «ақ сайтан» деген сөзді қайталаумен болды.
Оразай Жеңісұлы