Жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр
Риддер жылу электр орталығының көмір беру трактісін қалпына келтіру жұмыстары үзіліссіз жүріп жатыр.
22 адамнан тұратын бригадалар бір-бірін алмастыруда, нақты кестеге сай әркім өз учаскесі мен жұмысына жауап береді. Жұмысқа жылу станцияларының, құрылыс фирмаларының және «Казцинк» компаниясының үздік еңбеккерлері тартылған.
«Барлық жұмыс бір минутқа да тоқтаған емес, мұны нақты уақыт режимінде, яғни сағат 22-де түсірілген бейнетүсірілімнен көруге болады. Сондай-ақ қазандықтарға көмір салу үшін кран орнаттық. Жүйедегі температураны көтеру үшін мазутқа ішінара қатты отынды қосып отырмыз. Өзім атап өткендей, үшінші күннің соңында тракт жұмысы қалпына келтірілетін болады», деп жазды облыс әкімі Инстаграмдағы ресми парақшасында.
Жылу орталығындағы жұмыстарды толығымен облыс әкімінің орынбасары басқаруда, станцияға иелерінің ешқайсысы да келген емес.
Ержан Кеңесұлы