Өзекті

Жолдардың қысқа әзірлігі қандай?

Облыстағы жолдардың қысқа дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Бірақ аймақ басшысы бұл көрсеткіштің жеткіліксіз екенін айтады.

Облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде есеп берген жолаушы көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов аймақтағы жолдар мен елді мекендер көшелерін қысқы мерзімде күтіп-ұстауға 1,7 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар қолда 800-ден астам техника бар.

– Қазір жол шетіндегі шөп-бұталар қырқылып, қар ұстауыш қалқандар жөнделуде, жол бойындағы су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің асты тазартылып, жол белгілері жаңартылуда. Мұнымен қоса жанармай қоры әзірленіп, жылыту бекеттерінің дайындығы пысықталып жатыр, – деді басқарма басшысы.

Облыстық дәрежедегі жолдарда 116 қар тазалаушы техника жұмыс істейтін болады, олардың 85 пайызы әзір. 500 тоннадан астам көктайғаққа себетін құм дайындалған, алайда бұл қажетті мөлшердің 20 пайызы ғана. Басқарма басшысы ай соңына дейін оның жүз пайызға жететінін айтты. Өңірдегі төрт жылыту бекеті жолда қалған адамдарды қабылдауға сақадай сай көрінеді.

Қыста барлық жолдарда кезекшілік ұйымдастырылмақ. Оның кестесі бекітілген. Қыс түсе басқарма мамандары жолдардағы жағдайлар туралы ақпарат жинай бастайды. Мәселен, «ОблысШығысЖол» кәсіпорнында осы іспен шұғылданатын жедел жасақ құрылған. Жалпы, төтенше жағдай кезіндегі әкімдіктердің, полицияның, құтқарушылардың іс-әрекеті бір жүйеге келтірілген.

– Аудандық жолдарды және елді мекендердің көшелерін қыста күтіп-ұстауға 800 миллионнан астам теңге қаржы және 500-ден астам техника қарастырылған. Дайындық деңгейі – 95 пайыз, – деді Нұржан Жұмаділов.

Қысқа жолдардың әзірлігі жаман емес секілді, десек те облыс әкімі баяндалған мәліметтерге сыни көзқарас танытты.

– Жыл сайын Байбура асуын қар алып қалады. Биыл да дәл сондай жағдайдың қайталанары сөзсіз. Бірақ осы жол дер кезінде жабылмай, көліктер асуға таяған кезде кептеліп жатады. Жолдарды алдын ала жабуға болмай ма?! Ол үшін не қажет? Кінәлілер кім? – деді Даниал Ахметов осы ретте.

Аймақ басшысының бұл сауалына сала мамандары тұшымды жауап бере алмай қиналды.

– Мәселені болдырмау қажет. Егер қаржылай көмек керек болса, айтыңыздар. Жұмысшылар немесе байланыс құралдары жетпей жатса, тауып береміз, – деген облыс әкімі сала басшыларынан он күн ішінде борандардағы көлік тығындарының алдын алу мақсатында жолдарды дер кезінде жабудың амал-тәсілдерін ұсынуды тапсырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button