Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Жолаушыларға жайлы автокөліктер

Облыс әкімі  Семей қаласына  кезекті жұмыс сапары барысында «СемАЗ» зауытында болған еді. Аймақ басшысы осында жаңадан шығарылып жатқан, мектеп оқушыларына арналған 20 орындық арнайы автобустарды арнайы барып көрді. Автобустың салонында оқушылар отыратын орындықтармен қатар, жоғары жағына сөмкелер қоюға арналған орындар да ескерілген.

– Өткен жылы аудан мектептерін аралап жүріп, біраз  ауылдардағы мектептерде балаларды тасымалдайтын автобустардың жоқ екендігін көрген едім, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. – Содан облыстық білім басқармасына тапсырма бердім. Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында балаларды мектепке тасымалдайтын автобусы жоқ білім ордалары болса, анықтап, тізімін жасайды. Содан кейін біз осы автобустар қажет мектептерге тапсыратын боламыз. «Автобус жоқ» деген мәселені біржолата шешеміз.  Осылайша, өткен жылдан бастап бұл мәселені тезірек қолға алу керектігін түсіндім. Бұл көліктер оқушылардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін өте қажет. Олардың  жақсы оқып, үлгілі оқушы болулары, пандемия кезінде денсаулықтарын сақтауы үшін берілетін болады.

Сегіз мектепке автобус берілді

 Айта кету керек, бұдан біраз бұрын Семей маңындағы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болды.  Семейде бірден сегіз мектеп ұжымына қала әкімі Ермак Сәлімов автобус кілттерін табыс етті. Мектеп директорларының бірі Тоқтарбек Зейнелов ауыл балаларына жасалып отырған қамқорлық үшін облыс басшылығына  ризашылығын білдірді. Бұл мектептер ішінде №10, 21, 34 және Озерка, Бұлақ, Пригород, Шақаман ауылдарының білім ошақтары бар.

– Әсіресе, ауыл балалары үшін мектепке қатынау енді қолайлы болады, бұрындары ескі автобус жиі сынып қалатын, оқушыларды жеткізу үшін көлік іздейтінбіз. Енді міне, бұл мәселе оңтайлы шешілді, – дейді тұрғын Арынбек Нұртаев.

– Ауылмен бірге қала мектептері де автобуспен қамтылып жатыр, – деді ұстаз Нұржан Әбеуов. – Бұл да бір игі қуаныш. Бұрындары әсіресе төменгі сынып оқушыларын, театр, цирк, музей сияқты мәдени орындарға жеткізу үшін онсыз да толып тұратын қала ішіндегі автобустарға 30-40 баламен кіретінбіз. Енді міне, бұл олқылықтың орны толтырылды.

Әрине, әзірше Семей маңының мектептері тиісті автобустармен қамтылғанмен, алдағы уақытта облыстың өзге өңірлеріне де мектеп автобустарын жеткізіп беру мәселесі тұр. Ал «СемАЗ» зауыты Семей қаласын автобуспен қамтуда озық тұрған кәсіпорын. Қала ішіне қатынайтын заманауи қоғамдық көліктерді аталмыш зауытқа қарасты, отандық «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС жасап шығарады.

Естеріңізде болса, 2018 жылы Үкімет автобус тасымалдарын дамыту бойынша кешенді бағдарлама қабылдаған болатын. Осыған орай Семей қаласының автобус паркін жаңарту үшін 170 автобус сатып алуға жеңілдікті лизинг ашылған. Жобаның жалпы құны  4 млрд. теңгеден асады. Осыдан екі жыл бұрын Семей тұрғындары қала бойынша қатынайтын ескі автобустар мен бұзылған жолдар мәселесін көтерген еді. Бүгінде қала жолдары қалпына келтіріліп, кеңейтілді. Жаңадан шығарылған жайлы автобустар қатынауда. Тұрғын үйлер салу қарқыны артып келеді. Қала автобустарының 90%-ы жаңартылды. Бұл шаралардың барлығы да халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. «СемАз» зауытының бас директоры Әсемқан Досқұжановтың айтуынша, қала ішіне қатынайтын барлық автобустар арнайы пандустармен жабдықталған.

Жүргізуші Игорь Степанец бір жылдай жаңа автобус жүргізіп келеді, ол автобустың жолаушылар мен жүргізушілерге ыңғайлы екенін айтады.  Семей қаласының тұрғындары атынан ол аймақ басшысына шынайы ризашылығын да білдірді:

– Бүгінде біздің туған қаламызда әдемі, таза, жайлы автобустар жүретіні өте жақсы. Әрине, бұл облыс әкімінің үлкен еңбегі, – деді Игорь Степанец.

Мүгедек жандардың жағдайы да ескерілді

Айта кету керек, облыс басшысы «СемАЗ» зауытына барған кезде, жақын уақытта облыс орталығының жолдарында жүретін жаңа автобустардың тағы бір түрімен танысқан болатын. Мүгедек адамдарға арналған автобустар болғандықтан, мұнда олардың қалауы ескерілген.

– Жуық арада біз Қазақстан даму банкімен бірлескен жұмысты аяқтаймыз және 3,5 млрд. теңгенің автобустары Өскемен қаласына мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға беріледі. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды ешкім сыртқа итеріп тастамауы керек. Оларды қамқорлыққа алуымыз қажет. Бұған мемлекет тікелей ықпал етеді, – деп атап көрсетті облыс әкімі.

Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта «Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы керек» деп нақты тапсырма берген болатын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық – бүкіл әлемде қолға алынған шаруа. Бұл тек жеке бір мүдделі топтың жұмысы емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осыған орай облыс әкімдігі біршама жобаларды қолға алып, іске асыруда.

Айта кету керек, бұдан сәл ғана бұрын Семейде жедел жәрдем көліктері де табысталған болатын. Мектеп оқушылары мен мүгедек жандарға арналған автобустармен танысқан облыс әкімі осы жедел жәрдем көліктері туралы да айтып өтті.

 

Жедел жәрдем көрсетіледі

Бүгінде облыстың санитарлық автокөлік парктері осында шығарылған 60 жаңа жедел жәрдем көліктерімен толығып отыр. Аймақ басшысы облыстың қалалары мен аудандарындағы барлық жедел жәрдем бөлімдеріне жыл аяғына дейін жол тартатын бұл отандық көліктерге де оң бағасын берді.

«СемАЗ» басшылығының айтуынша, бүгінгі таңда бұл жерде 60 көлік дайын, оның 40-ы Өскеменге жіберілген.

«Коронавирус кезінде жедел жәрдем көліктері медициналық қызмет сапасын жақсарта түсетіні рас. Біз олардың науқастарға қысқа уақыт ішінде жедел жетуін қамтамасыз етуіміз керек», – дейді зауыт басшылығы.

Айтуларынша, жуықта тағы 40 көлік дайын болмақ. Олардың барлығы Семей қаласының жедел жәрдем бөліміне беріледі. Жыл соңына дейін басқа аудандарды да жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етпек. Бұл шаралар індетпен күресте аса маңызды. Жедел жәрдем көліктері барлық халықаралық стандарттарға сай. Олар шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған өкпені жасанды желдету аппараттарымен (ӨЖЖ), ЭКГ, дефибрилляторлармен, пульсоксиметрлермен, медициналық төсеммен және басқа да қажетті аппараттармен толық жабдықталған.

Ағымдағы жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарға жалпы саны 216 жедел жәрдем көлігі жеткізіледі. Сондай-ақ Риддер қаласы, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Глубокое, Абай, Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Шемонайха аудандарының шалғай ауылдарындағы тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау ұйымдарына 10 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, шұғыл түрде жеткізіліпті.

Тұрмыстық қалдықтар қайта өңделеді

«СемАЗ» зауыты осылайша көптеген игі істердің ұйтқысы болуда. Мәселен, жақын уақытта өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін екі зауыт ашылады екен. Оларға қажетті техника да осы зауытта жасалады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда Еуропа қайта құру және даму банкімен Өскемен мен Семейде қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттар ашу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Бұл үшін арнайы техникалар қажет. Осыған орай, «СемАЗ» зауытының басшылығы арнайы техникалар дайындайды және қытайлық серіктестерімен жұмыс істейтін болады. Қазіргі кезде зауытта жұмыс қызу жүріп жатыр. Техникалар жақын арада дайын болады. Отандық техникалардың сапасы шетелдік техникалардан кем болмауына барлық талап қойылған. Бағдарламаға сәйкес қоқыс қалдықтарын қайта өңдейтін зауытты техникамен қамтамасыз ету Семейде нақты қолға алынбақ.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button