«Дидардың» қонағы

Жолаушы Тұрдығұлов, шебер: Алғашқы домбырамды әскерде жүрген кезде жасадым

Жолаушы Тұрдығұлов, шебер: Алғашқы домбырамды әскерде жүрген кезде жасадым

Марқакөл өңірінің тумасы, бүгінде Алматы қаласының тұрғыны Жолаушы Тұрдығұлов – ұлттық аспап жасаудың хас шебері. Ел таныған шебердің қолынан шыққан қоңыр домбыралармен Қайрат Байбосынов, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Асылбек Еңсепов, Алтынбек Қоразбаев сынды өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, күмбірлете күй төгіп жүр. Жақында шебермен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Алғашқы домбырамды әскерде болған кезде жасадым

– Жолаушы аға, Сізді домбыра жасаушы шебер ғана емес, суретші, әнші, күйші ретінде де жақсы танимыз. Әуелдегі мамандығыңыз қандай?

– Мектеп кезінде-ақ сурет салуға әуес болдым. Әуелдегі арманым да суретші болу еді. Содан 1974 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, халық театрының қоюшы-суретшісі мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап шықтым. Еңбек жолымды туған жерім Марқакөл ауданының мәдениет үйінде қоюшы-суретші болып бастадым. Кейіннен Алматы қаласына қоныс аударып, өнер саласында көп жылдар қызмет еттім. Құдайға шүкір, жеткен жетістіктерім аз емес.

– Маңдайалды домбыраңыздың жасалу тарихы да бар шығар…

– Мектеп бітіргеннен кейін бұрынғы Самар ауданында жүргізуші курсын тәмамдадым да, Приморье өлкесіне әскерге аттандым. Ауылдан алыс шықпаған бала үшін ол жақ жердің түбіндей көрінді. Тамыр-таныс жоқ. Сөйтіп жүргенде біздің бөлімге Қожахан Дәуменұлы деген жігіт келді. Өзі әнші, домбыраны да әжептәуір шертеді екен. Екеуіміз дос болып кеттік. Не де болса осы Қожаханнан домбыра тартуды үйренсем деп ойладым. Осы кезде санама домбыра жасау туралы ой келді. Бірақ, домбыра жасай қоятындай құрал-сайман жоқ. «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, бір бөлімнен балта, пышақ сұрап алып, домбыра жасауға білек сыбана кірістім. Қожахан ақылын айтып отырды. Бір ай дегенде алғашқы домбырамды жасап шығардым-ау. Қуанышымда шек жоқ. Қожахан әлгі домбырамен сол күні Қиыр Шығысты халық әндеріне бөлегендей болды. Кейін әскерден қайтарда алғашқы домбырамды Қожаханға қалдырып кеттім. Әскерден келгеннен кейін, ол ата-бабасынан қалған көне домбырасын маған сыйлады. Көне домбыра әлі күнге дейін сақтаулы.

– Сіздің қолыңыздан шыққан домбыралар өз басыңызға ғана емес, өзге де өнер иелеріне жеңіс, жетістік сыйлады. Осы жөнінде айтып берсеңіз…

– 2001 жылы жас күйші Мұрагер Сауранбаев Голливудта өткен халқаралық өнер фестивалінде мен жасап берген домбырасынан күй төгіп, «Алтын жұлдыз» жүлдесін жеңіп алды. Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген «Ұлытау» тобы да Голливудта өткен бір байқауда күмбірлете күй ойнап, Гран-приді қанжығаларына байлаған еді. Әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың айтуынша, Иран-Ғайыптың өлеңіне жазылған «Ән-қалқа» әнін мен жасаған домбыраны тартып отырып шығарыпты.

– Сіздің жасаған домбыраңызды жанынан бір елі тастамайтын Асылбек Еңсепов «Бүгінгі таңдағы шыққан биігім мен қол жеткен табыстарыма Жолаушы ағамның қосқан үлесі көп» деп айтып жүреді екен. Сіздің жасаған домбыраларыңыз тағы қандай өнерпаздардың қолында жүр?

– Бекболат Тілеуханов, Абдулхамит Райымбергенов, Майра Ілиясова, Жанар Айжанова, Мақпал Жүнісова сынды атақты әнші-күйшілер мен жасаған домбыралармен өнер көрсетіп жүр.

Жолаушы Тұрдығұлов, шебер: Алғашқы домбырамды әскерде жүрген кезде жасадым

«Алтын қобыз» сыйлығының тұңғыш жүлдегері

– Ұлтымыздың құдіретті аспабы – домбыра жасаудың арқасында қандай биіктерді бағындырдыңыз?

– Тәубе деймін. Шүкіршілік етемін. 1992 жылы «Үкілі домбыра» байқауында 3-орын, 1994 жылы 1-орын, 1998 жылы Құрманғазы Сағырбаев атындағы IV республикалық «Үкілі домбыра» байқауында бірінші орынды жеңіп алдым. Ұлттық өнерімізге барынша үлес қосуға тырысып келемін. Осы еңбегім ескеріліп, 2005 жылы «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. 2006 жылы «Дана қобыз» бәйгесінде бас жүлде мен «Алтын қобыз» сыйлығын тұңғыш рет иелендім.

– Қазақтың ұлттық аспаптарына жаңаша бір сарын, жаңаша бір үн қостыңыз десек, артық айтпаған болармыз. Ізіңізді басып келе жатқан шәкірттеріңіздің ішінде Шығыстан бар ма?

– Шығыстағы шәкірттерімнің бірі, бірі емес, бірегейі – Амангелді Смағұлов. Ол – әр аспапты асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен нақышына келтіріп жасайтын нағыз шебердің өзі. Бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Былтыр республикалық «Үкілі домбыра» байқауында үшінші орынды иеленіп қайтты. Ақсуат ауылының тумасы Ерасыл Уәлиев «Үкілі домбыра» байқауының дипломанты атанды. Негізінен, шәкірттерімнің көбі – Алматы өңірінің жігіттері. Біз жетпеген жетістіктерге солар жетсін деп тілеймін.

– Еліміздегі әншілердің көбі заманның талабына қарай эстрадаға бет бұрып, ұлттық аспаптарды ұмытып бара жатқан сияқты көрінеді кейде. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өз басым жаңашылдыққа қарсы емеспін. Өмір ағымына қарай жаңашылдық болуы керек. Бірақ, ұлттық аспаптарымызды ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Бұрындары домбыраның он екі ішегі болған екен. Келе-келе екі ішегі қалды. Сол екі ішектен құлақтың құрышын қандыратын күйлер төгіліп жүр. Сол екі ішектің арқасында әндер шырқалады. Құдірет те – сол екі ішекте. Айтайын дегенім, қандай жаңашылдық болса да, халық өзі сұрыптайды. Халыққа жаққаны қалады, жақпағаны жоғалады.

– Жер-жерлерде домбыра жасаушы шеберлер жоқ емес, бар. Бірақ, домбыра жасауды білгенімен. домбырада ойнауды білмейтіндер де кездеседі. Олардың домбырасы қаншалықты сапалы болып шығады?

– Олар домбыраны қанша жақсы жасағанымен, үлкен жетістіктерге жете алмайды. Бір деңгейде қала береді. Өйткені, шебер ағаштан шығатын әуенді сезуі керек. Сондықтан да, домбыра жасаушылар міндетті түрде домбырада ойнауды меңгеруі тиіс.

Жолаушылап жүргенде дүниеге келгендіктен, атымды Жолаушы қойыпты

– Бүгінде шеберліктің шыңын бағындырған Жолаушы ағамыздың балалық шағына, туған жеріне саяхат жасап қайтсақ қайтеді…

– Әңгімені әріден бастайын. 1950 жылдары көктемнің бір күнінде шешем Шәмшия толғатып, Қарашілік ауылынан Теректіге қарай ат шанамен жолға шығыпты. Тізгінде нағашы атам Еңсе ақсақал екен. Әкем сол кезде Қарашілікте шопан, малға қарап үйде қалыпты. Содан қас қарая Теректіге жеткеннен кейін, туған-туыс қарсы алып, үйлеріне жайғастырыпты. Ертесінде ағайындар атама амандаса келіп, үйлеріне қонаққа шақырған екен. Шешем болса, ауруханаға баруды ертеңге қалдырып, әкесімен бірге қонаққа барады. Сөйтіп, сол үйде қонақ болып отырғанда, шешем толғатып, дүниеге мен келіппін. Нағашы атам қуанып, жолаушылап жүріп дүниеге келді деп, есімімді Жолаушы қойыпты.
Балалық шағым Марқа өңірінде өтті. Отбасымызда сегіз қыз, екі ұлмыз. Барлығымыз да мектеп кезінен ән салып, домбыра тартуға әуес болдық. Әке-шешеміз болса, қысы-жазы мал шаруасында жүрді. Әкем орта бойлы, мығым денелі, балуан адам болған. Жайлауда өтетін тойларда жауырыны жерге тимей белдесіп, күресіп жүретін. Жүйріктерін бәйгеге қосқанда, атқа мені отырғызатын еді. Сол сайыстарда талай мәрте бас бәйгені қанжығаға байладым.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Ұлттық аспаптар жасайтын шеберлерді неғұрлым көбірек дайындауымыз керек. Біз жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен деп тілеймін әркез. Ендігі жоспарым – үлкен шеберхана ашу. Сонымен қатар, жоғалып кеткен қазақтың музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Және де атам қазақ пайдаланған малдың ішегін сапалы етіп пайдалануды жүзеге асырсақ деген ой бар.

– Әңгімеңізге рақмет. Өзіңізге шығармашылық табыс, зор шабыт тілейміз!

Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы

Тақырыпқа тұздық

Археологиялық қазба жұмыстарына, тасқа түскен ескерткіштерге, зерттеулерге сүйенер болсақ, домбыраның пайда болуы көне түркі дәуірінен бастау алады.
Алғашқы домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі – Алтай тауы болып саналады. Домбыра тектес көне саз аспабы – Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған музыкалық аспап екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында көне түріктің руна жазуы бар. Аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі көне түркі ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ.
Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Саз аспабындағы жазуды алғаш оқыған – берлиндік түркітанушы ғалым Питер Сайм. Тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлының аудармасы бойынша аспаптың мойнында «Жұпар күй әуені бізді сүйсіндірді» деп жазылған. Саз аспабының жазу үлгісінің негізінде Қ. Сартқожаұлы бұл жәдігерді біздің заманымыздың 5-6 ғасырына жатқызады.

Осы айдарда

Back to top button